Елорда ақсақалдарының үндеуі
Құрметті Қазақ елі!
Біз, Нұр-Сұлтан қаласының ақсақалдар қауымы – «Елорда билер кеңесі» ҚБ, «Тарихи ата-жұрт» ҚБ мүшелері бүгінгі ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесіне және қоғамдағы кейбір жастарымыздың өзгелерге еліктеймін деп, ұлттық болмысынан айырылып, ұлт құндылығынан безіп, ана тілін ұмытып, діні мен ділінен ажырап, жаттың мәдениетін үлгі тұтып, азғындап бара жатқанына қатты алаңдаймыз. Шынын айту керек, күні кешегі діни жат ағым өкілдерінің әрекеті араласып кеткен «Қаңтар қасіреті» халқымыздың қабырғасын қайыстырып, елімізді дүрліктіріп, мемлекет тыныштығын бұзды. Қаншама жас қыршынынан қиылып, қанша ана зарлап қалды…
Бұл рухани азғындықтың ауыр салдары өскелең ұрпақ тәрбиесіне жіті қарау керектігімізді ұқтырды. Бұл оқиға ұрпағының болашағын, елінің ертеңіне алаңдайтын аға буынның барлығына ой салды.
Біз кім болдық? Кімге айналдық? Ел егемендігін алғанына 30 жыл өтсе де, біз ұлтты ұйыстыратын, жастарға үлгі-өнеге болатын Ұлттық идеологияны қалыптастыра алмадық. Тіпті атадан балаға мұра болған бабалар аманатына қиянат жасап, өткенімізге қолымызды бір сілтеп, қолда бардан айырылып, ұрпақаралық сабақтастықты жоғалттық. Ниетіміз тарылып, пиғылымыз бұзылды. Берекеміз қашып, бірлігімізге сына қағылды. Елдік деңгейден ойлаудан қалып, рулық, тайпалық тар шеңберден шыға алмай жүрміз. 30 жыл ішінде жалған ұраншылдық, даңғазалық, науқаншылық белең алды. Аты дардай, ісі жұрдай елімізде мыңдаған мекемелер, орталықтар, қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық институттар осы күнге дейін мемлекеттің қазынасын оңды-солды шашып, халыққа пайдасы тиетіндей нәтижелі жұмыс атқарған жоқ. Жүгенсіздікке бой алдырып, жауапкершілікті сезінбей, немқұрайлылыққа етіміз үйренгені соншалықты – ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөле алмадық. Біз «болары болып, бояуы сіңгенмен» күресіп, болмашыға малданып жүрміз. Ал бұл «ушығып кеткен» рухани кеселді емдемейді де, алдын да алмайды. Мұндай ұлттың тамырына балта шабатын әрекеттерді бүгін тоқтатпасақ, ертеңгі ұрпақ біз жіберген қателікті кешірмейді.
Осы тұрғыда бізге өткенімізді дұрыстап саралап, салқын ақылмен, салиқалы сабырмен жіберген қателіктерімізді мойындап, Қазақстанның жаңа кезеңінде ұлттық рухымызды тірілтіп, өшкенімізді қайта жағып, қазақтың өзіне тән ұлттық болмысын қайтаруымыз керек. Ол үшін қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын сақтайтын, Қазақстан халқын ұйыстыратын ұлттық идеология қажет. Себебі мемлекет ұлтты қалыптастырмайды, ұлт мемлекетті қалыптастырады. Мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ ұлтының заманауи бейнесін қалыптастырып, қазақ отбасының озық моделін жасап, отбасы институтының мәртебесін көтерсек, бүгінгі қоғамның дертіне айналған өзекті көп мәселелердің түйіні шешіліп, өскелең ұрпаққа, жастарға рухани-өнегелік тәрбие беріліп «Жаңа Қазақстанда» еліміздің өркендері сөзсіз. Сонда ғана киелі қазақ жеріне тағдырдың айдауымен келген халықтарға құшағын жайып, соңғы нанын бөліп берген қонақжай, мейірбан, дархан мінезді қазақ халқын елімізде тұрып жатқан 130-дан астам түрлі этнос өкілдері жаңа қырынан танып, ұлт тарихына, тіліне, діліне, мәдениетіне құрметпен қарап, өздеріне үлгі-өнеге алады. Нәтижесінде «Бір ел – бір тіл» идеясының аясында барша Қазақстан халқы қазақтың қасиетті қара шаңырағының астына жиналып, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, ырысы мен несібесі артқан біртұтас рухы биік ұлтқа, мықты кемел мемлекетке айналады.
Осы кезде қазақтың мұңын мұңдап, жоғын түгендейтін ұлттық жобалар қажет-ақ. Біз бірнеше жылдан бері балабақшалар мен білім ордаларына ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп «Ертегі – ел ертеңі» жобасы аясында ертегі оқып, «Ұрпақ. Құндылық. Болашақ» тақырыбында дәріс беріп, «Жас Отау» жобасы аясында отбасы институтының құлдырауының алдын алып, қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын «жұмсақ саясат» арқылы дәріптеп, қолдану аясын халықаралық деңгейге шығару мақсатында «QAZAQ alemi» орталығын, қоғамдағы ең өзекті тақырыпты қозғайтын «Ана алақаны» жобасы, ел ертеңі болар өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ұлт тарихына, ата жұртына, ата тегіне, ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятатын «Сарыжайлау» этноауылын іске асырып жатқан Тұрар Сәттарқызы, Алтынай Тәңірберген сынды қазақтың аналары бастаған «Қара шаңырақ» атты ұлттық тәрбие беру мектебінің атқарып жатқан жұмысына таңғалдық, қуандық, көңіліміз толды.
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасы 2019 жылы Сарыарқа ауданы әкімінің қолдауымен жарыққа шығып, содан бері талай тәрбиелік мәні зор, игі істер атқарғандығына куәміз. Үлкенді-кішілі жұмыстарын айтпағанда, маусым айында Елорда жұртшылығын дүр сілкіндірген, баһадүр атамыз Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі этногроф жазушы Зейнеп Ахметованың Елордамызда тұңғыш рет, осындай үлкен деңгейдегі рухани кездесуінің өтуіне мұрындық болды және ұйымдастырып өткізді. Екі күн бойы рухани азыққа сусап қалған, 2 мыңға жуық қала жұртшылығы, қонақтар, «Үркер» тұрғын үй алабының тұрғындары кездесуге жиналды.
Идеологияға жауапты құзырлы мекемелердің атқаратын жұмысын осындай қазақтың ұлтын шын сүйетін, нағыз жанашыр рухты қыз-келіншектері кейбір еркек атаулылар көтере алмайтын ауыр жүкті – бабалар аманатын иықтарына арқалап, ұрпақ болашағы үшін ешкімнен атақ-марапат күтпей, жанкештілікпен еңбек етіп жүр.
Мың өліп, мың тірілген қазақ жаңа кезеңге бастау алды. Халық биліктен ұлт болашағына оң ықпал ететін нақты әрекеттерді, батыл шешімдерді күтеді. Сондықтан Қазақстанның жаңа кезеңіне нағыз Ұлттық жаңғыруды нақты іске асырып жүрген, қазақтың иісі аңқып тұрған «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі сияқты ұлттық жобалар ауадай қажет. Ұрпақ тәрбиесінің билік үшін де, халық үшін де жүгі ауыр. Бүгінгі бала, ертеңгі қоғамның бір бөлшегі, мемлекеттің азаматы. Сондықтан да ертеңгі ел азаматын тәрбиелеу – қоғамның да, мемлекеттің де жауапты міндеті. Билік те, халық та 30 жыл бойы жалғасқан, қоғамға рухани кесел болған жалаң ұраншылықтан арылып, халық қазынасының қыруар қаражатын оңды-солды шашып жатқан «Күлтөбенің басында күнде жиынды» өткізіп, нәтижесіз құр талқылдауды қойып, жалған есеп үшін жұмыс істемей «ҰЛТ БОЛАШАҒЫ» деген арқамызға жүктелген жауапты міндетті бірлесе жұмыла көтеріп, кейінгі ұрпаққа тұғырлы тәуелсіздігі бар, кемел мемлекет қалдыруға қарекет етуіміз керек.
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі Қазақ елінің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда жүзеге асып, күллі қазақ халқының үнін жеткізіп, күрмеуі шешілмеген қиын мәселелерді шешуге атсалысып жүр. Бірақ, «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, бүгінде «Қара шаңырақ» бар, бірақ оның «уығы» жоқ, «іргесі» жоқ! Қара шаңырақтың мән-мағынасын ұғатын қазақ үшін бұл ауыр сын. Мұндай Қара шаңырақ бола ма?
Құрметті Қазақ елі! Жаны жайсаң, жомарт жандар! Билік басындағы ер-азаматтар! Бәріміздің сыналатын шағымызда мұндай Ұлт үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, шырылдап жүрген осындай қазақтың қыздары – ҰЛТ АНАЛАРЫН қолдамағанда, кімді қолдаймыз? Берекеміз қашып, бірлігімізге сыналған уақытта бәріміз рулық, тайпалық тар шеңберден шығып, елдік, ұлттық деңгейде ойлайтын уақыт жетті. Қоғамдағы ұрпақ тәрбиесіне қатысты шешімін таппаған өзекті мәселелердің барлығын қамтитын жан-жақты бағыттары бар «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі кең қанат жайып, өзінің алға қойған мүдде-мақсатына жетуі үшін барлығымыздың тарапымыздан қолдау-көмек қажет. Біріншіден, өзінің жеке ғимараты болуы керек. Екіншіден, осындай ұлт үшін маңызы зор ұлттық жоба мемлекеттік идеологияға айналып, мемлекет тарапынан қаржылық қолдау тауып, толығымен іске асып, республикаға таралуы керек. Сонда ғана «Қара шаңырақтың» шаңырағы шайқалмай, керегесі кең, уығы мығым болып, барша Қазақ елін бір шаңырақтың астына ұйыстырады. Осылайша, ұлтымыздың өткен тарихи-тағылымды істерінен үлгі-өнеге ала отырып, оны жаңа заманның талабымен сабақтастырып, бүгінгі «Жаңа Қазақстандағы» заманауи қазақтың озық бейнесін қалыптастыратынымыз сөзсіз.
Құрметпен, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие мектебінің жанашырлары, ақсақалдар қауымы – «Елорда билер кеңесі» ҚБ, «Тарихи ата-жұрт» ҚБ мүшелері:
1. Ералы Әнуарбек
2. Үзбен Құрманбайұлы
3. Өтеген Айшуақов
4. Қажымұрат Нәсиұлы
5. Оспан Сүлеймен қажы.
6. Жұмашәріп Шаһадатұлы
7. Өркен Нәсіпбекұлы
8. Қаламшәріп Шаһадатұлы
9. Амангелді Мәукенов
10. Манап Бектасұлы
11. Асанхан Ысқақ
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жанашырлары:
12. Сәуле Мешітбайқызы
13. Айгүл Елшібаева
14. Қанат Естек
15. Айдын Окаұлы
16. Ғылымхал Манай
17. Зарина Әшірбек
19. Сандуғаш Нұрқанова
19. Алмас Сырғабай
20. Ардаби Мәулет
21. Аягөз Нұрсұлтан
22. Әсел Мүбәракқызы
23. Мадина Қуандық
24. Зәуре Жүсіп
25. Базаргүл Үмбетова
26. Баян Шайгозова
27. Бахтияр Қожахметов
28. Ақбота Хамитова
29. Венера Мұратқызы
30. Гүлзәбира Шәуенова
31. Роза Асанова
32. Дархан Қамаш
33. Гүлнұр Сапарбек
34. Амандық Әмірхамзин
35. Зәмзәгүл Кенжеахметова
36. Зарина Москау
37. Зәкия Ахайқызы
38. Күләш Қайланқызы
39. Гүлмира Шрахметова
40. Лимана Құттыбекқызы
41. Марат Орналдин
42. Эльмира Абдукамалова
43. Гүлсара Мұқашова
44. Алма Сайлауқызы
45. Азамат Кеңесұлы
46. Жеңіс Атайұлы
47. Бақтыгүл Қабдешқызы
48. Зиба Кемел
49. Нәзір Сүлеймен
50. Болат Ұзақов
51. Бердібек Хабай
52. Амандық Әмірхамзин
53. Жәрия Қабылқызы
54. Гүлдана Өтегенова
55. Ақмарал Мәлкейқызы
56. Майра Рахымбаева
57. Самал Ботақанқызы
58. Лейля Мухлесқызы
59. Айзада Жайыққызы
60. Баян Алиқызы
61. Айгүл Рақметқызы
62. Динара Садуақова
63. Гүлнара Омарбайқызы
64. Замира Должнаева
65. Бақытгүл Тәуекелқызы
66. Ерлан Мұратұлы
67. Дана Кемел
68. Салават Кентбек
69. Баян Қуатқызы
70. Бибігүл Ысқақова
71. Рыскүл Ескендірқызы
72. Күлтай Қабдығалымқызы
73. Бақыт Жақыпова
74. Гүлнар Қабылдинова
75. Марал Үзембекова
76. Жібек Досымбаева
77. Марияш Байсабырова
78. Мейрамгүл Жабиева
79. Гаухар Арыстанқызы
80. Роза Жүніс
81. Үкітай Жұмабайқызы
82. Айнагүл Жұмағұлова
83. Шолпан Мамбетаева
84. Ғалия Жапақбайқызы
85. Айгүл Елубайқызы
86. Мейіргүл Қажытаева
87. Гүлмира Мешітбайқызы
88. Самат Амангелдіұлы
89. Гүлтоқтасын Мырзағалиқызы
90. Тілекберді Айланыш
91. Бақыт Құрманғалиқызы
92. Жомарт Мәслихатұлы
93. Әсел Құралайқызы
94. Дамель Қуанышқызы
95. Шөптібай Байдельдин
96. Арай Аукенқызы
97. Ғалия Қадырова
98. Болат Шыныбеков
99. Сандуғаш Серікболқызы
100. Ақбота Батырқызы
101. Шынар Милатқызы
102. Сағыныш Дүйсенқызы