Елорда мектептеріне жаңа оқулықтар таратылуда

Елордалық білім басқармасы мен «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері қаладағы жалпы білім беретін мектептерге кітаптардың таралуын қадағалап, көшпелі мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

 

 

Елорда мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық жалғасуда. Қазіргі уақытта оқу орындары жаңа оқулықтармен қамтамасыз етілуде. «Бұл қоймада 1-11 сыныптарға арналған 19 баспаның оқулықтары бар. Осы жерден барлық мектептер кестеге сәйкес оқулықтар алады. Бүгінгі таңда 35 мектеп кітап алды», — дейді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева. Бұл ретте санитария нормалары қатаң сақталады. Екі апта ішінде елордаға шамамен 20 КамАЗ-бен 750 тонна оқулық әкелінген. Оқулықтар мектептерге бөлінуде. Оқу құралын уақтылы жеткізуді мониторинг тобы қадағалайды. «Бүгін қалалық білім басқармасымен бірлесе отырып, Қосшы ауылындағы мектепке барып, оқулықтарды 1-11 сыныптарға тараттық. Атап айтқанда, оқулықтардың № 54 мектеп-лицейге жіберілуін қадағаладық. Біз бұл үдерісті толық бақылаймыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі Сәуле Бисембаева. Қазақстанда алдағы оқу жылын еліміздің барлық мектептеріндегі 1-11 сыныптарда қашықтан оқыту жоспарланған. Осыған байланысты білім басқармасына және оқу орындарының директорларына мектептердің қашықтан оқытуға дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.