Елорда тұрғындары «Үй тазалығы – денсаулық кепілі» челленджін бастады
Өздері тұратын үйлердің кіреберістерін бірігіп тазалауға бағытталған челленджге қосылған қалалықтардың қатары күннен-күнге артуда, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Акция арқылы қала тұрғындары тазалықты өз пәтерлерінде ғана емес, үйлердің кіреберістерінде де сақтауға шақырады. Қозғалыстың белсенділерінің айтуынша, мұндай челленджді бастау идеясы кенеттен туындаған. «Барлық тұрғындардың әрқайсы өз пәтерінің маңайын тазалауды жөн көрді. Біз есіктерді, жеделсатылардың ішін сүртіп, едендерді жуамыз. Денсаулықтың кепілі тазалық емес пе?!» – дейді елордадағы үйлердің бірінде тұратын Зиаш Аилбекова. Еске салайық, карантин кезінде қалада 30 наурыз бен 6 сәуір аралығында сағат 20:00-ден 06:00-ге дейін коммуналдық қызметтер көшелерді, аулалар мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын жүргізуде. Елорда тұрғындарына кешкі және түнгі уақытта үйде отыруға және көшеге шықпауға кеңес беріледі.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі