Елорда жастары жұмыспен қамтылуда
Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасы аясында «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» жас кәсіпкерлерге конкурстық негізде жеңілдетілген несие беру тапсырылған болатын. Осы орайда «Халықты жұмыспен қамту орталығы» Астана қаласының жастарын шағын несие алу жолдарын, жұмыспен қамту бойынша түрлі жобаларды таныстырып, «Жасыл ел» жобасына қатысу мүмкіндігі туралы хабарлады.
Шарада Агрокредиттік корпорацияның, Кәсіпкерлер палатасының және Халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдерімен консультациялар өткізіліп, бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аталмыш мекемелерге елорда жастары «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа орналаса алады. Бітіруші түлектерді өз мамандығы бойынша уақытша жұмысқа орналасу үшін «Жастар практикасы» қарастырылған. Дипломы соңғы үш жылда берілген, 35 жасқа дейінгі кез келген түлек оқуды аяқтағаннан кейін практикаға қатыса алады. Жастар тәжірибесіне қатысу жас мамандарға қажетті тәжірибе мен дағдыларды алуға мүмкіндік беріп, еңбек өтілі болып саналады. Бұл одан әрі жұмысқа орналасу, мансаптық өсу үшін ықпал етеді. Тәжірибе аяқталғаннан кейін штатта бос жұмыс орны бар болған жағдайда, тұрақты жұмыс табу мүмкіндігі бар. Тәжірибенің ұзақтығы 12 ай. Осы кезеңде қатысушылар ең төменгі жалақының АЕК 40 еселенген, яғни 138 000 теңге мөлшерінде жалақы алады.
Сондай-ақ, шарада елорда тұрғындарын зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкердің орнына жұмыссыздарды орналастыру, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік осал санатындағы адамдарды жұмысқа алу туралы қажетті ақпараттар берді. «Жасыл ел» жобасының жетекшісінің орынбасары «19 маусымдағы «Жасыл ел» жобасына қатысуға шақырамыз. 14 пен 35 жас аралығында қабылдаймыз. Қатысушыларды арнайы жабдықпен қамтамасыз етеміз. Одан бөлек ай сайынғы 65 000 теңге үстемеақымен қабылдаймыз. Қаладағы ең үлкен құрылыс ғимараттарында жұмыс істейсіздер. Мысалы, BI-Group, G-Park, Орда Инвест, одан бөлек Астананы көгалдандырумен айналысатын «АстанаЗеленСтрой», қаланы ормандандыру мен жасылдандырумен айналысатын «Жасыл Астана», яғни Астана орманына жұмыспен қамтамасыз етеміз. Елорданың құрылыс объектілерінде, көгалдандыруында өз қолтаңбаларыңызды қалдыруға шақырамыз», – деді Абдурашитов Асылбек Бақытбекұлы. Сонымен қатар аталмыш шарада жұмыс берушілердің өтініші бойынша, қызметкерді кәсіптік оқуға жіберу мүмкіндігі де айтылды.
Жас кәсіпкерлердің конкурсқа қатысып, кәсіпкерлік және бизнес жобаларын жүзеге асыру үшін жеңілдікті несие алу мүмкіндігі де қарастырылды. Жұмыспен қамту орталығы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар береді. Жастарға арналған шағын несиелер – жастарға кәсіпкерлік және бизнес идеяларын жүзеге асыруға, өз ісін дамытуға немесе экономикалық қызметке байланысты басқа да мақсаттарды жүзеге асыруға берілетін қаржылық қолдау.
Шараға Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Скуб Илья Васильевич, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының директоры Әсет Серікпайұлы Көшкінбаев, Астана қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытбек Әділбекұлы, «Студенттік құрылыс және жастар отрядтарының республикалық қозғалысы» ҚҚ төрағасының орынбасары Асылбек Бақытбекұлы, Астана қаласы Кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Нұргүл Сейілбекқызы және қала әкімдігінің басқа мемлекеттік органдары мен қала тұрғындары қатысты.