Елордада «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» тақырыбында халықаралық конференция өтіп жатыр
Елордада №76 мектеп-лицейі Астана қаласы Білім басқармасының «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып 2016 жылғы 4 қарашада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алаштың көсемі, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 150 жылдығына орай «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізіп жатыр. Жыл басынан бері Алаш идеологиясы және Әлихан Бөкейхан тақырыбында сан алуан семинарлар мен жиындардың көптеп өтіп жатқанын баршамызға белгілі. Ал, бүгінгі ауқымды шараның Елордадағы №76 мектеп-лицейінде өтуінің өзі тегін емес. Өйткені, ұлтымыздың экономикалық және рухани жағынан дамуына тек қана пайдасын тигізер Алаш мұрасын ел болашағы саналатын бүгінгі мектеп қабырғасында тәлім алып жатқан оқушылардың білуі маңызды.
Дәл қазір конференцияның пленарлық жиынында белгілі алаштанушы-ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабекұлы, Әлихан туған Ақтоғай өңірінен келген өлкетанушы Мұқан Тұңғышбайлар баяндама жасап жатыр.
-Мен 7 класс оқып жүргенімде «Абай жолындағы» Әзімхан образы жақсы кейіпкер ме, әлде жаман ба деген сөзім үшін мектептен қуылдым. Кейін мектепке оралып, 9-сыныпта Алаш идеологиясын сөз қыламын деп тағы қуылдым,-дейді ғалым Т.Жұртбай.
Расында, бүгінде Алаш идеологиясын емін-еркін зерттеп, насихаттап жүрген ғалымдардың оқушы кезінде Әлихан сынды арыстарымыздың есімін айту да қылмыс болған еді. Міне, тәуелсіздіктің арқасында мектеп қабырғасындағы жасөспірімдер Алаш идеологиясын оқып-білуге мүмкіндік алып отыр дейді ғалымдар.
Айта кетейік, конференцияға Қазақстан, ТМД елдері мен шетел азаматтары, ғалымдар, педагогтер, студенттер және мектеп оқушылары қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференцияға Түркия, Монғолия, Германия елдерінен және Қазақстанның бірнеше облыстарынан, Астана қаласынан 140-қа жуық баяндама тіркелген.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ