Елордада оқулық тапшылығы болмайды

Астанада талай жылдан бері қайталанып келе жатқан, тамыз туа бере базардан оқулық іздеу  «дәстүрі» енді тарихқа айналатын түрі бар. Өткен шілденің соңында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев ата-аналарға ашық мәлімдеме жасаған болатын. Онда биылғы жылы Астана қаласы бойынша оқулықтар 100 пайыз қамтамасыз етілгендігі айтылған еді.

Жаңа басшы өз сөзінде «ендігі жерде кітап дүкендеріне барып кезекке тұрып оқулық сатып алудың қажеті жоқ» екендігін айтып, «оқулық жетпей жатыр» дегендер болса «өзім жауап беремін» деп бірақ кескен еді. Сол сөз расқа айналған түрі бар. Жылдағыдай «Алматы Кітап»-тің дүкендері мен әмбебап базарлардағы оқулық сататын дүңгіршектердің алдындағы ұзын-сонар адамдар қатары биыл көзге шалынбай тұр.

                                Мороженно  36-1gp 

Бір жағынан балаларға қажетті дәптер мен қалам-қарындаштарын сатып алып жүрген адамдарда жылдағыдай асығыстық байқалмайды. Қасымхан мырзаның айтуынша, Астана биылғы оқу маусымына ерте қамданған көрінеді. Оқулық басумен айналысатын баспаларға қажетті мөлшердегі оқулықтардың нақты саны алдын ала ескертілген. Тамыздың басында тапсырысқа берілген барлық оқулықтар мектептерге түгел жеткізіліп, мұғалімдер арқылы таратылып жатыр. Ал, еліміздің өзге аймақтарындағы орын алып жатқан оқулық тапшылығына бас қаланың бастамасы келер жылдан бастап жететін секілді.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ