Елордада оңтүстікқазақстандықтардың қолөнер және қылқалам шеберлерінің кешенді көрмесі өтті
Еліміздің бас қаласы Астанада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Астана қаласының 20 жылдығына арналған Түркістан облысының қолөнер және қылқалам шеберлерінің кешенді көрмесі өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылған жұмыстарының бір жылдық қорытынды көрмесі елордадағы «Астана» концерт залының фойесінде ұйымдастырылды. Мұндағы көрмеге 500-ге жуық жұмыстар қойылып, Астана жұртшылығына таныстырылды. Көрмені ұйымдастырудың басты мақсаты құнды жәдігерлерден жасақталған көрме арқылы Оңтүстіктің тарихи шежіресі мен қолөнершілер, фотосуретшілер, мүсіншілер, суретшілердің қылқаламынан туындаған өнер шығармалары, әдеби шығармаларды насихаттау. Кешенді көрмеде келушілер назарына Түркістан облысының қасиетті, киелі жерлер тізіміне енген тарихи-мәдени орындары, мәдени іс-шараларда түсірілген көркем, анимациялық, деректі фильмдер туралы видео және суреттер, белгілі қылқалам шеберлерінің шығармалары, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары, облыстың көркем жерлері бейнеленген фотосуреттер, сондай-ақ, ақын-жазушылардың кітаптары мен ұлттық киімдер, Астананың көрікті орындары бейнеленген кілемдер, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген азаматтар туралы мәліметтер орналастырылған.
Астанаға тарту ретінде жасалған көрменің ерекшелігі, көрме -11 экспозициялық бөліктен құралған. Атап айтқанда «Ұлттық киімдер» көрмесі — Бейісбековтер отбасы мен Есімбекова Гүлназияның ұлттық сәндік киімдері мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы ұлттық киімдері. «Оңтүстік ғажайыптары» — өңірдің әсем табиғат көріністері мен тұрмыс-тіршілігін, көрікті жерлерін суреттейтін, сондай-ақ, TURKSOY-ға мүше фотосуретшілер мен облысқа белгілі фотосуретшілердің Қазығұрт, Түркістан, Кентау, Отырар, Қаратау, Сарыағаш, Жетісай, Созақ, Бәйдібек, Түлкібас, Төлеби, Сайрам аудандары мен қалаларында түсірген фотосуреттері бар. «Оңтүстіктің киелі орындары» — Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жасалған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша қасиетті, киелі жерлердің тізіміне оңтүстіктен енгізілген тарихи-мәдени нысандардың фотосуреттері қойылған. Яғни, кешенді карта, республикалық тізімге енгізілген және жергілікті тізімге енгізілген қасиетті, киелі жерлер.
Сонымен бірге «Суретшілер, қолөнер шеберлерінің туындылары» — облыстық Бейнелеу өнері музейінің бағдарлама аясында жинаған құнды жәдігерлерімен суретшілердің шығармашылық жұмыстары, қолөнершілердің көркем өнер бұйымдары және «Оңтүстіктің ақын-жазушыларының кітап көрмесі» — Оңтүстіктен шыққан елімізге белгілі ақын-жазушылардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шыққан кітаптары мен облыстың табиғаты, өлке тарихына арналған кітаптары мен «Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасы» — «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына Оңтүстік Қазақстан облысынан енгізілген азаматтардың фотосуреттері мен өмірбаяндары. Сондай-ақ, «Мәдени іс-шаралар көрмесі» — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста жыл сайын өткізілетін Түркістан облысы әкімінің 12 іс-шарасының орындалған 5 іс-шарасынан фото суреттер және «Оңтүстікте түсірілген фильмдердің көрмесі» — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста түсірілген көркем, анимациялық, деректі фильмдер.
Бұдан бөлек, «Елорда – Астана қаласының 20 жылдығы» — елорданың 20 жылдығына арнап тоқылған, қаланың көрікті жерлері бейнеленген кілемдермен «Туғанжер» бағдарламасы — шеңберінде облысқа кәсіпкерлік жағынан қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға арналған көрме болса, соңғысы «Бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жобалардың көрмесі» — Түркістан, Отырар, Ордабасы, Қазығұрт, Шымкент қалаларында салынуы жоспарланған, сәулет және қала құрылысы басқармасының сәулетшілері орындаған жобалармен макеттер.
«ЕлАна» ақпарат