Елордада құрылысы ұзаққа созылған нысанда қандай жұмыстар жүруде
Биыл 8 мыңға жуық үлескер өз пәтерінің кілтін алады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Алтай Көлгінов жұмыс күні басталғанға дейін құрылысы ұзаққа созылған нысанның құрылыс барысымен танысты – «Баспана Көктал» тұрғын үй кешені 5 жылдан бері проблемалық құрылыс санатында. Ондағы үлескерлердің саны 530-дан асады. «Бұрынғы құрылыс салушы бірнеше қабатты заңсыз салған. Мысалы, 5 қабаттың орнына 9 қабат үй салған, ал 9 қабаттың орнына – 12 қабат. Үйлердің барлығы үлескерлерге сатылды», – деп жазды Нұр-Сұлтан әкімі өзінің «Инстаграм». Қолданыстағы нормаларға сәйкес 6 қабаттан тұратын ғимарат лифтпен қамтамасыз етілуі тиіс. Осыған байланысты лифтілерді орнату үшін қалқаларды бөлшектеу жүргізіледі және өртке қарсы эвакуациялық сатылар орнатылады. «Өткен жылы бірқатар проблема болды, басым бөлігі шешілді. Үй «Елорда құрылыс компаниясы» қатысумен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынады. Биыл 20 көппәтерлі тұрғын үй кешенін салып, пайдалануға береміз. Бұл 8 мыңға жуық үлескердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді», – деді А.Көлгінов.