Елордада «Z» ұрпағының жолы» бастамасы жүзеге асырылуда
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Нұр-Сұлтан қаласында «z» ұрпағының жолы» бастамасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Қалалық №73 мектеп-лицейінің жетекшілігімен №29 орта мектебі, №63 мектеп-гимназиясы және №85 мектеп-лицейі «Туған жер» арнайы жобасының жүзеге асырылуына мұрындық болып, «z» ұрпағының жолы» тақырыбында тамаша бастаманың шашбауын көтеруге ат салысуда. Жоба жаңа дәуірдің жасампаз жастарының бойына ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сіңіріп, оқушылардың бойына патриоттық сезім, ізденімпаздылық қасиетін қалыптастыру мақсатында құрылған. «Туған жер» арнайы жобасында атқарылатын міндеттер төрт кезеңді қамтиды. Жобаның алғашқы кезеңі жоспарлауға арналса, екінші кезеңде ағымдағы жылдың шілде мен қазан айлары аралығында «Атамекен» ашық аспан мұражайына барып, туған елдің тарихымен танысып қайту жоспарланған болатын. Үшінші кезеңде ұнаған облыс орталықтарына, тарихи ескерткіштеріне қорғау жұмыстары жүргізіледі. Ал соңғы кезеңде таңдаған елдімекенге саяхат жасап, кітапта оқыған дүниелерін көзбен көріп, көкейіне түйіп, түйсікпен сезінеді. Қазіргі уақытта оқушылар қызығушылықтарына қарай топтасып, жобаның үшінші кезеңіне қызу дайындық үстінде. «Ұлы даланы ұлықтау мақсатындағы қорғау жұмыстары ата-ана аналар тарапынан қолдау тапса, соңғы кезеңнің де ауылы алыста емес», — дейді ұйымдастырушылар.