Елордадағы азаматтық сектор өкілдері Елбасын жаңа халықаралық мәртебеге ие болуымен құттықтады
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ядролық сынақтан азат әлем үшін чемпион» мәртебесі берілді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Азаматтық сектор өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевты жаңа халықаралық мәртебеге ие болуымен құттықтады. Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық бастамалар орталығының жетекшісі Махаббат Еспенова Қазақстанның Тұңғыш Президенті ядролық қарусыздану процесіне және ядросыз әлем құруға ерекше үлес қосқанын атап өтті.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! «Ядролық сынақтан азат әлем үшін чемпион» халықаралық мәртебесінің берілуімен құттықтаймыз!
Біз, азаматтық сектор өкілдері, сізді жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы санаймыз. Сіз ядролық қарусыздану процесіне, жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға және ядросыз әлем құруға ерекше үлес қостыңыз.
1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылуы және ядролық қарудан бас тарту – Қазақстанның Тұңғыш Президенті қабылдаған тарихи шешім. Бұл елдің табысты дамуының кепілі болды. Бұл адамзат тарихындағы ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен қатар Халықаралық күнді белгілеуге салмақты негіз болды.
Жаңа мәртебе беру сіздің көрегендігіңіз бен стратегиялық ойыңыздың тағы бір расталуы деп білеміз», – деді Махаббат Еспенова.
Естеріңізге сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесі берілді. Бұл туралы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күнге орай ұйымдастырылған БҰҰ Бас ассамблеясының арнайы сессиясында айтылды.