Елордалық белсенділер Мемлекет басшысының үндеуіне қолдау білдірді
Олар қазақстандықтарды пандемияға бірлесіп қарсы тұруға шақырды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. «12 минут немесе 1 192 сөз. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың телеарналардан Қазақстан халқына жолдаған үндеуінің уақыты. Менің ойымша, коронавируспен күрестің барлық кезеңінде бұл Президенттің ең қысқа және дәйекті сөзі. Егер сіз оның бұрынғы үндеулерімен салыстыратын болсаңыз, Мемлекет басшысы бүгін бұл сыннан да бірлікпен өтетінімізді нақтылап айтқаны, ел көңіліне сенім беріп, қанаттандырғандай болды», – деп жазды «Арнау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ұлан Әбішев Facebook-тегі парақшасында. Оның пікірінше, Мемлекет басшысының үндеуінде қазіргі қиын кезеңде ел үшін Президенттің аузынан есту маңызды жайлар айтылған. «Үндеудің басты мәні – жағдай бақылауда, ал дүрбелеңге себеп жоқ. Біресіп бұл қиындықты да еңсереміз» – деп атап өтті Ұ.Әбішев. Өз кезегінде, қалалық кәсіподақ ұйымы басшысының орынбасары Төлеген Күнәділов Мемлекет басшысының кешегі сөзі барлық қазақстандықтарды толғандырған сауалдарға жауап берді деп санайды. «Президент әрбір адамның өмірі құнды екенін атап өтті. Төсек-орын санының ұлғаюы, үйде күтім жасау, ПТР тестілері және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мұның бәрі – пәрменді шаралар. Біздің халқымыз көптеген қиындықтарды жеңіп шықты, бұл жолы да жеңіске жетеміз!» – деді Т.Күнәділов. Хабарланғандай, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жолдап, онда мемлекеттің коронавирус инфекциясымен күрес шаралары туралы баяндады. Президент 13 шілдені пандемия құрбандарын Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.