Елордалық филармония әртістері Жеңістің 75 жылдығына арналған «Жеңіс дауысы» челленджін бастады

Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығы қарсаңында елордада «Жеңіс дауысы» атты жаңа музыкалық челлендж басталды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы солистері әйгілі «День Победы» әнін орындады. Челленджді алғаш болып еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Естай Мұқашев бастады. Әнші қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтап, соғыс оның да отбасын айналып өтпегенін атап өтті. Майданда атасы мен әкесінің екі інісі қаза тапқанын тілге тиек етті. Өз кезегінде ол белгілі әнді шырқап, челленджді әріптестеріне жолдады. Эстафетаны Нұр-Сұлтан мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Нұрбол Балапанов жалғастырып, әріптестерін қолдауға шақырды. Аталған музыкалық челленджге ниет білдірушілердің барлығы қатыса алады. Ол үшін өз жұмысыңызды әлеуметтік желілерде #9мая#9мамыр#голоспобеды#жеңіскүні хэштегі арқылы жариялауыңыз қажет. Айта кетсек, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында 1 миллион 200 мың қазақстандық майданға аттанды. Олардың жартысы елге оралмады. Соғысқа қатысқан 700 мыңнан астам қазақстандық еңбек армиясы мен арнайы құрылыс бөлімдеріне шақырылды. Қазіргі уақытта елордада 44 соғыс ардагері тұрады.