Елордалық құтқарушылар аяғы ауыр келіншекті перзентханаға жеткізуге көмектесті
Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері Қорғалжын тас жолында боранда қалған қала тұрғыны Камал Қонысбаеваны перзентханаға жеткізуге жәрдем берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Аталмыш оқиға 27 қаңтар күні таңғы 6.00 шамасында Қорғалжын тас жолында болған.
Ай күні жақындаған қала тұрғыны Камал Қонысбаева үлкен балаларын қала сыртында тұратын ата-анасының үйіне апарып, ертесі елордаға қарай жолға шығуды жоспарлаған. Бірақ, 26 қаңтар күні түнде толғағы басталған келіншек жолдасымен бірге тас жолдың жабылғанына қарамастан жолға шыққан. Көп ұзамай олар «102» қызметіне хабарласып көмек сұраған. Қалалық ТЖД қызметкерлері Ж.С Әбдірахманов, А.Б Рахметов, Н.А Есім, А.З Закарьянов жабық тас жолмен жүріп, қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің бригадасына азаматшаны тапсырды. «Таңғы 7.30-дар шамасында келдік. Толғағым жиі болып жатқан соң, жолда босанатын шығармын деп ойладым. Бірақ, Төтенше жағдайлар, жедел жәрдем және осы перзентхананың қызметкерлерінің арқасында барлығы сәтті аяқталды. Барлығына алғысым шексіз»,- деді төртінші баласын құшағына басқан Камал Қонысбаева. Жедел жәрдем қызметкерлері Т.А. Абдилоев пен А.А. Спаналиев келіншекті №1 көпбейінді қалалық ауруханасының акушерлік бөліміне таңғы сағат 7.30 шамасында жеткізген. «Камалдың, және нәрестенің жағдайы жақсы. 27 қаңтар күні кешкі 17.00 шамасында босанды. Бәрі сәтті өтті. Бүгін үйіне шығарамыз. Әр баланың аман-есен дүниеге келуі біз үшін де үлкен қуаныш. Бұл біздің жұмысымыз», — деді перзентхананың жоғары білікті акушер дәрігері Сергей Ли.