Елордалық ұстаздар өз тәжірибелерімен бөлісіп, мұғалім мамандығы туралы айтып берді

 

Ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік.

Солардың бірі – «Білім беруді жаңғырту» орталығында бастауыш сынып әдіскері, №82 Дарын мамандандырылған лицейінің мұғалімі Ақмарал Орақова. Білім саласында ширек ғасыр еңбек етіп келе жатқан ұстаз бастауыш сынып мұғалімінің жұмысында қызықты сәттер өте көп екенін айтады.

«Баланың балдай тілі, қылықтары ұстазға көп нәрсені ұмыттырады. Мысалы, сыныпта жазушылардың шығармаларын, ертегілерді оқып, талдаған кезде бала қиялының ұшқырлығына еріксіз таңданасың. Бірде балалармен «Бақыт өз қолымызда ма?» деген тақырыпта әңгіме өрбіттік. Сонда бастауыш сынып оқушыларының құнды, мағынасы терең ойлар айтқанына ерекше қуанғаным бар», – дейді А.Орақова.

Ол ұстаз ең алдымен балаға бақытты болуды үйретуі керек деп санайды.

«Барлық адам ұстаздың алдынан өтеді, тәрбиесін көреді. Ел болашағы жарқын болсын десек, ең әуелі ұстаз еңбегін қадірлей, бағалай білу керек. Біріншіден, ұстаз балаға бақытты болуды үйреуі керек деп санаймын. Ол үшін ұстаздың өзі бақытты бола білуі керек. Жетістікке ұмтылып, соған жете білетін жан ғана балаларға соны үйрете алады. Сондықтан үнемі жетістікке ұмтылып, өзін алға қарай жетелей білуі, мотивациясы мықты болуы керек деп ойлаймын. Шәкірттерім қай салаға барса да өз ісінің майталманы болуына өз үлесімді қоссам деймін», – дейді ол.

Ұлағатты маман иесі болуды бала күнінен армандаған ұстаздардың бірі – Айман Сүгірова. Нұр-Сұлтан қалалық Ә. Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі. Ол өзі еңбек ететін ұжымда балаға білім берумен қатар сыни тұрғыда ойлап үйренуге ерекше мән берілетінін айтады.

«Мектебіміз Қазақстан бойынша жетекші оқу орындарының бірі. Білім ордасында Кембридж университетінің педагогтарымен тәжірибе бөлісу алаңы – «Share» жобасы, мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін «Педагогикалық шеберхана» жобасы жұмыс істейді. Жоба аясында бір-бірімізге тәлімгерлік жасап, семинарлар өткізіп, зерттеулер жүргіземіз. Салада еңбек етіп келе жатқан 20 жыл ішінде мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, дарынды балалармен жұмыс атқардым. Мектепте, жоғары оқу орнында білім берген ұстаздарымнан үлгі алып, өз тәжірибемде қолданып келемін», – дейді А.Сүгірова.

Математика пәнінің мұғалімі ұстаздық ұлт келешегіне жауапты мамандық деп санайды. Себебі балаға қандай тәрбие берсек, елдің болашағы да сол деңгейде болады.

«Қиындығы мен қызығы мол мұғалім мамандығын жастайымнан армандап, таңдағанмын. Бала күнімде ауыл балаларын жинап, сабақ өткізетінмін. Ұстазыма сіздің сыныбыңызда 6-ақ үздік оқушы бар. Мен мұғалім болған кезде оқушыларымның барлығы үздік оқитын болады дейтінмін. Кейін өзім мұғалім болып, мектепке келген кезде барлық оқушының үздік үлгеріміне қол жеткізу мүмкін емесіне көз жеткізіп, сол ұстазыма айтқан сөзімді есіме аламын. Барша ұстаздар қауымын төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Үлгілі шәкірт тәрбилеп, білім жолындағы еңбектерінің жемісін көруін тілеймін», – дейді А.Сүгірова.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде Ұстаздар күні аталып өтеді. Еліміздің барлық аймақтарында ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналғані іс-

шаралар өткізіледі. Бұл күні білім беру саласының мамандарын құттықтап, ерекше үлестері мен жетістіктері үшін марапаттайды.