Елордалық Жазушылар одағында «Парасат» оқырман клубы ашылды
Нұр-Сұлтан қаласының «Рухани жаңғыру» білім орталығы жанынан құрылған «Парасат» оқырман клубы Жазушылар одағында ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Жаңа оқырман клубының ашылуына қаланың ақын-жазушылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Ақерке Жұманбаева мен Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі ұйым өз саласы тарапынан ұйымдастырылатын мәдени-ағартушылық іс шараларды бірлесе отырып атқаруға келісті. Бұған қоса, «Парасат» оқырман клубының алғашқы отырысында осы жылы талданатын әдебиеттер тізімі бекітілді. Клубтың жұмысын жандандыру мақсатында қаламгерлерді әрдайым қонақ ретінде шақыру, оқырмандарды ынталандыру үшін, түрлі байқау, викториналар ұйымдастыру жоспарланған. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін «Парасат» оқырман клубының есігі әрдайым ашық, дейді ұйымдастырушылар. Қала тұрғындары оқырман клубына апта сайын белгіленген әдебиетті оқып, талқылауға қатыса алады.