Елорданы ластайтын кәсіпорындар қала маңына көшiрiледi
Үкiмет отырысында Инвестициялар және даму министрi Жеңiс Қасымбек: «Елорданың қарқынды дамуы, демографиялық сыйымдылық, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы, ресурстық қор (жер, су, жер қорлары) агломерациялық дамудың алғышартын құрайды.
Сонымен қатар, халық санының өсуі, көлік проблемаларының көбеюі мен қоршаған ортаның нашарлауына байланысты қала маңы аймағының мәселесі маңызды болып тұр. Астана агломерациясы аумағына Астана қаласы (агломерация өзегi), Ақмола облысының 3 ауданы (Аршалы, Целиноград, Шортанды) және Ақмола облысы Ақкөл ауданының 4 округi, барлығы 124 елдi мекен кiредi. Агломерация халқының саны 2016 жылы 1,2 млн адамды құрады, ал 2030 жылға қарай 1,6 млн адамға жетедi деп болжанып отыр», — дедi Қасымбек. Министрдiң айтуынша, 2030 жылға қарай агломерация аумағында 3 индустриялық аймақ құру арқылы Астанадан ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын көшiру ұсынылып отыр.
Сондай-ақ жаңадан құрылатын өндірістік кәсіпорындарды индустриялық аймақтарға орналастыру жоспарлануда. Жобада бірінші индустриялық аймақты Аршалы ауданындағы Аршалы ауылына орналастыру ұсынылған. Себебi, оның Астана-Теміртау-Қарағанды дамыту осьтерінде қолайлы экономикалық-географиялық жағдайы бар. Халықаралық жоғары жылдамдықты магистраль, сондай-ақ теміржол орналасқан Шортанды ауданындағы Төңкеріс ауылына екінші индустриялық аймақты орналастыру жоспарланып отыр.
Үшінші индустриялық аймақты Жайнақ ауылына (Целиноград ауданы) орналастыру көзделуде, себебi онда инфрақұрылым дамыған, қосалқы электр стансасы да бар. Бүгінгі күні бұл өндірістік мақсатқа 100 гектар жер учаскесі бөлінді. Агломерацияның экологиялық жағдайын жақсарту үшін І-ІІ санаттағы ластаушы кәсіпорындарды Астанадан көшіру ұсынылып отыр. Олар: «Агродор-Астана»ЖШС асфальтбетон зауыты, «Ротор» ЖШС ет-сүйек ұнын өндіру зауыты, «Жаңа Жол» асфальтбетон зауыты, «Алтын-Тет» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені, «АстанаЭкоПолигонНС» ШЖҚ МКК қалдықтарды көму полигоны»,— деген мәлімдеме жасады.
Бұдан басқа министр автожолдарға қатысты мәселені де қозғады. Ол: «Қазiргi таңда автожолдарды пайдалану үшін қаражат жинақтау жүйесiн автоматтандыру бойынша техникалық шешімдер Кешені құрылу үстiнде. Өздерiңiзге белгілі, аталған жүйе 2013 жылдан бері Астана-Щучье учаскесінде ойдағыдай қызмет етiп жатыр. Одан жыл сайын 1,2 млрд теңге қаржы жинақталады, бұл қаражат аталған жолды күтіп-ұстауға кететін барлық шығындарды өтейді.
Биыл жылына 3,9 млрд теңге жинақталатын, жалпы ұзақтығы 469 км-дi құрайтын Алматы-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас учаскелерінде төлемақы алу жүйесін енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, жалпы ұзақтығы 5,5 мың км-дi құрайтын 13 учаскеде төлемақы алу жүйесін жобалау бойынша жұмыстар аяқталып қалды. Жалпы, 2020 жылға дейін төлемақы алу жүйесін 16 учаскеде енгізу жоспарланған. Биылғы жылы үш республикалық жолға ақылы жүйе енгiзiледi.»,— дедi.