Елорданың бас полицейі халық алдында есеп беру кездесуін өткізді

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов тұрғындар алдында есеп беру кездесуін өткізді.  Елорда тұрғындары мазалаған сұрақтарына жауап алып, шағым мен өтініштерін қалдырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Департамент басшысы өз сөзін өткен жылдағы жедел іс-шараларды қорытындылаудан бастады. «2018 жылмен салыстырғанда қылмыстар саны 5720-ға азайды. Адам өлтіру, ауыр дене жарақатын жасау, тонау, бұзақылық, ұрлық секілді қылмыс түрлері аз тіркелді. Қоғамдық орындардағы қылмыстар саны 38,6% -ға, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар 10,7% -ға кеміді.  Қылмыстың барлық санаттары бойынша істі анықтау жұмысы жақсарды», — деді Ержан Сәденов. Тұрғындармен кездесу барысында департамент басшысы қоғаммен өзара байланыс орнату, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде сөз қозғады. «Қазір аудандық полиция бөлімдеріне халыққа қызмет көрсету орталықтары секілді кез келген азамат барып, қажетті кеңестер алатын «фронт-офистер» құрылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жасалып, тұрғындарға қатысты ақпаратты орналастырылатын ведомстволық сайттар мен аккаунттар ашылды. Сонымен қатар, полиция департаментінің басшылығы апта сайын азаматтарды қабылдайды, онда анықталған проблемаларды шешу бойынша нақты шаралар қабылданады», — деді ол. Ержан Сәденовтің айтуынша, полиция құқық қорғау функцияларын жүзеге асырумен қатар, халыққа түрлі мемлекеттік қызмет түрлерін де ұсынады. «Өткен жылы 1 миллион 300 мың қызмет көрсетілді. Олардың қатарында тұрғылықты жері бойынша тіркеу, қаруды тіркеу, жеке куәліктер мен төлқұжаттарды рәсімдеу, мекенжай анықтамалары және тағы басқа қызметтер бар», — деді ол. Полиция департаментінің басшысы қылмыстың алдын алу шараларына тоқталып өтті.  Бұл ретте консьерждер, жедел әрекет ететін жастар бөлімшелері, қауіпсіздік органдары, қоғамдық кеңестер, волонтерлер айтарлықтай көмек көрсетті.  Олардың көмегімен 8 қылмыс ашылып, 1600 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.  Жыл қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына белсенді қатысқаны үшін 400-ден астам көмекшілер марапатталды. Ержан Сәденов ұрлық, есірткі қылмысы, мас күйінде көлік жүргізу үшін жауапкершіліктің күшейтілгенін еске салды.  Оның айтуынша, белсенді азаматтардың арқасында есірткінің жарнамасы туралы 131 хабарлама түсті.  ПИК және ҮЕҰ өкілдерімен бірге есірткі сайттарының мекенжайы жазылған 400 граффити-жазба алынып тасталды, 20-дан астам адам жауапқа тартылды. Есепті аяқтағаннан кейін департамент басшысы азаматтардың барлық сұрақтарына, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы қойылған сұрақтарға жауап берді.  Тұрғындарды уақытша тіркеу, жол қауіпсіздігі, қала маңында қосымша бағдаршамдарды орнатуға байланысты мәселелер қызықтырды.  Аңшылықпен айналысатын адамдар қаруды сатып алуға, сақтауға және жеткізуге қызығушылық танытты.  Сонымен қатар, астаналықтарды тұрғын алаптарындағы және қала маңындағы аудандарға бейнекамералар орнату мәселелері толғандырды.  Алаяқтық туралы шағымдар қабылданды. Кездесу соңында Ержан Сәденов барлық азаматтарға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіріп, полиция жұмысының басты мақсаты қылмыспен күрес пен қоғамдық тәртіпті сақтау екендігін атап өтті.