Елорданың ҚХА карантин кезінде қайырымдылық акциясын жалғастыруда
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясын Әзірбайжан мәдени орталығы қолдады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Қазақстан халқының бірлігі күні «Хазар» әзірбайжан мәдени орталығы аз қамтылған отбасылар, тыл ардагерлері, көп балалы аналар мерекені сезінуге мүмкіндік алуы үшін 20 отбасына мерекелік азық-түлік таратты. Азық-түлік себетінде әзірбайжан тағамы – шах-палау және азық-түлік өнімдері бар, деп хабарлайды қала әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі. «Төтенше жағдай мен карантин режиміне байланысты қазақстандықтардың көбі жұмыссыз. Дәл осы қиын-қыстау кезде біз бір-бірімізге жәрдемдесіп, көмек қолын созуымыз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Хазар» әзірбайжан мәдени орталығы мен «Sahil» мейрамхана кешені де қайырымдылық шараларынан тыс қалмады. Азық-түлік себеті мен жеке гигиена заттарынан бөлек, мейрамханамыз Қазақстн халқының бірлігі күніне орай әзірбайжан асханасының басты тағамы – шах палау дайындады. Бұл мерекелік тағам бүгін көмекке мұқтаж отбасылардың дастарханында болғанын қаладық. Қазір бүкіл әлем індетпен күресуде. Оның ішінде Қазақстан да бар. Біздің күшіміз – бірлікте! Біз біргеміз!», – дейді ҚХА мүшесі, «Хазар» әзірбайжан мәдени орталығының өкілі Сайяф Исмаилов. Акция ұйымдастырушылары тізімге сәйкес мерекелік сыйлықтар таратты. Елордалық ҚХА меценаттары мұқтаждарға үнемі көмек көрсетеді. Бұл жұмысты 2018 жылы қалалық Достық үйінде ұйымдастырылған «Парасат» қайырымдылық көмекті үйлестіру орталығы ұйымдастырады. Биыл алғашқы тоқсанда жалпы сомасы 4 миллион 200 мың теңгеге бірқатар акция өткізілді. Бұған дейін Қазақстан халқының бірлігі күніне орай елордада Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» әнін түрлі ұлт аспаптарында орындау және ұлттық тағамдар дайындаудан челлендж басталғаны хабарланған болатын. 1 мамырда елімізде Қазақстан халқының бірлігі күні мерекеленеді. Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері Қазақстан халқының бірлігі күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен құттықтады. Қазіргі таңда елордада 130 этностың өкілі тұрады. 23 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс жасауда.