Елуінде ел сенімін ақтаған

 Жеңімпазды жерлестері  ыстық ықыласпен қарсы алды

Рио төрінде түндігін түрген Паралимпиадалықойындардың чемпионы, жерлесіміз Зульфия Габидуллины  жамбылдық жұртшылық ыстық ықыласпен қарсы алды.  Қазақстан  тарихында тұңғыш рет бұл спорт түрінен Олимп биігін бағындырған спортшымызды «Әулиеата» әуежайынан күтіп алушылардың қарасы қалың болды. Қолдарына көк туымызды желбірете көтерген, қызылды-жасылды гүлдерін құшақтай келген жанкүйерлер  толағайымызға ұзағынан құрмет көрсетті.

dsc_0089

Салтанатты шараны  облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ашып, жеңімпазымызға деген құрметін  білдірді.

Зульфия Габидулина бұл тарихи жеңісімен әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтатты.  Бұл жеңіс жамбылдықтар үшін үлкен мақтаныш.Әрі әлем рекордын жаңарту  еңбек пен жеңіске деген жігердің көрінісі.Толағайымыздың  табысы  Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына теңдесі жоқ сыйлық болды, – деген Кәрім Нәсбекұлы  Зульфияға жарқын жеңісі үшін  арнайы сыйлық ретінде тұрғын үй құрылысына арналған сертификат табыс етті.

Иә, Зүлфияның  есімі қазақ спорт тарихында алтын әріппен жазылатыны анық. Жерлесіміз бұған дейін  бірнеше  мәрте әлем біріншіліктерінде көк байрағымызды жеңіс тұғырында биіктетті.  Алайда дәл осылай көшеметке бөленген емес. Мүмкіндігі шектеулі спортшымыз қазір көп қабатты үйде тұрады. Енді демеушілердің көмегімен жер үйлі болмақ.

dsc_0253

Кәсіпкерлер жеңімпазға  баспананы өзінің қалауына қарай салып беретіндіктерін айтуда. Әрі зәулім сарайдан кем түспейді деп уәде етілген жер үй  «Тараз-Арена» сарайының маңынан  кірпіші қаланады деп күтіліп отыр.  Яғни Ғабидуллинаның жаттығуға еркін  барып-келу жағы толықтай ескерілген.

Бұдан бөлек, «Халық банкі» АҚ «алтын қызымызды»  3 миллион теңге көлеміндегі  қаржылай сыйақымен марапаттады.  Ал, жеңімпаздың бапкері Саттар Бейсембаевқа облыс басшылығы 2 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Өз кезегінде Зульфия  ыстық ықыластары үшін жерлестеріне ризашылығын білдіріп, облыс әкімдігіне  алғысын айтты.

 Бразилия елінен  туған қалам – Таразға  үлкен сағынышпен оралдым. Ұшақтан түскен сәтте асыға күтіп отырған жұртты көргенде, шын мәнінде, қатты қуандым. Сол себепті, баршаңызға шексіз алғысымды айтамын. Алдағы уақытта тынымсыз еңбек етіп, Токиода өтетін паралимпиялық ойындарда да өз бағымды сынап көрмекшімін, – деді толағайымыз.

1474892891_dsc_0125

Ал, жерлесімізді байрақты бәсекеге баптаған бапкері Саттар Бейсембаев:

-Бұл жетістікке жеткенге дейін  біз қаншама қиындықтардан өттік. 2012 жылғы Лондон олимпиадасында он екінші орын алған болатынбыз. Сол жылдан бастап осы Олимпиадаға үлкен жоспар жасап, Риода  міндетті түрде алтын медальды аламыз  деген алдымызға  мақсат қойдық. Оған жету үшін аянбай тер төгіп, міне бүгін еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз.

Рио Паралимпиадасына дейін  12 мәрте әлем рекордын жаңартыппыз. Әрине, бізге бар жағдайды жасаған облыс басшылығы мен спорт саласының жанашырларына үлкен алғысымызды айтамыз.

51 жасында осындай жетістікке қол жеткізген Зульфияны қзір әлем танып, мойындайды.  Енді, алдағы уақытта 1-2 ай көлемінде демалып, жаттығуды қайта бастаймыз. Келер жылы Мексикада әлем чемпионатының түндігі түріледі. Міне, осы бәсекеде де топ жаруға күш саламыз , — деген Саттар Ерғалиұлы Зульфия екеуі үлкен спорттан кетпейтіндіктерін анық сездірді.

dsc_0166

Естеріңізге сала кетсек, жерлесіміз Рио-де-Жанейро қаласында өткен XV жазғы паралимпиалық ойындарында 100 метр қашықтыққа еркін стильде жүзуден чемпион  атанды. Сондай-ақ, осы сайыс түрінен әлем рекордын жаңартты. Ол әлем чемпионаттарының күміс және 3 дүркін қола жүлдегері. Сондай-ақ,  Пара Азия  ойындарының чемпионы, бүкілдүниежүзілік ойындардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған.

 Габидулина ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ұлттық құраманың мүшесі. Жүзу спортымен 2007 жылдан бастап айналысып, бүгінде  «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының» мүшесі.Спортшы әлем рейтингінде үздік сегіздіктен ойып тұрып орын алып отыр.  Жігерлі жанның жеңісті жорығы жалғаса бергей!

Саятхан Сатылғанов