Ең ауыр әрі кешірілмес күнәдан аулақ болыңыз!
Әрбір ата-ана мұны білуі тиіс!
Соңғы кездері елімізде жастардың, әсіресе кәмелетке толмаған жасөспірімдеріміздің өз-өздеріне қол жұмсауы тым жиілеп кетті. Бұған біз бей-жай қарап, салғырттық танытуымызға әсте болмайды. Сол үшін де әрбір ата-ана өз отбасындағы бала тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, балаларының жүріс тұрысына, әрбір іс әрекеттеріне қырағылықпен мән беріп, оларға жан-жақты тәрбие беруіді қолға алуы қажет. Балалардың үйінде және мектепте көрген тәрбиелерінде имандылық тұрғысындағы тәрбие жұмыстарының кемшін екендігін де біз мойындауымыз керек.Сондықтан да, бала тәрбиесінің қайнар бұлағы имандылықта екендігін ескеріп, олардың санасына имандылық құндылықтарын сіңіре білуіміз қажет. Иманды отбасында өскен баланың мінезі көркем болуымен қатар, ол өмірдің қиыншылықтарына да анағұрлым төзімді келмек. Бүгінгі таңда ғаламтор беттерінде пайда болған кейбір ойындардың мақсаты — жастарды суицидке итермелеуде. Біз жастарды осыдан сақтандырудың алдын алуымыз қажет. Ол үшін баланы ұрып-соғып немесе телефон, компьютерден бірден алыстатуға болмайды. Бұл үлкен қателікке апарып соғуы мүмкін. Бала ерегісіп керісінше жаман әрекеттерге ұрынып қалуы ғажап емес. Сондықтан да, балаға дұрыс тәрбие берудің бірден-бір көзі — олармен сырласып, ішкі жан дүниесіне әсер етерліктей рухани ілім беру болып табылады. Бұл өмірде жасалған әрекеттердің сұрауы бар екендігін білмейтін бала, өзінің түсінік пайымы бойынша, өлім арқылы бүкіл пәлекеттен құтылғысы келеді. Бірақ, бұл дүниемен қоштасу жан тыныштығына себепкер бола алмайды. Осы ретте о дүниелік өмір түсінігін баланың санасына сіңдірудің бірнеше тәсілдері қарастырылады. Бұл амалдар баланың ақылы кіре бастаған кезде жүзеге асса нәтижелі болмақ. Осы жерде балаңызға имандылық туралы жақсы түсіндіре отырып, төмендегідей уағыздар арқылы жоғарыда айтылған қатерден алдын ала сақтандырудың жолын қарастырған абзал болмақ.
1.Адам — Аллаһтың көркем түрде, ерекше махаббатпен жаратқан жаратылысы. Барлық әлемдердің Раббысы жаратқан мақұлықтарының ішінде адамға ғана ой-сана, ақыл берді. Сөйлеу қабілетіне ие қылды. «Аллаһ сендерді аналарыңның қарнынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабылетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер» (Нахыл сүресі, 78аят). Адам — ардақты жаратылыс. «Расында Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрылықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Әм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық», -делінген, (Исра сүресі,70 аят). Аллаһтың алдында осындай керемет жоғары дәрежеге ие адамның қасиетсіз, қадірсіз болып қателіктерге жол беруі мүмкін еместігін, әрі адам өз бойына адами асыл қасиеттерді дарыту керектігін жасөспірім жастарымызға егжей-тегжейлі талдап түсіндіруіміз қажет. Жалпы алғанда, ізгі қасиеттердің барлығы адамгершілік деген бір-ақ ауыз сөзге саяды. Өйткені, бұл сөздің өзі адамның бүкіл болмысын ашып беретін ұғым. Яғни, адамгершілік адамға ғана тән сипат. Әрбір ақыл иесі бойындағы адамгершілікті басты ізгі қасиет деп санаса, сол адамгершіліктің тұғыры имандылық болып саналады. Ал, имандылық мағынасы иман сөзінен бастау алады. Тілімізде иман сөзіне қатысты иман жүзді, иманды адам, иманы бар т.б. бірнеше тіркестер бар. Иман сөзі — «әл-Иман» араб тілінде «сенім» деген мағынаны береді. Яғни, иман келтіру, шын болмысымен сену, илану. Аллаһтың жалғыз екендігіне, оның пайғамбарларына, түсірілген кітаптарына, ақырет күніне шынайы сенуді білдіреді. Міне, біз бала тәрбиесін осы имандылықтан бастауымыз керек деуіміз содан. Ислам дінінің бала тәрбиесіндегі атқарар міндеті қаншалықты жоғары болса, оның ұрпақтың бойына сіңірер ұлағатты тәлімі де ұшан теңіз. «Әуелгі балаңа Құранды үйрет, қалғанын балаңа Құран өзі үйретеді», — делінетіні сондықтан болса керек. Қасиетті Құран Кәрімде Аллаһ тағала Лұқман Хакімнің баласына айтқан мына бір өсиетін мысалға келтірейік. «Әй, жан балам, намазды толық орында, адамдарды жақсылыққа шақыр, жамандықтан қайтар және басыңа түскен ауыртпашылыққа сабыр ет. Шындығында болар, маңызды істерден», — деген. Көз алдымызға елестетіп көрейікші, біздің жастарымыз күнделікті бес уақыт намазын оқып жүрсе, бір-бірін үнемі жақсылыққа шақырса, көрген жамандық атаулыға тыйым сала білсе, ондағы қиыншылықтарға сабыр ете білсе, онда біздің қоғамымыз қандай жақсы қоғамға айналар еді.
- Балаңызға өмірдің керемет тұстарын суреттеп жеткізу де маңызды.
«Раббыларың сондай Алла көктер мен жерді алты түнде жаратты. Сонсоң ғарышты меңгеріп, істі басқарды» («Жүніс», 3). Ең алғашқы қадам, осы өмірдің таңғажайып кереметтерін суреттеуден басталмақ. Алланың жаратылысындағы көркем табиғи құбылыстардың шығу тарихы туралы әңгіме қозғалса, жас бала қиялға беріліп, өзі-ақ көз алдына кереметтерді елестетіп кетеді.
- Келесі қадам, бастауы бар құбылыстың соңы да болатынын балаңызға ұғындыру.
«Алла Көктер мен жерді әрі екі арасындағыларды шындықпен белгілі бір мерзім үшін жаратты» («Рум», 8). Табиғаттың төрт мезігілі мен осы аралықта болатын жан-жануарлар мен өсімдіктердегі құбылыстар туралы әңгімелеу. Хадистерден мысалдар келтіріп, пайғамбарлар өмірінен үзінділер оқу арқылы баланың ынтасын оятуға болады. Сол арқылы тірі табиғат өліп, өлі қайта тірілетінін ұқтыру оңай болмақ.
- Ең қарапайым әрі түсінікті мысал, ананың баланы дүниеге әкелуі жайлы.
«Ол, өліден тіріні шығарып, тіріден өліні шығарады да жерді өлгеннен кейін жандандырады. Сол сияқты сендер де (қабірден) шығарыласыңдар» («Рум», 19). Ана құрсағындағы сәбидің құрсақтағы өмірі болды. Алланың құдыретімен ол жарық дүниеге келді. Енді осы пәнилік өмірді сүріп біткенде өлім жетіп, қайтадан жаңа өмір басталады. Ол — қабір өмірі, одан кейінгі Алланың алдына баратын есеп беретін сәт, ал ең бастысы жан мәңгілікке қалатын Жәннаттағы немесе Тозақтық өмір. Міне, осыларды көркем тілмен, әсерлі күймен баланың санасына сіңіріп, олардың өмірге деген құштарлық сезімін оята білу діттеген мақсатқа жеткізеді. Тозақ туралы айтуға қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, қауіптің алдын алу осы тұтса басталмақ. Сауапты амалсыз Жәннат есігі ашылмайтынын, әрбір күнә Тозаққа апаратынын сезінген жүректе ғана иман оянады.
- Есі кірген балаға адамның өз-өзіне қол жұмсауы үлкен күнә екендігін Құран аятттары мен хадистер негізінде балаңызға түсіндіріп, дәлелдеу дұрыс болмақ.
«Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса», 29). Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (ﷺ): «Кім өзін таудан тастап өлтірсе, ол жаһаннам отында мәңгі-бақи өзін оның (отына) тастаумен болады, кім өзін у ішіп өлтірсе, ол мәңгі-бақи жаһаннам отында уын қолына ұстап оны ішумен болады, ал кім өзін темірмен өлтірсе, ол мәңгі-бақи жаһаннам отында темірді қолына ұстап, оны қарнына сұғумен болады», — деген. Осы өмірде басына түскен балекеттен өліп оңай құтыла саламын деу, тура жолдан адастырады. Яғни, Аллаға қарсы шығумен пара-пар. Сол үшін қандайда іске барарда ақылға салу қажет. Осы секілді бірнеше факторларды қамтитын бұл тақырып, өте күрделі. Әрбір адамға қарапайым түрде жеткізу үшін, осы мысалдарды келтірдік. Ата-ананың мақсаты — перзентке дұрыс тәлім-тәрбие беру. Жамандықтан сақтап, қауіп-қатерден қорғау. Әрбір істелген әрекет үшін берілетін жауаптан қорыққан жасөспірімде, өз-өзіне қол жұмсауға деген ниет болмайды. Жүрегіне қорқыныш ұялап, иманы күнәлі істен қорғап қалады. Өз-өзіне қол жұмсап жеңіл ғана өліп кету деген мүмкін емес. Өйткені, өлгеннен кейін де өмір бар. Бұл шындық. Сол себепті де, баласы үшін ата-анасы жауапты екенін ескеріп, кеш болмай тұрғанда сәби жүрекке имани ілімді құю қажет. Осы тұста ақылды таяқпен миға қондыра алмайтынды әрбір ата-ана өзі дұрыс ұғынуы қажет. Баламен досындай сырласқанда ғана тұщымды әңгіме өрбитіні хақ. Олай болса, қабірден кейін де өмір барын ұқтыруды ерте кезден, ертегі, әңгіме түрінде санаға сіңдіру қажет-ақ.
Абдрахманов Ысқақ Рахымбекұлы
Теміртау қалалық орталық мешітінің бас имамы