ЕҢ ҰЛЫ ЖАҢАЛЫҚ — ЖАЗУ

Ол — атқан таңдай ақиқат. Жер бетіндегі адам баласының айнымас жолы, тіршілік танымы мен үзілмес үміті. Жаңа жылда да, жаңа онжылдықта да, жаңа жүзжылдықта да, жаңа мыңжылдықта да осылай жалғаса бермек.
Жазушы Әбіш КЕКІЛБАЙ:
“Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық — жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу Адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ, иманды да ибалы, парасатты да етті. Шын мәнінде Ғылым, Дін, Мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен ұрпақтардың құндылықтарымен сусындады, кемелденді”- деп терең философиялық ой түйіпті.
Шындығында, аталмыш игіліктің мәнін жете түсінсек, көкезулікке салынып, сөзді көбейтуден, оны “өзге жұрттан ұзын етуден” (Абай ескертпесі) арылатын кез келді. Өмір сүріп жатқан кезеңіміз бен ортамыз прагматизмді, яғни нақтылықты, дәлдікті, үнемділікті талап етеді. Сөз бен іс қабысқанда ғана халық тұрмысының сапасы артады, елдің сана-сезімі өзгереді. Сонда жақсы тілектер тоқтаусыз тоғытылатын алдағы әрбір Жаңа жылдың айдарынан жылы жел есетін болады.

Дархан МЫҢБАЙ