«Ең үздік музей» байқауының жеңімпаздары анықталды (Фото)

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында мемлекеттік музейлер мен қорық-музейлер арасында ұйымдастырылған «Ең үздік музей» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шарада сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Қуатжан Уалиев: «Біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына үлкен жетістікпен жеттік. Ол жетістіктерге музей саласының қызметкерлерінің қосқан үлесі аз емес. Тәуелсіздік алғалы еліміздегі музейлердің барлығы аяқтарынан нық тұрды. Елбасы Ұлттық музей салуға ұйытқы болып, өзге музейлерді де дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі өтіп жатқан байқау ендігі жерде өз жалғасын табатынына сеніміміз кәміл» деп, музей саласындағы қызметтің маңыздылығына тоқталып өтті.

d4s_7062

Байқау жұмысы қыркүйекте басталып екі ай бойы жалғасқан. Нәтижесінде байқауға қатысушы үміткерлер Үздік мемлекеттік музей (облыстық дәрежедегі), Үздік қорық-музей, Үздік мемлекеттік музей (аудандық (қалалық) дәрежедегі), Мемлекеттік музейдің (облыстық дәрежедегі) үздік қызметкері, Мемлекеттік қорық – музейдің үздік қызметкері, Мемлекеттік музейдің (аудандық (қалалық) дәрежедегі) үздік қызметкері номинациялары бойынша марапатталды.

«Облыстық дәрежедегі үздік мемлекеттік музей»  номинациясын ОҚО Тарихи-өлкетану мұражайы жеңіп алса, «Үздік қорық-музей» номинациясын ШҚО Сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы иеленді. «Аудандық, қалалық дәрежедегі үздік мемлекеттік музей» номинациясы бойынша Жезқазған тарихи-археологиялық музейі жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек еліміздегі музейлердің қызметкерлері де марапатталды.  

d4s_6992

Байқаудың негізгі мақсаты — мемлекеттік музейлер мен қорық- музейлердің және музей қызметкерлерінің жұмысын ынталандыру және жетілдіру. Сонымен қатар, музей саласындағы шығармашылық және инновациялық бастамаларға қолдау көрсету.

Жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің атынан дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.