«ЕҢ ЖАС БАСШЫ» АТАНҒАН
«Анам мені 44 жасында дүниеге әкелді. Мені бірден ересек адамға қарағандай бақты. «Сені қартайғанда таптым, сенің қызығыңды көргім келеді», деп маған көп жауапкершілік жүктейтін. Сондықтан 3 жасқа келмей әріп танып, 4 жасымда көбейту кестесін жаттап алдым», – дейді вундеркинд Арыстанбек Нұрмаханов. Ол мектепке ел қатарлы 6 жасында барған. Алматыдағы №12 мектепте оқыған. Ұстаздардың берген тапсырмасын бірден орындап тастайтындықтан, мектеп озат оқушыны жоғары сыныпқа ауыстыруды жөн көрген. Сөйтіп, оның білімін тексеру үшін Ресейден арнайы делегация шақыртқан. Мәскеуден келген арнайы комиссия вундеркинд балаға 2-сыныптың тапсырмасын берген. Оны жылдам шешіп тастағанын көріп, 1-cынып оқушысын бірден 3-сыныпқа ауыстырған. «Өзімнен үлкен балалармен бір сыныпта оқыдым. Алғашында ыңғайсыз сезіндім, бірақ мектеп мен үшін білім алатын орта болды. Сондықтан, басқа дүниеге назар аудармауға тырыстым. Мектеп бітіріп, университетке құжат тапсырған кезде жеке куәлік алатын жасқа жетпеген едім. Туу туралы куәлік пен ата-анамның рұқсат қағазын көп сұрататын», – дейді ол.
Арыстанбек Нұрмаханов 1 9 9 2 жылы университетті тәмамдап, ғылым жолындағы еңбегін жалғастырған. Осылайша, 20 жасында филология ғылымдарының кандидаты атанып, 23 жасында кафедра меңгерушісі болған. Ал, 27 жасында Әлем тілдері университетінің халықаралық қатынастар факультетінің деканы болып тағайындалған. Сол кезде есімі «Ең жас басшы» ретінде БАҚ бетінде тағы жарқ ете қалды. 2000-2001 жылдары Әлем тілдері университетінің Халықаралық қатынастар факультетін басқарды. 2001 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің директоры болып тағайындалды. 2004 жылға дейін осы қызметте болып, кейін бизнес саласына ауысқан. 2004-2012 жылдар аралығында бизнес саласында жұмыс істегенімен, кейін қайта мемлекеттік қызметке оралған. ҚР Президентінің әкімшілігінде Мемлекеттік хатшы басшысының орынбасары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және архивтер комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Арыстанбек Нұрмахановтың балалары да білімге құштар, түрлі саладағы жетістіктерімен ата-анасын қуантып жүр. Өзінің айтуынша, ол балаларына қатал талап қоймайды екен. Қыздары Бибінұр мен Амира Арыстанбекқызы көркем гимнастикамен айналысады, Шектібай есімді ұлы бар.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ,Ақ жол