ЕҢБЕГІ ЕРЕН, ПАЙЫМЫ ТЕРЕҢ-Сәуле апа «Қазақ журналистикасының қайраткері» !!!

Ұстаз — қадір-қасиеті мол, шексіз жауапкершілік пен тынымсыз еңбектің, қажымас қайрат пен шығармашылықтың, үздіксіз іздену мен оқып-үйренудің адамы.

Ұлы данышпан әл-Фараби былай дейді: «Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек».
Ұстаз мамандығы-барлық мамандықтың анасы деп қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтеп шамшырақ болары анық.
Өмірде атқарған ісі мен іскерлігінің арқасында қоғамда орнын тауып, абырой биігінен көрінген жандар жетерлік.
Солардың бірі де бірегейі, тек менің ғана емес көптеген шәкірттердің зейінін ашып, өмірде де, еңбекте де бағыт сілтеген ұстаз, аяулы жан- Сәуле Мешітбайқызы.
Сәуле апамның бүгінгі марапатын есітіп қатты қуандым.
Осыдан сегіз жыл бұрын тура осы күні Сәуле Мешітбайқызы ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағын алған болатын.
Ал, бүгін тәуелсіздік мерекесіне орай апам «Тәуелсіздік 1986 желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің дөңгелек үстел үстінде «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалімен марапатталыпты
Бұл марапат басқа марапаттардан әлде қайда жоғары екені сөзсіз!
Еңбектеріңіз қашанда еленіп барлық марапаттардың иесі екеніңізді білеміз.
Еткен еңбек, төккен тердің қашанда ақталары анық.
Қашанда «Жастар – біздің болашағымыз. Біздің ізімізді басатын тұяғымыз. Бүгін біз атқарып жатқан істерді осы жастар жалғастырады. Сондықтан, олардың білікті мамандар болғанын қалаймын. Сол себепті, оларға әрдайым білгенімді, өмірлік тәжірибемді бөлісіп отырамын», – дейтін Сәуле Мешітбайқызына жас балаша еркелеп, апа деп кеткенмін.
Әрқашан қызу тіршілік, қайнаған жұмыстың ортасында жүретін апама өміріңіз тура осылай шынайы қарым-қатынас пен шалқыған шаттыққа толсын!
Сізге әлемнің барлық жақсылығын, дүниенің шуағын, өмірдің жырын тілеймін!
Өміріңіз мәнді, шаңырағыңыз сәнді болғай, Сәуле апа!

Дариха Пазылбекқызы Үмбетиярова