Еңбек Ері атындағы музей

Мойынқұм аудандық музейі 1973 жылдан бері халыққа мәдени қызмет көрсетіп келе жатыр. 1978 жылы «Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы шопандар тұрмысы мен еңбегінің тарихи музейі» болып, кейіннен «Мойынқұм аудандық Ж.Қуанышбаев атындағы музейі» деп аталуы бізге үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз.

Жарты ғасыр халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан Еңбек Ері атындағы музейде ауданның бұрынғы және қазіргі өмірін қамтитын 6610 тарихи жәдігер жинақталған. Мұнда келушілер ең әуелі Жаз-атаның бейнесімен, өмірбаянымен, ауданның тарихымен және қазба байлықтарымен, елді мекеннің картасымен таныса алады. Осы жерде суретші Заңғар Медетбековтің шебер қолынан шыққан Жаз-атаның жайлаудағы бейнесі, Қазақ хандығының қазығын қаққан Керей мен Жәнібек ханның ат үстіндегі болмысы, табиғат диаграммасы мен «Жайлаудағы той» туындылары келген көрермендерді шынайылығымен тәнті етіп жүр.

Жаз-атаға арналған арнайы бұрышта «малшылар маршалының» Еңбек Ері атанғанда алған қос жұлдызы, әр жылдардағы суреттері мен құжаттары, құтты ақ таяғы, «Ұрпаққа ұлағат» атты кітапшасы, 100, 120, 125 жасқа толуына орай шығарылған төсбелгілер, жеке бұйымдарынан костюм-шалбары мен шапаны, құндыз бөркі, 80 жастық мерейтойына тарту етілген сыйлықтары, өзі жатқан төсегі қойылған. Сондай-ақ, осында ол кісінің көзі тірісінде түсірілген деректі фильмді де көруге болады. Келушілер музейдің табиғат бөлмесінен ауданымызды мекендейтін аң-құстар мен осында өсетін өсімдіктер, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен гүлдер туралы жан-жақты ақпарат ала алады. Археологиялық бөлмеде 1989 жылы Хан тауынан археологиялық экспедиция тапқан «Қожабала қорымы» туралы ақпарат сақталған. Бірлік ауылының маңындағы «Төрткүл» қалашығынан табылған қышқұмыра сынықтары, керамика түрлері, құмыра, табақ, жебенің ұштары, қол шоқпар, кісе белдік сынды көне бұйымдар бүгінде музейдің ажарын ашып тұр.

Мойынқұм мекені жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың туған жері болғандықтан, ұлы ақынның суреті мен өмірбаяны, Көкірек руынан шыққан Биназар батыр хақындағы деректер мен Қылышбай ақын туралы мағлұматтар және Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы деректерді де музейден табуға болады. 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында елім деп еңіреп, сол үшін жанын пида еткен боздақтар жайлы деректер де молынан сақталған. Ежелгі тас дәуірі адамдарының еңбек құралдарын пайдалану мен өңдеу тәсілін, палеолит және неолит дәуірінің еңбек құралдарын, сақтар заманының кешенді заттарының көшірме суреттерін, ұсталық және аңшы бұйымдарын, құранды ер, кісен, қырықтық, тіс ағаш секілді жер өңдеу құралдарын да осында кездестіруге болады. Жазылбек Қуанышбаевтың шәкірттері, Еңбек Ерлері Д.Итбасова, Қ . Біртаев, С.Көшеков, К.Шалабаев, Қ.Дайырбеков, К.Тоқбаев, Ш.Өскенбаев, Ш.Шәріпбаевтың өмірі мен ерлік істерін баяндайтын құжаттар да музейде аз емес. Ал, қой қырқудан Кеңес одағының екі дүркін чемпионы болып, аты аңызға айналған Шотай Тайбағаров жөніндегі құжаттардың өзі бір қабырғаны алып тұр. Этнография бөлімінде тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық киімдер, мал шаруашылығының өркендеуі мен дамуына арналған жәдігерлер жинақталған. Осы аталған құнды жәдігерлерді көруге, олардың шығу тарихы мен танысу үшін музейге күн сайын көптеген көрермендер келіп, өздерінің жылы лебіз-тілектерін білдіріп жатады. Әсіресе, оқушылар мен жастар – жиі келетін құрметті қонағымыз.

Музей – тарихи орын, сонымен қатар өскелең елдің өсер ұрпағын тәрбиелейтін мәдениет ошағы. Міне, солардың қатарына құрылғанына биыл 50 жыл толып отырған Ж.Қуанышбаев атындағы музейді де жатқызуға болады.

Ләйлә ҚОЖАГЕЛДИЕВА,
Ж.Қуанышбаев атындағы музейдің директоры.
Мойынқұм ауданы