ЕҢБЕК ЕТКЕННІҢ ЕСЕБІ ТҮГЕЛ

Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылы – Кеңес дәуірінен мал өсірумен танылған іргелі елді мекеннің бірі. Заман ауысып, талғам өзгерсе де ата жолын жалғаған азаматтар бұл ауылда аз емес. Бүгінде Қызыләуітте 86 шаруа қожалық бар. Оның 50-ге жуығы дәл осы кәсіпті айналдырып келеді.

Төскейге түлік өргізген осындай шаруа қожалықтың бірі – «Мирас» шаруа қожалығы. Талғат Бегімбаев бас­қа­ра­тын қожалық 2011 жылы құрылған. Асылтұқымды қой және мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын азаматқа бұл кәсіп таңсық емес. Аз уақыттың ішінде ісін дөңгелетіп, қазір ауылдағы іргелі шаруашылықтың бірі саналып отыр. Талғат Бегімбаевтың өзі мұның сырын тынымсыз еңбекпен түсіндіреді.
– Барлық жетістік тек еңбекке байланысты. Қолға таяқ ұстап мал бағу – атадан келе жатқан кәсіп. Қанымызда бар. Тек бейнетіне бейімделе білсең болғаны, береке өзі келеді. Уақ мал мен мүйізді ірі қарадан бөлек, жылқымен де айналысамын. Ет бағытындағы асылтұқымды мал басын көбейтуді мақсат еттім. Ол үшін Ақтөбенің Ырғыз ауданынан қазақтың Ақбас сиырын алдырдым. Қазақтың қылшық жүнді қойларын да қорадан табасыз. Оның тұқымын Байзақ ауданынан жеткіздім, – дейді шаруа.
Тірлікті алға бастыру үшін алдымен қаржы қорың болуы тиіс. Онсыз тәуекелге бару – ісіңнің бекерге кетуімен бірдей. Тереңнен ойлап, кеңінен пішкен Талғат бастапқыда кәсібін кеңейту үшін «Әулие ата» несие серіктестігі арқылы қажетті қаражатты рәсімдеген. Бұл тоқтам нәтижесіз болған жоқ. Есесіне қожалық басындағы тұрғын жайға күннен қуат алатын қондырғы орнатып, құдық қаздырып алды.
Қай істі кәсіп еткен шаруа болмасын, әр жыл өз сынағымен келеді. Әр сынақ – бір сабақ. Алдыңғы жылғы наурыздағы дауыл мен мезгілсіз түскен қар қораға түлік ұстаған талай шаруаның есінде қалды. «Мирас» шаруа қожалығы үшін де оңай болған жоқ. Малға қажетті жемшөп қорының жеткілікті мөлшерде жинауын Талғат Бегімбаев осындай жағдайлармен байланыстырады.
– Қазір мал азығы жеткілікті. Одан қауіп жоқ. 25 тонна жем, 5 мың түк шөп жеткіздім. Өткендегі қаңтардың сары аязы да оңай тиген жоқ. Уақ мал мен мүйізді ірі қараны қорада ұстадық. Ал жылқылар тебінге шықты. Атамыз қазақ «Көлденең кеселден сақта» деген. Көктем келді деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Кім біледі? Табиғаттың тосын мінезін болжап біле алмаймыз ғой. Дегенмен қамданған қапы қалмайды, – дейді кәсіпкер.
Түлік өсіруді мақсат тұтқан кәсіпкердің алдынан кездесіп жатқан кедергілер аз емес көрінеді. Оның айтуынша, қойдың жүнін өткізу үлкен мәселеге айналып отыр. Тараз қаласындағы жүн өңдейтін фабрикамен бастапқыда өнімнің бұл түрін килограмын 40 теңгеден алатын болып келіседі. Кейін 20 теңгеден саудалайды. Бұл Талғаттың жүнді далаға тастап өртегенше, әжетке жарасын дегені. Шаруа сонымен қатар Меркідегі ет комбинаты апарған өнімді арзанға бағалайтынын айтады. Еңбектің ақталмағаны кім-кімге де ауыр. Есесіне шаруа қазір қой мен қозы етін Сайрам ауданындағы Қарабұлаққа апарып өткізеді. Ондағы ағайындардың ұсынған бағасы да көңілге қонымды.
Сол сияқты тиісті қаражатты алу үшін толтыратын құжат көп. Уақыт пен жол шығынын қажет етеді. Бұл да мәселе. Нәсібін мал өсіруден айырған кәсіпкер осындай түйткілдердің көңілді қынжылтатынын алға тартады. Дегенмен Талғат Бегімбаевтың алдағы жоспары аз емес. Ол қазір мал бордақылау алаңын соғып жатыр. Сәтін салса, көп ұзамай құрылысы аяқталып қалар. Шаруа несие рәсімдеп, түлік басын да арттырмақ ниетте.
Дегенмен бақ та, байлық та еңбекпен бітеді. Жолда түрлі қиындықтар кездесіп жатқанымен оған кінә артып жатқан кейіпкеріміз жоқ. Ризығын адал еңбектен іздеген Талғаттың табандылығы өзгеге үлгі.

Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист