Еңбек инспекциясы заңбұзушылыққа жол бермейді
Алматы облысы әкімінің қаулысымен 2013 жылдың шілде айында облыстық еңбек инспекциясы құрылды. Бұған дейін мемлекеттік еңбек инспекторлары Алматы облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінде жұмыс атқарған, ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 сәуірдегі № 411 қаулысына сәйкес еңбек инспекциясының функциясы жергілікті атқарушы органның қарамағына тапсырылған.
Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармада 4 бөлім құрылған. Олар: еңбек қатынастарын бақылау бөлімі, еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімі, ақпараттық-талдамалық қамсыздандыру бөлімі және құрылыс саласындағы еңбек заңнамасын бақылау бөлімі. 2016 жылдың өткен мерзімінде мемлекеттік еңбек инспекторлары мекемелерде жұмысшылардың арызшағымдары мен прокуратураның талап хаттары бойынша жоспардан тыс 318 тексеру жүргізді. Тексеру барысында облыс бойынша 810 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша — 446 (немесе 55,1% оның ішінде жалақы жөнінде 28,2%), еңбек қауіпсіздігі бойынша — 271 (33,4%), жұмыспен қамтуда 93 (11,5%) заңбұзушылыққа жол берілгені белгілі болды.
2016 жылдың өткен 8 айында еңбек инспекторлары әкімшілік жауапкершілікке 338 лауазымды және заңды тұлғаларды тартып, 13659240 теңге мөлшерінде айыппұл салды. Жыл басынан бері еңбек инспекциясы бойынша басқармаға 181 арыз бен өтініш түсті. Еңбек шартының сәйкес еместігі жөнінде 48 заңбұзушылық анықталса, 58 заңбұзушылық бойынша еңбекақы уақытында төленбеген. Ағымдағы жалақыға қарыздарын төлемегені жөніндегі арыз-шағымдарды басқарма күнделікті қарастырып, шара қолданып отырады. 2016 жылдың басынан мемлекеттік еңбек инспекторлары 54 мекемелер мен кәсіпорындардың 985 қызметкеріне 230,2 млн. теңге жалақы қарыздары барын анықтады. Аталған мекемелердің басшыларына еңбек заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою мақсатында 50 ұйғарым беріліп, 6,7 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Нәтижесінде 230,2 млн. теңге жалақы қарыздары жабылып, 985 адамның құқығы қорғалды. 2016 жылы қолданылған шаралардың нәтижесінде «Палм-ЕС» ЖШС, «Жетысугеомайнинг» ЖШС, «Селден қорғау құрылыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, «Айсем и К» ЖШС, «Жаркент Су Құбыры» МКК жалақы берешектері толық жабылды.
Сонымен қатар, Панфилов ауданында құрғақ порт салу және Батыс Қытай — Батыс Еуропа жол құрылысы бойынша тартылған қосалқы мердігерлік ұйымдардың еңбек шарттарын орындау жұмысы қатаң назарға алынды. Бұған қоса Талдықорған қаласындағы 60 жеке кәсіпкерлік кәсіпорындардан мониторинг бойынша жұмысшыларды қысқартпау және еңбекақы бойынша берешекті болдырмайтыны жөнінде кепілдік хаттар алынды. Алматы облысында еңбек қатынастарының жағдайы біршама жақсарды. Жұмыс беруші, кәсіподақ және қызметкерлер арасындағы қарымқатынас реттелген. Нәтижесінде еңбек даулары облыс бойынша өткен мерзімде орын алған жоқ. Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы жалақы бойынша берешекке тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Басқарма облыс прокуратурасымен бірлесе отырып, еңбек дауларын және еңбекақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында облыс кәсіпорындарымен және ұйымдарымен жүргізілетін мониторингті күшейту туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда облыс бойынша мониторингке 53 ірі және 300-ден аса орта кәсіпорындар қамтылып, жалақы, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша анықталған берешек фактілері және оларды өтеу жөнінде қабылданған шаралар туралы жауапты мемлекеттік органдардан апта сайын шұғыл ақпарат алып отырады.
Жұмыспен қамту басқармасынан түскен 3-ТН есепті деректері бойынша әлеуметтік шиеленісушілікті және еңбек жанжалдарының туындау қатерін айқындау өлшемдері негізінде жұмыс жүргізіліп жатыр. 2016 жылдың 8 айында облыс кәсіпорындарында өндіріске байланысты 19 жазатайым оқиғалар орын алды. Осыған орай 25 адам зардап шегіп, оның ішінде 4 адам қаза тапса, 15 адам ауыр, 6 адам жеңіл және орта дәрежеде жарақат алған. Жазатайым оқиғалардың басты себептері жұмыс берушілер мен жұмыс өндірісін ұйымдастырушылар тарапынан және зардап шегушілердің өздерінің еңбек қауіпсіздігі жағдайларына немқұрайлы, жауапсыз қарау салдарынан болып жатыр. Әртүрлі салалардағы жарақат себептерінің өз ерекшеліктері бар, алайда барлығына ортақ: жұмыс өндірісін қанағаттанарлықтай ұйымдастырмау, еңбек және өндіріс тәртіптерін бұзу, еңбектегі қауіпсіздікке жеткілікті түрде оқытпау, көлік құралдарын пайдалану кезінде техника қауіпсіздігі талаптарына жете мән берілмеуінің салдарынан болып жатады. Қазіргі жағдайдағы еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігіне ұйымдардың экономикалық, өндірістегі материалды-техникалық базалардың жағдайы, қолданылатын техникалардың деңгейі, жұмыскерлерді қорғау бойынша ғылыми-техникалық және құқықтықэкономикалық дамуы ықпал етеді. Сарапшылар әлемде әрбір қызметтің толық қауіпсіздігіне кепілдік беретін жүйе болуы мүмкін емес екенін айтады. Өйткені әрбір жасалған әрекеттің өз қаупі бар. Сәтсіз жағдайлар түрлі себептермен байланыстырылады. Көп жағдайда еңбек қауіпсіздігін сақтауға дұрыс мән берілмейді. Қызметкерлердің денсаулығына залал келмесе, еңбек тәртібі жақсарып, өндірістік және қоғамдық белсенділік пен еңбек өнімділігі арта түседі емес пе?!
Біздің қоғамдағы мұндай еңбек қатынастары еліміздің Еңбек кодексімен реттелген. Бүгінгі күні бір мекеменің ағымдағы жалақыға қарызы бары анықталды. Ол: Қапшағай қаласындағы «Арт Карлтон» ЖШС 165 адамның алдында 16,2 млн. теңге жалақыға қарыз екені анықталып, еңбек инспекциясы басқармасының тарапынан тексеріс жүргізілді. Тексеру барысында заңды тұлға кәсіпорынға уақытында еңбекақыны төлемегені үшін 212100 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілді. Мекеменің бас директоры Н. Волковадан мамыр айында құрылтайшылар жиналысының шешімі бойынша берешекті жабамыз деген хаты алынды. Алайда кәсіпорын ұйғарымды көрсетілген мерзімінде орындамады. Сондықтан іс экономикалық сотқа беріліп, 2016 жылғы 26 сәуірде сот шешімі шығарылды. Орындау қағазы сот орындаушыларға тапсырылды. Қазіргі таңда сот орындаушылар тарапынан жалақы қарыздарын жабу мақсатында шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар, банкротқа ұшыраған 4 мекеменің жалақыға қарыз мөлшері 23 адамның алдына 9,6 млн. теңгені құрайды. Олар: банкрот «Giant» /Джиант/» ЖШС (Қапшағай қаласы) еңбекақыға қарыз мөлшері 10 қызметкердің алдында 4,3 млн. теңгені, банкрот «Маис-Агро» ЖШС (Еңбекшіқазақ ауданы) еңбекақыға қарыз мөлшері 5 қызметкердің алдында 2,4 млн. теңгені, банкрот «Glotur» АҚ (Талдықорған қаласы) еңбекақыға қарыз мөлшері 1 қызметкердің алдында 1,8 млн. теңгені, ал банкрот «Сим энерго» ЖШС (Талдықорған қаласы) еңбекақыға қарыз мөлшері 7 қызметкердің алдында 1,1 млн. теңгені құрайды. Алматы облысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек Кодексін түсіндіру және халыққа жеткізу бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспары жасалып, облыс әкімінің орынбасарымен бекітілді. Іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында облыстың қала, аудан әкімдіктері, өңірлік кәсіпкерлер палатасы (келісім бойынша), аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері (келісім бойынша) және еңбек инспекциясы тартылды. Алматы облысы бойынша еңбек инспекциясы күшімен бүгінгі күнге дейін 332 мекемеде (56 ірі, 177 орта және 99 шағын) Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек Кодексін түсіндіру және халыққа жеткізу бойынша семинар кеңестер өткізіліп, баспасөз беттерінде 12 мақала жарияланды. Сонымен қатар жергілікті телеарна арқылы 2 түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек Кодексін түсіндіру және халыққа жеткізу бойынша атқарылған іс-шаралар жұмыстары басқарма сайтына орналастырылған. Жаңа Еңбек Кодексін түсіндіру жұмыстары одан әрі жалғасын табуда.
Жұмағали Әлібаев,
Алматы облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары