Еңбекпен тапқан ақша
Баяғыда көпті көрген бір кісінің жалғыз ұлы болыпты. Ұлы ержеткенде әкесі оған адал еңбек етіп, ақша табуды тапсырады. Бірақ, әйелі баласын аяп, жұмысқа жібермей, күнде ақша беріп тұрады. Ал, ұлы әлгі ақшаны кешқұрым «бүгінгі табысы» екенін айтып, әкесіне ұсынады. Әкесі еш ойланбастан «табысын» отқа лақтырып жібереді. Ұлы ештеңе демей үйден шығып кетеді. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанған соң, ұлы еңбектену керектігін түсінеді. Таңертең ерте тұрып, базарға барады. Бір саудагермен келісіп, жүгін тасып береді. Кешке еңбекақысын алып, әкесіне қарай құстай ұшады. Үйге кіре сала маңдай терімен тапқанын әкесіне береді. Әкесі барлығын біле тұра бұрынғы әрекетін тағы қайталайды. Бұған шыдамаған бала лаулап жанып тұрған оттан ақшаны суырып алады да:
— Әкетай, мен бұл ақшаны кешке дейін еңбектеніп, әрең таптым. Ал, сіз болсаңыз отқа тастайсыз,- дейді көзі жасаурап.
Сол кезде әкесі:
— Балам! Сенің айтқаның орынды. Мен саған адал еңбекпен табылған малдың қаншалықты қадірлі болатын ұқтырғым келген еді,-деп ұлын бауырына басып, құшағына алыпты