ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН МҰРАТҚА

Малдәрігерлік жұмысы қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Әсіресе, ауылдық жерлерде мал дәрігерлерінің әр күні қарбаласпен өтеді. Көктем келісімен малдәрігер мамандары үй бетін көрмей, тізеден қи кешіп, ел малының амандығы үшін төрт-түлікке түрлі екпелер салады.
🔰Төрт түліктің тілін біліп, ауырған малдың емін дөп басып табатын жандардың бірі — Байқадам ауылдық округі, Саудакент ауылының тұрғыны — Жүсіпахмет Жарылқасынұлы Сатаевтың осы салада жұмыс істеп келе жатқанына 40 жыл болыпты.
🔰Ауыл тұрғындарының алғысына бөленген азамат 1962 жылы 23 ақпанда Өзбекстан Республикасы, Бұқара облысы, Тамды ауданында дүниеге келді.1968 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1978 жылы орта мектепті бітіріп шығады. 1980 жылдың мамыр айына дейін аудандық Телекоммуникация (АТС) мекемесінде электромонтер болып жұмыс істейді. Одан кейінгі жылдары Ресейдің Куйбышев, Тольятти, Курск қалаларында Отан алдындағы әскери борышын өтеген соң, Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласындағы мал-дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, 1985 жылы малдәрігерлік мамандығы бойынша оқу орнын ойдағыдай бітіреді.
🔰Болашақ ветеринар ауыл халқының игілігі үшін жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсету үшін ауылына қайта оралады. Осылайша ол аудандық ветеринариялық лабораторияға хим-токсикология бөлімінің меңгерушісі болып орналасып, 1986 жылдың 30 қаңтарына дейін жұмыс атқарады. Ал, 1986 жылы Тамды Госплем заводына ветеринариялық дәрігер болып жұмысқа ауысып, қазан айына дейін жұмыс атқарып, қазан айынан бастап Тамды аудандық ветеринариялық лабораторияның серология, радиология бөлімдерінде 1991 жылдың тамыз айына дейін жұмыс істейді.
🔰Сол жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылына отбасымен қоныс аударады. Қыркүйек айынан бастап Сарысу аудандық ветеринариялық станциясының емдеу бөліміне ветеринариялық техник болып жұмысқа қабылданады. Ал, 1992 жылы Сарысу ауданы, Калинин атындағы совхозға мал-маманы болып жұмысқа ауысып, сол жерде 1994 жылдың маусым айына дейін жұмыс істеп, одан кейін аудандық малдәрігерлік мекемесіне мал — дәрігері болып жұмысқа келеді.
🔰Әр жылдары, аудандық ветеринариялық станцияда, аудандық аумақтық басқармасына мемлекеттік ветеринариялық инспектор, Игілік ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман, аудан әкімдігінің «Ветеринариялық қызметі» ШЖҚ КМ кәсіпорнында және Игілік, Байқадам, Қамқалы ауылдық округтерінде ветеринариялық пункт меңгерушісі болып қызметтер атқарды.
🔰Бүгінгі таңда, Байқадам ауылдық округінде ветеринариялық пункт меңгерушісі болып абыройлы еңбек етіп жүр.
🔰Жалпы 46 жылдық еңбек өтілінің 40 жылын ветеринария саласында үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан білікті маман өз сөзінде : — Қыстыгүні мал аурулары көп болмайды. Біз малға екпе егу жұмыстарын көктем және жаз айларында бастаймыз. Егер елді мекен тұрғындарының малдары ауырса, күндіз болсын, түнде болсын тұрғындардың шақыртуымен үйлеріне барып, малдың ауруларын анықтап, қажетті дәрілерін жазып беріп отырамыз. Бұл күнге дейін ауыл тұрғындары тарапынан ешқандай шағым айтылған жоқ. Мұның өзі біз сияқты мал дәрігері үшін үлкен қуанышпен тең. Ауыл халқының алғысын алғаннан артық бақыт жоқ шығар сірә,-дейді.
🔰Осындай өз жұмысына ұқыптылықпен қарайтын мамандар қоғамға әр кез пайдасын тигізетіні белгілі. Ал белсенді, еңбекқор мамандардың арқасында аймақтың дамитыны айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: — Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі, — деді.
🔰Білікті ветеринардың «алтын қолы» аман болса, әлі талай төрт түлікті түгел қылатыны анық.