ЕҢБЕКТІҢ ҮЛКЕН-КІШІСІ ЖОҚ

 

  • Осы наубайхананы ашып, нан пісіріп келе жатқанымызға он жылдан

асты. Өз округіміздің нарығын толық игерген шағын кәсіпорынбыз. – дейді Ботакөз Қалдыбайқызы. Алматы облысы, Алакөл ауданы, Көлбай ауылында туып өскен ол — туған жердің топырағында қанат жайған үлгілі отбасының отанасы. Зейнетке шыққанына біраз жылдың жүзі болсада әлі күнге еңбектен қалған жоқ. Өзі технолог қызметін атқарса, қасында тағы екі адам еңбек етеді. Бүгінгі таңда төрт түрлі нан өнімдерін өндіруде. Кірпіш нан, «Каравай» наны, батон және тоқаштар. Бір ауысымдық жұмыс күнінде 100-150 дана нан пісіріледі. Осы тауарларды төңіректегі төрт-бес шағын елді мекен тұрғындары тұрақты түрде тұтынады. Сонымен қатар демалыс күндері көрші Қабанбай батыр ауылындағы базарға апарып, базарлап  та қайтады.

  • Бағамызды бір қалыпта ұстаймыз. Кей кездерде ұнның қымбаттауына

байланысты біраз қиыншылықтар көрдік. Бірақ оны да уақытша сын деп қабылдап, одан да өттік. Пәлендей шаш етектен пайдаға кенеліп жатырмыз деп айта алмаймын. Ең бастысы осы он жылдан астам уақыт ішінде өзіміз де кәсіби шыңдалып, ел арасында жағымды пікір қалыптастырып үлгердік. Нарық талабы осы деп ойлаймын.

Ботакөз Қалдыбайқызы тумысынан сабырлы, алды-артын ойлап барып кесетін бір тоға жан. Өз ісіне деген байсалдылығы арқасында алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап, жалтаңсыз тірлік тасын өрге домалатып келе жатыр. Масылдық психологиядан ада ол былай дейді сөз соңында: — Кейбіреулер сыртымыздан біздің табысымызды санайтын көрінеді. Сонда ойлаймын: олар неге осы дәрежеге жеткенімізше көрген бейнетімізді есепке алмайды екен деп. Ешнәрсе аяғымен дік етіп тұра қалмас, талай рет қапаланып, қолды бір сілтегім келген кездер де болды. Қазір соның бәрі ұмытылды. Адам бойына жақсы қасиет дарытып, тәриелейтін тек еңбек екеніне шынайы көзім жетті. Жастарға айтарым: істі үлкен-кіші деп мінемей, тынымсыз бір сүйем болса да алға жылжи беру керек. «Дайын асқа тік қасықтың» заманы өткен. Қолың қимылдаса- аузың да қимылдайды.

Заман Төлеуов,

Алматы облысы, Алакөл ауданы, Көлбай ауылы