Энциклопедияға енеді
Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының мамандары Павлодар өңіріне келіп, археографиялық экспедиция жұмыстарын жүргізуде. Мақсаты – «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы бойынша әзірленіп жатқан «Қазақстан тарихы» энциклопедиясына басылатын материалдарды іріктеу. Сонымен қатар, қазақ тарихының құнды мұраларын сақтау мақсатында құрастырылған электронды платформаға енгізіледі.
Мамандар қазір облыс орталығындағы архивтер мен музейлерді аралап, біздің өңірдің арғы-бергі тарихына қатысты құнды құжаттарды жинап алуда. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты ғылыми хатшысы Анар Арепованың сөзінше, археографиялық іздеу жұмыстары қыркүйек айының 11-де басталып, 20-на дейін жалғаспақ.
Ең алдымен Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағатында одан кейін М.Шамсудинова музей үйінде және Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде болды. Міне, осы жұмыстардың нәтижесінде Қаныш Сәтбаев, Әлікей Марғұлан, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қамар Қасымов, Майра Шамсудинова сынды көрнекті жерлестеріміздің өмірбаяндары мен фотосуреттері алынды. Сонымен қатар, Кеңес Одағының батырлары мен «Даңқ» орденінің толық кавалерлері, Халық Қаһармандары мен олимпиада чемпиондары да сол энциклопедияға енеді. Бұдан бөлек облыс аумағындағы маңызы жоғары тарихи-мәдени орындар да қамтылатын болады. Мысалы, өңірге келген мамандар Мәшһүр Жсүсіп, Түгел батыр, Торайғыр би кесенелері және Қоңыр әулие үңгірі сынды көпшілік қызығатын орындарға да зор қызығушылық танытып отыр. Материалдар энциклопедиялық сипатта дайындалуда. Яғни, кітапқа бір тарихи тұлға туралы бір беттен аспайтын мақала басылса, тарихи-мәдени орындар туралы төрт беттен аспайтын мақала шығады.
— Біздің институт Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойныша қыруар жұмыс атқаруда. Солардың бірі – ҚР Ғылым және білім министрлігінің ғылым комитетінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы. Осы жоба аясында жыл басынан бері «Қазақстан тарихы» энциклопедиясының бірінші бөлімі жарыққа шықты. Енді екінші және үшінші бөлімдері үшін материалдар дайындаудамыз. Бұл бөлімдер келесі жылы жарыққа шығады. Бұдан бөлек арнайы оқу-ағарту энциклопедиялық бағын құрып, концепциясын әзірледік. Ғылыми негізделген критерийлер бойынша алынған 100-ден астам тұлға тізімі электронды платформада сақталады. Платформа парақшасы біздің институттың сайтында орналастырылған, — дейді Анар Дүйсенбекқызы.
Сонымен қатар, аталмыш тарихи туындыға С.Торайғыров атындағы ПМУ және Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының тарихшыларының өз ізденістері бойынша зерттеп, жазған мақалалары да басылады. Энциклопедия шығару идеясының авторы тарих ғылымдарының кандидаты Сәулебек Рүстемов болса, жоба жетекшісі Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов.
Тілеуберді САХАБА