Енді қораңды кепілге қойып та, қаржы ала аласың  

 «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған» мемлекеттік   бағдарламасы аясында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Әулиеатада  аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Бастау бизнес» жобасы негізінде бір ай оқыту курсынан өтіп, кәсібін дөңгелетіп отырғандар жетерлік.

Атап айтсақ,  бір ғана мал шаруашылығымен айналысу үшін былтыр1003 адам шағын несие алған. Оларға бөлінген несие қаражатының көлемі 4 миллиард 111 миллион теңгені құраған. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, биыл да оқыту курсынан өтіп, мал шаруашылығымен айналысқысы келген 1020 ауыл тұрғындарына осы көлемде қаржы  бөлінбек  екен.

– Бағдарламаның мақсаты – қолынан іс келетін ауыл тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсету. Моноқалаларда мал асырап, бордақылаумен айналысқысы келетін адамдар да осы бағдарламаның тиісті бағыты арқылы оқып, қаржылай несие ала алады. Бұл бүгінгідей еңбек нарығында әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуына беріліп жатқан зор мүмкіндік. Олар мал шаруашылығымен айналысып, тасы өрге домаласа өзгені де жұмыспен қамтитыны анық. Биыл осы бағытта бөлінген несие қаражатының 2 миллиард 466,6  миллион теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы, ал 1 644,4 миллион теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы беріледі. Сонымен қатар  ағымдағы жылы республикалық бюджеттен қосымша 1миллиард теңге бөлінгенін айта кеткім келеді, – дейді Қайрат Тілеубайұлы.

Тағы бір жағымды жаңалық, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалының несие бөлімінің басшысы Бауыржан Тәжібаев  аталмыш  қор шаруаларды ешқандай екінші деңгейлі банк немесе несие серіктерінсіз өздері тікелей қаржыландыратынын, ауылдық жердегі кез-келген үй, ауласындағы 5-10 тұяқ үшін салынған қора-жайдың барлығы кепілге қойылатын мүлік ретінде жарайтынын, оның құнын тәуелсіз бағалаушылар есептеп беретінін, несие соған сай берілетінін айтады.

Иә, бұл сөз жоқ, жанға жылу беретін жаңалық. Енді бағдарлама аясында шаруалар өз тірліктерін тіктеп ғана қоймай, қора-жайларына дейін кепілдікке қойып несие ала алады. Ал бұл дегеніңіз, әр ауылдық жерден жүздеген шағын және орта бизнес субъектілері ашылады деген сөз. Одан облыстың экономикасы тағы қарыштап, дами түсетіні анық.

 

Төлен Дедек