Ендігі толқын заманақыр жастарыныкі
Соңғы жылдары туған сəбилердің дене бітімі мен ой-санасында бұрынғыларға қарағанда көптеген өзгешеліктер бар екен. Оны дəрігерлер де мойындап отыр. Сонымен, өзіміз байқаған бірнеше өзгешелікті тарқатып көрейін. Мұнымен бəлкім сіздер де келісіп қаларсыздар. Қазір дүниеге келіп жатқан нəрестелердің басымының мойны бір-екі айда бекіп қалады екен. Басын өздері ұстай алады. Бұрын қалай еді?
5-6 айсыз сəби басы былқ-сылқ етіп, басы денесін басып кетіп құлай беретін еді ғой. Мойнынан ұстап көтеретінбіз. Қазіргі жаңа туған сəбилер ай өткен соң айналасына емін-еркін қарай бастайды, бастарын ұстап, дыбыстаған жағыңа мойнын бұрып қарайды. Тіпті сенімен сөйлесуге құмар. Сосын бар ғой, қазіргі нəрестелердің төбесіндегі «еңбегі» тез қатып кетеді екен. Оған да ай жарым уақыт жетіп жатыр. Бұрынғы балалардікіндей көкпеңбек болып бүлкілдеп тұрмайды. Еңбегі білінбейді де. Бұрын ғой бала «таш», «тас» деп айтқанша еңбегі қатпайды деуші еді, ол заман өтіпті. Жаңа заманның, үлкендеріміз айтпақшы, ақырзаман балаларының біз байқаған үшінші бір белгісі тіптен қызық. Бұл балалардың бас бармағы мен сұқ саусағы, яғни «балаң үйрегі» қалған саусағына қарағанда өзгеше бітіп жатыр дейді. Бас бармағы мен сұқ саусағы ұзындау! Əке-шешесі ұялы телефон ұстап қалған ұрпақ қой, іштегі балаға, Тəңірі бұйырып тысқа шығып, адам бола бастағанда əлгі «монопад» та қажет емес, саусағы «соткі» ұстауға өте ыңғайлы, селфиді қатырады, сұқ саусағы пернетақтаның кез келген тетігін басып, керегін мінсіз атқаруға бейім екен. Оң жəне сол қолының бас бармағы мен балаң үйрегі ерекше біткен балалар құдды «инопланетияндар» іспетті дегің келеді. Ата-анасын «жаулап алған» техниканың тілін меңгеруге тумай жатып əзір ұрпақ əзір келуде… Қызық жайт, иə?! Бұл қандағы, тектегі, сүйектегі өзгерістер ме сонда? Ататектің өзгеруі ме? Жəне бұған қосарымыз қазіргі балалардың басымы туа бітті талант, ерекше өнері бар болып шығады. Оны телеарнадан байқап жүрсіздер. Өз немере-жиендеріңіздің бойынан аңғарасыздар. Сосын қартаю үдірісі саябырсып қалған.
Қазіргінің 60-70-тегі қарт-кемпірі бұрынғылардай көрінбейді, олар да əжімсіз өңнің иелері… Жасамыс көрінеді. Сонымен бүгінде адам ұрпағы өзгеруде десек, бұған уақыттың, ғылыми жетістіктер мен табиғи құбылыстардың əсері бар деген тоқтамға көңіл құлай береді екен ғой… Сірә, оған таңдану да керек емес шығар. Ендігі толқын «заманақыр жастарыныкі» емес пе?..
Мұнайдар Балмолда