Енеңе не істесең, алдыңа сол келеді екен
Түнде құрбым телефон соғып, ажырасқысы келетінін айтты. Себебі, енесі жақтырмайды екен. Айтуынша, отырса-опақ, тұрса -сопақ. «Баласын жақсы көресің де, шешесін неге жақсы көрмейсің?» деген жаттанды сөздерді айтпадым. Тек енемен тату-тәтті өмір сүрудің жолдарын айтып бердім. Әжемізбен (үлкен енем) тұрған 9 жыл ішіндегі түйгенім мынау:
1) Базарға барайын деп жатқанда ешқашан «Балаларыма, өзіме бірдеңе алайын» деп айтпаңыз! «Сіздің балаңыз жаурап жүр, бір сырт киім әперуім керек еді» десеңіз болды, «Әпер-әпер, бара ғой» деп шығарып салады.
2) Ешқашан «Кешке мына тамақты жасаңыз» деп айтушы болмаңыз. Үйде отырған кісі бәрібір қазанды қайнатпай қоймайды. Жәй ғана «Балаңыз көптен бері манты жегісі кеп жүр, осыдан демалыс болсын манты істеп бермесем» десеңіз болды, көрші Айнұр келіншекті шақырып алса да, мантының қамырын жайғызып, түйгізіп дайындап қояды. Ал ет асу ол кісілерге түк емес.
3) Ешқашан «Менікі дұрыс» демеңіз. Өйткені, бізге ұнамаса да енеміздің айтқаны дұрыс.
4)Үйге кешігіп келе жатсаңыз, міндетті түрде сөйлейді. Сондықтан жақындап қалғанда звондаңыз. Тұтқаны алған бойда «Дүкенде тұр едім, тез айтыңызшы не керек?» десеңіз, «айран, сүт, қаймақ, памперс…» деп қалай сөйлеп қойғанын білмей қалады.
5) Кішкентай бала сияқты болады өздері. Анда-санда орамал, көйлек, шұлық әперсеңіз біразға дейін көңілді жүреді.
6) Айлық түскен сайын қолына ұстатпайтынымыз белгілі. Бірақ «Бүгін айлық түсті, премиясы да көп екен» деп естірту керек. Сонда «Шүкір, шүкір менің арқам. Балаларыңды бақпасам, қаңғып жүрген қайдағы премия» деп өзіне риза болады.
7) Әжені біреу қонаққа шақырса, 3-4 күн қалғаннан бастап «Қонаққа шақырып еді, қай күні еді, ұмытып кетпедіңіз бе?» деу керек. Қонаққа баратыны есіне түскен сайын қуанып қалады.
8)Кішкене басы ауырып тұрса да мән беру керек.»Жедел жәрдем» шақыртпайтыны белгілі, сонда да «Қазір скорый шақырайын» деп телефон іздесеңіз «Қоя ғой, олар не істейді дейсің, шәй ішіп терлесем, жазыламын ғой» деп өзін емдеп жібереді.
9) Дастархан басында баласын тек мақтау керек. Сонда сені де мақтайтын болады.
10) Ауылдағылармен телефонмен сөйлескенде, міндетті түрде басқа бөлмеге кетіп қалған жөн. Көз алдында жүрсең «Азанда кетеді, кешке келеді. Балаларын бақтырып, әбден шаршатты» деп жамандай бастайды. Ал басқа бөлмеде жүріп тыңдасаң «Шүкір, ауырсам дәрі-пәрі дайын. Не жеймін, не киемін демеймін. Балам мен келінім бағып жатыр» деп бір марқаяды. Талай рет дәлелденген!
11) Үлкен кісілер ақыл сұрағанды өте жақсы көреді. Керек болмаса да ақыл сұрап, білмейтініңізді білдіріңіз.
12) Әрең жеткен демалыста біреу қонаққа шақырады. Бармасаңыз ұят. Барайын десеңіз енеден ұят. Ондай кезде жәй ғана әже танитын кісілердің қонаққа шақырғанын айту керек. Ол танымайтын кісілерді айтсаң, бітті. «Қайтейін шақырса» деп дүрсе қоятыны белгілі. Сол үшін «Мөлдірдің туған күні еді» немесе «Мөлдірдің баласының туған күні» дегендей. «Бірақ түк барғым келмей тұр» дегенді қосып қойыңыз. Сонда «Өзіміздің Мөлдір ме, барсай, ол сенікіне талай келді ғой » дегенде зытасың. Кейде Мөлдіршіл болып кетсек, «Қонақ күткенен шаршамайды екен өзі» дегеннен арыға бармайды. Әрине, қайда баратыныңды жолдасың білу керек!
13) Түнде бір бөлмеде жалғыз жатқанды ұнатпайды. Үлкендерін ақыл айтқызып жатқызасың, кішкентайларына бір-екі дауыс көтерсең «Әже-е-ее» деп өздері үшін кетіп қалады. Әжесі де мәз болып, айналып-толғанып ұйықтатады. Негізі әженің қасында жатса бала ауырмайды екен. Өзі айтпақшы, «Түнде он рет тұрдым, көзім ілінбеді» деп жатады. Сол он тұрғанда балаларға он рет көз қырын салып, көрпесін қымтап қоятыны белігілі.
14) Судың, жарықтың және қоқысқа төлейтін аз-маз ақшаны «Жаратып қоямын, сізде тұрсын» деп қалтасына салып қойсаңыз болды, көңілді жүреді. Алсаңыз аларсыз, алмасаңыз тіпті жақсы. Қомақты қып беруге болмайды екен. Бұрын пәтердің ақшасын бір беремін деп, әрең алғаным бар. «Өздерің бересіңдер, өздерің аласыңдар» деп ұрысқаны есімде. Есіңізде болсын, қанша ақша берсеңіз де, уақыты келгенде өзіңізге бере салады.
15) «Мына көйлегіңіз әдемі екен», «Қалыңдау орамал әперейін», «Қамзолыңыз күшті жарасады», «Ауырып қалмаңыз» деген сөздерді жиі айта беру керек. Ұнайды. Көп жазып кеттім негізі.Тоқтайын. Ең бастысы «Енеме не істесем, алдыма сол келеді» дегенді мықтап естен шығармау керек. Бір күн ұрыс болған үйде, қырық күн береке болмайды.