ЕНЕҢЕ ӨЗ АНАҢДАЙ ҚАРА!

ҰЛЫ ЖАҚСЫ ДА, ШЕШЕСІ ЖАМАН БА?!
ЕНЕ мен КЕЛІН арасындағы сыйластық туралы жазбас бұрын басымнан өткен оқиғаны баяндап берсем бе деймін. Алғаш тұрмысқа шыққанда жаспыз, көп нәрсенің байыбына бармай, енемді көп ренжітіппін. Оған ауыр сөздер айтқан кезім де болды. «Мынау қақпас бәле болды ғой, күйеуім екеуіміздің арамызға от жағып, мені алалап» — деп кейіген күндерім де болғанын жасырмаймын. Енем, біраз жыл бізбен бірге тұрды. Жұмыстан келгенде жасаған тамағын жақтырмай, өзім бөлек тамақ істеп әкіреңдеген кездерім үшін қазір қатты ұяламын, өлердей өкінемін. Енем қазір Қарағанды қаласында қызының қолында тұрады. Қайын бикем де «Әй, сен неге сөйттің!»-деп бетіме қарап көрмеген өте ақылды адам. Арада қанша жыл өтсе де әлі күнге өзекті өртеген өкініштің орнын толтыра алмай келемін. Қарағандыға бара қалсақ «қайын жұртым» құрақ ұшып қарсы алып, құрметтеп шығарып салады. «Мама, Алла кешірсе мені кешіріңізші, үйге қайтыңызшы, ақырғы деміңіз шыққанша алақанымызда аялап өтеміз» — деп, талай кешірім сұрайын деп оқталсам да батылым жетпей, іштен тынып кетіп қаламын. Күйеуіме ақырын ғана: «Анаң ғой, мама үйге жүріңіз, деп айтшы» десем, оның да батылы жетпейтін сияқты. Енем менің ЕКІНШІ АНАМ. Балалығым мен шалалығымды кешірген, ең бастысы маған ӨМІРЛІК ЖАРЫМДЫ тоғыз ай он күн көтеріп, өсіріп, ер жеткізген аяулы адам. Алла сақтасын. Ұл өсіріп отырмыз. Ертең біз де ЕНЕ АТАНАРМЫЗ. Сол кезде жасаған қателіктерім өз алдымнан шықпаса игі болар еді. «Өгізге туған күн бұзауға да туатынын» ұмытпаған жөн екен… Сондықтан ененің қадірін білген жөн ғой. Екінші анаң ретінде, бүкіл болмысыңмен қабылдай біліп, арадағы әдемі сыйластықты сақтай білсең, ол адам сенің сырласыңа, досыңа, анаңа, жақын адамыңа айналады екен. Енелерді құрметтейік, қыздар!
Кешірім сұрауға бата алмай жүрсем де, қазір қарым-қатынасымыз өте жақсы. Бір жолы әлі есімде: «Мама, жүріңіз, дәріханаға барып дәрілеріңізді алып берейін» — дедім, сөйтіп маманың қолындағы тізімді алып (өзі сондайды жақсы көреді, көп тыңдайды, профилактика жағын қатырады) аптекаға кірдік. Тізім бойынша сұрап алып жатырмыз, алып жатырмыз, ой мынау қымбат қой дегеніне қарамадым. Сөйтіп қолына дорбаны беріп жатқанда: «Я за тебя буду молиться» деді сыбырлап. Мама, қойыңызшы, бұл біздің міндетіміз дедім. Барған сайын шамам келгенінше ешкімге көрсетпей ақша тығып беріп кетемін, екеуіміз жәй жымиямыз, болды. Енді, кәдімгідей сол кездегі кемшіліктерім үшін кешірім сұраймын, деп, қателіктерімді атап тұрып кешірім сұрау және лажы болса үйге жүріңіз деу қалды.
Енді бүгіп қалған бір сырды айтсам: енеммен тұрған жылдары жолдасым жұмыссыз үйде еді, бала садикте, мен таңертеңнен қара кешке дейін жұмыста болатынмын. Ұлы екеуі үйде бос отырып іштері пысады ма екен, әйтеуір мен объектіге айнала бастадым. Жә, оқырман, қазағым, ол ұзақ әңгіме ғой. Бастысы — ЕНЕҢ ҚАНДАЙ АДАМ БОЛМАСЫН СЫЙЛАУ КЕРЕК, соны түсіндім. Бұл өмірде бәрі Алланың қалауымен ғой. Әйтеуір, АҚЫРЕТІМІЗ ҚАЙЫРЛЫ болғай! Әр қазағымның шаңырағына ШАТТЫҚ ТІЛЕЙМІН..………………

Online Qazaqstan