Енесі жүкті келінін қалай күткен?

⚜ Көпті көрген, ақылды ене келіндеріне қамқорлық жасайды, өйткені оның отбасының әрі қарай көбеюі, өсіп-өнуі келініне байланысты. Дені сау әйелден дені сау балалар дүниеге келеді.
⚜ Егер босанғаннан кейін келінінің тістері түсіп, денсаулығы нашарласа, онда қайын енесі мен сол отбасындағы үлкен әйелдерге сөз келеді, демек күтімі нашар болды деп саналады.
⚜ Ененің міндеті енді келінін зұлым күштерден, көз тиюден, жаман адамдардан, сұсты көзқарастан, бедеу әйелдерден, түрлі аурулар мен қаралы хабарлардан қорғау. Ол болашақ анаға арналған тұмарлар дайындайды: түрлі бойтұмарлар, моншақтар, жоқ дегенде келінінің киіміне түйреуіш қадап қояды. Түсік болмау үшін келінінің етегін бүгіп тігіп қояды. Сонымен қатар оның физикалық және психологиялық жағдайына жауап берді.
⚜ «Көңілсізден көзсіз бала туады», «келін жыласа бала жасық болады» деген сөз бар. Егер жүкті әйел жақсы көңіл-күйде болса, онда толғағы жеңілінен келеді, бала ерте күлімсіреп, ширақ болады деп сенген. Сондықтан жүкті әйелге ешкім ұрыспайды. Егер келіннің қатесін түзеп, артық кеткен жерін жөндегісі келсе, астарлы сөзбен, «ымдап» жеткізген. «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» деген осыдан пайда болады.
⚜ З.Ахметова жүктілік кезінде әйелдер «құрсақ шашудан» басқа «келін көңілі» деген рәсім туралы жазады. Келіннің көңіл-күйін көтеру үшін жастарды қонаққа шақырған. Ол жиынға өзі сияқты жас келіндер келеді, солармен бірге көңіл көтеріп, сырласып өзінің жалғыз емес екенін сезінеді. Түрлі ойындар, ән мен күй, көтеріңкі көңіл күй- жас келіншектің күйбелең тірішіліктен уақытша алшақтап, күнделікті өмірге жаңа күшпен қайта оралуына септігін тигізген.
⚜ Қайын ене келініне ауыр көтеруге, лас жұмыс істеуге, түнде жалғыз шығуға рұқсат бермеген. Бірақ, дегенмен үй жұмыстарынан босатылмаған.
#енеменкелін
Ақпарат: @danaqazaq
Иллюстрация авторы: @anar.aubakir