Енесінде – алтын, келінінде – күміс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Отбасы күніне орай құттықтауында: «Әрбір адам үшін ұшқан ұяның орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қарашаңырақтан бастау алады», – деп атап өтуі бекер болмаса керек. Біз өсіп-өнген отбасылардағы берекенің мәні зор екенін Талас ауданы, Қаратау қаласына барып, ұлағатты отбасылармен тілдескенде ерекше сезіндік. Ұрпағымен көгерген әулеттен қазақы болмысты, ұлттың айбыны болған асыл қасиеттерді байқадық.

Оңалбаевтар әулетінің ақылшы анасы – Тәштай Текетарова биыл 80 жастың сеңгіріне шығыпты. Оның омырауында «Алтын алқа» медалі жарқырайды. «Көп бала көгергеніңе жақсы» дегендей, өсіп- өнгенге не жетсін! Өзі қызықтырып айтатын әңгімесіне сүйенсек, Тәштай Текетарқызы да көп бала тудым деп, үйінде қарап отырмаған. 17 жасында Оңалбаевтар әулетіне келін болып түскен күннен бастап, бейнеттен қашқан кезі жоқ. Асыл жарына болысып, таусылмайтын тауқыметтің бір жағында жүрген. Қаратау қаласында азық-түлік, жеміс-жидек сақтайтын қоймада ұзақ жыл жұмысшы болып еңбек еткен. Қайтсем балаларымызды қатарға қосамыз деген игі тілекпен ғұмыр кешкен.

Ұл-қыздары бүгінгі таңда өмірден өз орындарын тапқан. Би болмаса да, би түсетін үй болуға жарап тұр. Көпшілігі Қаратау қаласының төңірегінен комбинаттан, басқа да еңбек орындарынан жұмыс тапқан. Әке жолын қуған Бақытжаны кеншілер қаласының маңайындағы мәрмәр шығаратын карерьде бұрғылаушы.

Сүлеймені өнер жолына түсті. Қазіргі таңда Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет орталығына қарасты «Талас толқыны» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді ұстанып, тәрбиеге ерекше мән берген ананы қыздары жерге қаратқан жоқ. Таразға тұрмысқа шыққан Жамиланың да, Қаратау қаласына келін болған Салтанаттың да тек үлгілі істерін, жағымды жаңалықтарын естіп келеді.

Жалпы, Тәштай әженің келіндері Жанар, Гүлбану, Қарлығаш өзара өте тату. «Абысын тату болса, ас көп» дегендей, бұл татулыққа әулеттің үлкендері бек разы. Енесінің ақылына құлақ асып, алдынан кесіп өтпейтін келіндеріне қызыға қарайтындар да көп.

Тәштай Текетарқызы ұл-қыздарынан 26 немере, 5 шөбере сүйіп отырған бақытты әже. Қарапайым еңбек адамы болған әженің өткен өміріне көңілі толады. Аптаның соңғы күндері ұл-қыздары амандаса келіп, немерелері үйдің ішін базарға айналдырғанда көңілін қуаныш кернеп, жаны жадырайтыны бар. Балаларының бейнетімен бірге, бал тілдерін қызықтап жүріп жеткізіп еді. Енді немерелері сондай тәтті. Бірінен-бірі өтеді. Әжелеріне таласып қалатынын қайтерсің. Ондайда әженің мерейі өсіп: «Шуламаңдар, алтындарым! Барлығыңа да жетемін. Бәрің менің қызығымсыңдар!», – деп амалын тауып кететіні бар. Орманбектің ұрпақтары ормандай көгеріп өскеніне шүкіршілік етеді.

– Отау құрған соң, ұрпақ өсіру, ұл-қызыңды жетілдіру басты мұратың болатыны белгілі. Жұбайым Орманбек екеуміз де осындай үлгілі жолды ұстандық. 43 жыл отандасып, тату-тәтті күн кештік. Кейбір сәттегі жеңіл-желпі реніштерді есептемегенде, сонша жылдың ішінде «шай» деспеген екенбіз. Біздің кезеңіміздегі жүздеген отбасылар шаңырақтың киесінен қорықты ғой. Отбасының бірлігін, ынтымағын сақтады. Осы құндылық қазірде жалғасын тапса деген тілегім бар. Жас отбасылардың ынтымағы арта берсе жақсылықтың үлкені сол, – дейді Тәштай апа.

Бір айта кетерлігі, Тәштай әже «Алтын алқа» иеленсе, келіні Қарлығаш – «Күміс алқалы» ана. Қарлығаш Мейрамбекқызы өсіп-өнген, өнегелі жерден шыққандықтан, алғашқы күннен бастап келін болып түскен әулеттің батасын алды. Бұнысы жақсы келін бола қалайын деген жасандылық емес. Әкесінің өсиетімен, анасының ұлағатымен бойына сіңген табиғи қасиет. Жолдасы әнші, өнерпаз Сүлейменнің қабағына қарап, азаматының абыройын ойлады. Жұрт қызығатындай отбасына айналған екі жақсының шаңырағында 6 ұл-қыз өсіп келеді. Ұл-қыздарының есейгендері спортты таңдады. Үлкен қыздары Мөлдір №36 Талас аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қыздар арасында көгалдағы хоккейден жаттықтырушы. Көгалдағы хоккей облыста енді ғана қолға алынып жатқан спорт түрі. Өңірде енді ғана мән беріліп жатқан бұл спорт түрі Талас ауданында кең қанат жайып келеді. Ал, Мөлдір Орманбекова бұл спорт түрінен спорт шебері. Спорт шебері атағы ел чемпиондарына берілетіні белгілі. Бар болғаны 20 жастағы спортшы Мөлдір үшін – бұл үлкен жетістік. Енді шәкірт тәрбиелеу арқылы да өзгеге үлгі болғысы бар. Дойбы, футбол спортына бейім Дінмұхамед М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің физика-математика мамандығында грантпен оқиды. Қаратау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде оқитын Бақдәулет пен Олжас футболмен тұрақты айналысады. Бақдәует пен Олжастың облыстық, республикалық турнирлерден алған медальдары едәуір жинақталып қалған екен. Бақдәулет биыл Қаратау қаласында жасақталған футбол клубының құрамына ойыншы ретінде алынып жатыр. Олжастың да талабы таудай болғанымен, аталған клубқа алынуға жасы жетпепті. 9-сынып оқитын Альфия Д.Қонаев атындағы орта мектебінде білім алады. Ол да волейбол спортымен айналысады. Бір сөзбен айтқанда, Сүлеймен мен Қарлығаштың отбасын «Спортшылар отбасы» деп айтуға болады.

Сүлейменнің ең кіші қызының есімі – Ханзада. 4 жастағы бүлдіршін атауының өзгеше тарихы бар. Үлкен әжесінің есімі Ханзада екен. Сол Ханзада Бозжігітова әжесі 1953 жылдары қой фермасына меңгеруші, аудандық, облыстық кеңеске депутат болып елге есімі таныс кісі болыпты. Ханзада әжесіндей атақты болсын деп бүлдіршінге есімін жаңғыртып қойған екен. Бұл қазақтың дәстүрінде бар нәрсе. 6 баланы тәрбиелеп отырған Қарлығаш аудандық оңалту орталығында тәрбиеші болып жұмыс істейді. «Маған отағасы Сүлейменнің көңілді және балаларымның жадырап жүргенінен артық бақыт жоқ», – дейді Қарлығаш Мейрамбекқызы.

Балаларын спорт пен білімнің биігіне баулып жүрген бұл отбасының әр күні береке мен бақытқа толы.

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы