Еңбегімен еленген азамат

        Қандай мамандықты алсақ та, әрқайсының өзіндік қызығы мен қиыншылығы бар. Сол мамандық арқылы елге қызмет жасайды. Абырой мен беделге ие болып, саналы ғұмырларын ұрпақ болашағы үшін сарп етеді. Осындай қажырлы еңбек еткен еңбек ардагерлерінің бірі Алшынбай Тілеулесұлы Қасанов. Ағамыз биыл мерейлі 75 жасқа келіп отыр.

Ол бұрынғы полиция қызметкері. Жалпы, полиция қызметкері болу оңай емес. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр мен төзім, қажыр-қайрат та қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттер. Сондай-ақ, ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай көп талаптардың үдесінен шығу оңай болмаса керек. Әрі от пен оқтың ортасында айқасып жүреді.

1943 жылы әкесі Тілеулес соғысқа аттанған. Ол кезде Алшынбай ағаның туғанына 1 ай да болмаған екен. Ал 1944 жылы тамыз айында әжесі Жақсипаға тұңғышы «хабарсыз кетті» деген қағаз келді.

Алшынбай аға Отан алдындағы борышын, Батыс Украина жерінде өтеп, келгесін (1962-1965) шешесі Күлзейнеп пен іні-қарындастарына қамқор бола білді. Осы жылы Успен аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиционерден бастап, кейін Павловка ауылында бөлімше инспекторы, қылмыстық іздеу бөлімінде аға инспектор болып сатылап өседі. Партия қатарында болған. 1980 жылы Алматыдағы арнайы орта милиция мектебінің юрист мамандығын бітіріп шығады. Туа біткен өжет мінезі, қиындыққа берілмеуі, адамдармен тез тіл табыса білуінің арқасында кездескен талай қиыншылықтардан сүрінбей өткен. 50 жылдан аса бірге отасқан өмірлік қосағы, ардагер ұстаз Гүлшакар Тілеубекқызының айтуынша, олар тұрған «Қазақстанға 30 жыл» колхозы сол кездегі дамыған ауылдардың бірі болған.

-Отағасының қызметі өте ауыр болды. Таңның атысымен жұмысқа кетіп, түн жарымда келіп, балаларын иіскеуге де уақыты болмайтын. Қазір сол еңбектің жемісін жеп, немере-шөберелеріміздің қызығын көріп отырмыз, Құдайға шүкір! — деп өмірге ырзалығын білдіреді анамыз.

Қызмет істеген ортасында өзіне берілген міндеттерін бұлжытпай орындап, жауапкершілікті сезіне білген азаматты қызметтестері де байқап, оның еңбегін бағалады. Соның нәтижесінде Алшынбай Қасанов республикалық, облыстық. Аудандық ішкі істер бөлімдерінің наградалары және мақтау қағаздарын алып, «Милиция үздігі» белгісі, ішкі істер министрлігі мен ішкі істер бөлімінің ұздік қызметтері үшін берілген және «Еңбек ардагері» сынды басқа да медальдардың иегері.

Алшынбай Қасанов осы салада 40 жылға жуық қажырлы еңбек етіп, зейнеткерлікке майор шенінде 1994 жылы шыққан. Тумысындағы еңбекқорлығы оны Равнополь ауылдық округінің бөлімше милиционері мен ішкі істер бөлімінен кейін Константиновка ауылдық округінде әкім қызметіне алып келді. Әріптестері мен ауылдастарының құрметіне бөленген ардақты жан. Қоғамдық, ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, ардагерлер қозғалысына да өз үлесін қосқан азамат.

Біреудің ісін сынау оңай. Өзіміздің сол полиция қызметкерлерінің орнына қойып көрсек, олардың қийын істе жүргенін түсінген болар едік. Қоғамдық тәртіпті сақтау тек қана полицияның емес, ол – біздің әрқайсымыздың міндетіміз. Тәртіпті әркім өзімізден бастап, от басып өмір сүрген Алшынбай ағамыздай жауапты мамандық иелерінің қызметін бағалап, құрметпен қарауымыз керек.

«Өткеннің өнегесін үйреніп, сабақтарын саралай білген қоғам ғана қарыштай ілгері баса алады» — деп Елбасының айтқан ұлағатты сөзін ойға түйіп, ел абыройы үшін ересен  еңбек еткен Алшынбай Қасановтай азаматтарымыздың ерелі еңбектерін кейінгі ұрпаққа паш етудегі мақсатымызбен жазылған ойымыз еді.

Алшынбай Тілеулесұлының туылған күні құтты болсын! Анамыз екеуіне денсаулық, бастарына амандық, өсіп келе жатқан ұрпақтарының қызықтарына тоймасын деген ақ тілегіміз бар.