Еңбекқор әрі үлгілі Поздняковтар отбасы

Татулық пен бейбітшілікті басты орынға қойып, бақытты бағалай білген  біздің елімізде жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір жандар бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олар елдің қоғамдық-саяси өміріне де белсенділік танытып араласып, ел дамуына өзіндік үлестерін қосуда.

Ал, Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Тасбастау ауылындағы Александр Поздняковтің отбасы көпшілік арасында еңбекқорлығымен сыйлы.

Жалпы Тасбастау ауылында 117 отбасы, 629 адам тұрады, оның ішінде 10 шақты отбасы өзге ұлт өкілдерін құрайды. Олар ауылдағы ағайынмен етене араласып, ауылдың тіршілігіне бейімделген. Көрші-қолаңмен жақсы қарым-қатынас орнатып, әр кез бір-бірінен көмектерін аямайды.

Александр Викторович осы ауылда туып-өскен. Кәріқорған ауылындағы Т.Әкімов атындағы орта мектепте оқыған. Қарапайым отбасында тәрбиеленіп, қазақ балаларының ортасында жүріп қазақ тілін жақсы меңгеріп алған. Қазіргі таңда көпбалалы отбасының отағасы.

-Әкем Виктор осы ауылда өмірге келген. Саналы ғұмырын М.Горький атындағы колхозда абыройлы еңбек етумен өткізген. Тракторды тізгіндеп, егістікте білек сыбана жұмыс істеген. Белсенді болып, кәсіподақ ұйымын басқарған. Сонымен қатар, қауіпсіздік инженері болып та жұмыс істеп, еңбегімен зейнетке шыққан. Әкеміз техниканың тілін жақсы білген. Ал, анам Нина Нұрлыкент ауылынан. Ол да колхозда хатшы болып жұмыс істеген. Өмірге төрт перзент алып келген, – дейді Александр Викторович.

“Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” демекші, әкесінің ізін жалғаған Александр отбасындағы бірліктің арқасында шаруашылықтың жұмысын қолға алған. Ол “Прокофий” шаруа қожалығын құрып, егін және мал шаруашылығымен айналысады. Қожалықтың иелігінде 19 гектарға жуық егістік жері, азын-аулақ техникасы бар. Жыл сайын шаруа егістікке арпа, бидай сеуіп, мақсары мен жоңышқа егеді. Егістіктен мол өнім алу үшін бар күшін салып, өз иелігіндегі малына жем-шөбін әзірлейді.

Сонымен қатар, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, бау-бақша өсірумен де айналысады. Қазіргі таңда көктемнің шуақты күндерінде оның бау-бақшасында қызу тірлік. Олар жерді айдап, көкөніс егуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта көкөністің түр-түрін өсіріп, күтіп-баптап, табиғи өнімді өз ауласынан тұтынатын болады.

-Мен қазақи ортада өстім. Мектепте қазақ балаларымен аралас оқыдық. Сондай-ақ, бұрынғы Гагарин көшесінен Мир көшесіне көшкенде, ондағы көршілердің барлығы қазақ балалары болды. Солармен ойнап жүріп, қазақ тілін үйреніп алдым. Жалпы тілді білу қиындық туғызбауы керек. Адамның талпынысы болса, болғаны.

Ауылда әкем мені үйдің кенжесі болғандықтан қолында алып қалды. Қазақ халқындағы дәстүр секілді менде қара шаңырақта қалдым. Әке-шешеме қызмет еттім. Шүкір, қазіргі таңда, ауылдағы көршілермен тату-тәтті тұрып жатырмыз. Қандай көмек керек болса да бір-бірімізден аямаймыз. Мерекелерде бір-бірімізді құттықтап, қонақ боламыз, – дейді ол.

Александардың өмірлік жары Надежда Анатольевна Нұрлыкент ауылынан. Екеуінің шаңырақ көтергеніне биыл 20 жыл болыпты. Өмірге екі ұл, екі қыз әкелген. Ол да үй шаруасымен айналысады. Күнделікті он шақты сиыр сауып, сүт өткізеді. Қаймақ, май, ірімшік жасайды. Жолдасына қолғабыс етіп, отбасымен еңбек етуде.

Олардың балалары да қазақ сыныбында оқиды. Тұңғыштары Станислав Тараз өңірлік университетінің ІІ курс студенті болса, Мария осы оқу орнының І курс студенті. Мамандықтарын ІТ-саласымен байланыстырған. Ал, үйдің ортаншы ұлы Денис Т.Әкімов атындағы орта мектептің 7 сынып оқушысы. Оны ата-анасы Мейрамбек деп те атайды екен. Себебі, Денис ақ көңіл, әрі көпшілікпен тез тіл табысып кететін қасиеті бар. Ортасын өзіне тән мінезімен  мерекеге айналдырады екен. Ал, кенжелері Анжелика былдырлаған тілімен ата-анасын қуантып, бауырларының артынан өсіп келеді. Балалары көбінесе спортқа бейім.

-Татулығымыз бен ынтымағымызды биік ұстап, еліміз дами берсін. Еңбегімізбен көркейіп, отбасымыз аман, деніміз сау болсын! Ата-бабаларымыздан келе жатқан ел бірлігі бекем болып, кейінгі жастарымыздың осы жолмен жүруіне тілектеспін. Біз бөлінбейміз, бәріміз бірдейміз. Бір ауылда тұрып, достықты, бірлікті ту етеміз. Ең басты байлығымыз – достығымыз. Ендеше, ұлттарды біріктірген Бірлік мерекесі құтты болсын, – деп ақ тілегін жеткізді Александр Викторович.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ, Жуалы ауданы