ЕҢБЕКТЕН БАҚЫТЫН ТАПҚАН ЖАН
Ләззат Жабатаева Оңтүстік Қазақстан облысында 1960 жылы дүниеге келгенімен барлық өмірі біздің облыста өтіп келеді. Ол алдымен Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын экономист мамандығы бойынша бітірді. Екі жыл мамандығы бойынша Т. Рысқұлов ауданында, 1983 жылдан бері Байзақ ауданының сақтандыру, су шаруашылығы мекемелерінде экономист болып қызмет атқарды. Ал 1990 жылдардағы тоқырау кезінде қысқартуға түсіп, жұмысынан босап қалады.
Міне осы күндерден бастап Ләззат шиеттей 4 ұл-қызын жеткізу жолында қолына ел сияқты ала дорбаны алып, саудаға шығады. Алғашқыда Т. Рысқұлов пен Байзақ аудандары шекарасындағы жол бойында жолаушыларға тамақ пісіріп, сатады. Балалары есейе келе қазіргі тұрған “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” тас жолының бойынан 1998 жылы 4 соттық жер алып, тұрақты кәсіпкерлікті бастайды. Бүгінде осы жер 1,5 гектарға ұлғайып, жабық және ашық «Отырар» асханасы, қонақ үйі, автомашинаны жөндеу орны, медициналық пункт, наубайханасы бар халыққа қызмет көрсететін үлкен орынға айналған. Біз мұнда болғанымызда асханасы алдында автомашина тұратын бос орын табу қиын болды. Тамақтанып, демалып жатқан адамдардың қарасы қалың. Оларға зыр жүгіріп қызмет көрсетіп жүрген жастарға риза боласың.
Кәсіпкер Ләззат Келдібекқызы мемлекеттен ешқашанда несие алған емес. Өзінің адал еңбегі арқасында 80-ге жуық адамды ауысымды және тұрақты жұмысқа тартып отыр. Олар бір мезетте 100 адамға дейін қызмет жасай алатынына көз жеткіздік. Ләззаттың бұл жұмысына ұлы Ердос көп көмегін тигізуде.
— Мен Ердос ұлымды осы кәсіпке үйретіп, өсірдім. Бүгінде ол көп жұмысты үйлестіріп отыр. Сондай-ақ Айнұр, Гүлназ, Қаракөз қыздарымда өздерінің көмегін беріп отырады. Ерінбей еңбек еткен адам қашанда табысқа қол жеткізеді. Рас, кәсіпкерлікті алғаш бастағанда қиын болды. Балалар жас еді. Бірақта қиындыққа қарсы тұрып, бүгінде осындай жақсы нәтижеге, елдің құрметіне бөленіп отырмыз,- дейді Ләззат бізбен әңгімесінде.
Ләззат кәсібі жүріп, жағдайы жақсара бастағанда алдымен Жібек жолы ауылынан 100 орындық жекеменшік «Бөрте» бөбекжай бақшасын стандартқа сай етіп соғып, онда 4 топ ашты. Балабақшада 20-дан аса адам жұмысқа тартылған. Балабақшаға ұлы Ердос Иманқұлов басшылық етеді. Балабақша маңайына жеміс ағаштары егіліп, қызанақ, сәбіз, қияр, пияз егілген. Ата-аналарға қол жетімді болуы үшін көкөністер өз аулаларында өсірілсе, ет пен нанды Ләззаттың өзі қамтамасыз етеді. Осы жерде балабақша балалары, Базарбай, Амангелді, Тегістік ауылдарынан өз автобустарымен тегін тасымалданатынын да айта кетейік.
Ләззаттың аудан орталығынан ашқан Сауықтыру орталығына да 5-6 жыл болыпты. Үлкен қызы Айнұр Иманқұлова басқаратын бұл орталықтың да бағасы қол жетімді. Сондықтанда оған келушілер көп. Ләззаттың жақсы бір қасиеті туып-өскен жерін ешқашанда ұмытпайтындығы болып отыр. Ол кәсіпкер ретінде өзі туған Отырар ауылында да 100 орындық жекеменшік бөбекжай соғып, ашқан. Сондай-ақ өзі оқыған мектепке де ұдайы көмек қолын созып отырады. Отырарлықтар да Ләззаттың еңбегін жоғары бағалап, биыл оған Отырар ауданының Құрметті азаматы атағын берген. Осы жерде Ләззаттың осыдан 4-5 жыл бұрын Байзақ ауданының Құрметті азаматы атанғанын да айта кеткен орынды.
Қазақта «қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар. Тура осы сөз біз сөз етіп отырған Ләззат Жабатаеваға арналып айтылғандай. Себебі ол қайырымдылық жасаған сайын ісі алға басып, табысы күн өткен сайын артып келеді. Ләззаттың жоқ-жұпыны, аз қамтылған, көп балалы 4 отбасыға үй сатып әпергенін жақсы білеміз. Өзінің қарамағында жұмыс істейтін 5-6 студенттің жалақысынан бөлек, оқу орындарына тиісті қаржыларын төлеп отыр. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қатысып, 40-50 балаға мектепке қатысты құрал-жабдықтары, киім-кешектерін алып береді. Сондай-ақ Отырардағы, өз ауданымыздағы жұмысшыларына тоқсан сайын сыйақы беріп тұруды әдетке айналдырған. Жағдайы төмен, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен жалғызілікті жандарға үнемі көмек қолын созып отырады. Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Әулиеата өңірінде жалғасын тапқан «Мейірім» жобасына сәйкес, өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленіп жатқан, яғни асыраушысынан айрылған 134 баланың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету арқылы жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта 87 мемлекеттік мекеме мен ірі кәсіпорындардың басшылары жауапты тұлға есебінде бекітілген. Тиісті азаматтар сол балалар өсіп, үлкен өмірге араласқанша олардың ашылған есепшоттарына қаржы салып, өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетеді. Сондай-ақ олардың кейіннен тұрақты жұмысқа орналасып, баспаналы болуын да бақылауға алады. Осы жоба бойынша кәсіпкер Ләззат Жабатаева бір отбасындағы ағайынды Данияр мен Дулат Тилеумбетовтерге демеушілік көрсетіп келеді. Алдағы уақытта өз есебінен ипотекаға баспана алып беруді жоспарлап отырғанын айтты.
— Қазақта «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген жақсы сөз бар. Сондықтанда еңбек ету керек. Мемлекет маған не береді,-деп алақанды жайып қарап отырған дұрыс болмайды. Істің көзін тапқан, ерінбей еңбек еткендердің жағдайлары жақсы болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр,- дейді кәсіпкер ана.
Сүндетулла Абылашұлы. Байзақ ауданы