ЕҢГЕЗЕРДЕЙ ЕРКЕККЕ НЕ ҮШІН САДАҚА БЕРУІМ КЕРЕК?
Соңғы бір-екі аптада қайыр сұрап отырған екі еңгезердей қазақ жігітін көрдім. Біріншісіне үндемедім. Екіншісі мешіттің жанында көпбалалы ана мен аяғы жоқ қарияның жанында қайыр сұрап отыр. Екі қолы балғадай, бойы ұп-ұзын, аяқтары бар. «Тәте, ақша беріңізші!» деп маған жалынады. Шыдамай кеттім. «Еркек басыңмен мұнда қайыр сұрап, не істеп отырсың? Жұмыс істемейсің бе?» — деп, кейіп өтіп кеттім. Артымнан келе жатқан бір үлкен кісі: «Дұрыс айттың, аяқ-қолы бүтін, мында құрылыс жүріп жатыр, сонда барып, жұмыс істемей ме?» — деп, қолдай кетті. Өз басым балалы әйелдер мен қарияларға садақа беру жөн деп білем, бірақ тепсе темір үзетін еңгезердей еркекке не үшін садақа беруім керек?
Мұндай жағдайға түскеніне, әрине, бірінші кезекте сол жігіттің өзі кінәлі. Екіншіден, ата-анасы кінәлі. Қолына қармақ емес, балық беріп өсірген. Бізде соңғы ғасырда ата-баба өсиетімен бала тәрбиелеу, әсіресе ұл тәрбиелеу кемшін кетті. Ұлдарымызды – қыздай, қыздарымызды – ұлдай етіп тәрбиелейміз. Ұлдарды көбірек аяймыз. Әскерге барады ғой. Оның өзі «Барса-келмеспен» тең. Қазір қай салада болмасын, «кәрі қыздар көп» дейміз. Ал кәрі қыздардың көптігіне де ата-ана кінәлі. «Бауырыңа жәрдемдес», «Ағаңа қарас», «Ініңді мәпеле…» Осындай тәрбиемен өскен көп қыздар үй-ішіне қарасамын деп, жеке өміріне мән бермей кетеді. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын. Бірақ таныстарым, жақындарымның арасында «пәленшенің ұлы жұмыссыз отыр екен, қызы қарасып жатыр» дегендей әңгімелерді жиі естимін. Қазір інілер де, ағалар да қиындыққа шыдамайды. Менің бір құрбымның ағасы ұзақ жылдар жұмыс істемей үйде отырыпты. Бір күні әкелеріне күрделі ота жасау қажет болады, ұлдан көк тиын пайда жоқ. Содан тұрмыстағы және үйдегі жас қыз тапқан-таянғанын жинап, әкесінің қымбат операциясын төлейді. Ақшаны көріп, әкесі еріксіз көзіне жас алыпты. Ұлына ұрысып-ұрысып, әрең жұмысқа орналастырса, ол бар тапқанын қыздарға жұмсайды екен.
Ал журналистикада жүрген қаншама қыздар ата-анасының, іні-бауырларының жағдайын жасап кетті. Көбісі жер алып, үй салғандар қатарынан. Сол себептен кеш тұрмыс құрып, денсаулығын жоғалтқандар да бар. Қыздарды қонақ күткенде де, үй тірлігінде де былай да былай жұмсаймыз. Ұлдар болса «дүкенге барып кел» дегенді ұнатады. Бұрынғыдай қала жағдайында да, ауыл тынысында ауыр-ауыр жұмыстар жоқ. Далада ерігіп жүреді, көрші балалардан боғауыз сөз үйренеді. Қазақ жігіттерінің көбінің аузы ашылса болды, «шешең мен әкеңнің» деп боқтанып отырады. Арасында орысша боғауыз сөздерді қосады. Автобуста отырған орыстар бұларға жаман көзімен қарайды. Қазақтың қариялары да үндемейді. Себебі ұрып жібере ме деп қорқады. Бұрын қазақтың қариялары «қоғамдық санитарлар» еді. Кондуктор: «Сейфуллина!» — десе, «Әй, бала, Сейфуллина деген қай қатын? Алаш қайраткерлерінің аты-жөнін дұрыс айт, құлағыңды кесіп алам» десе, жастар жым болатын. Қазір автобустар мен көшелерде «тәйт» дейтін адам болмаған соң, сасық ауыздан шыққан сасық сөздерді аялдамаға жеткенше тыңдап отыруға мәжбүрміз. Жалпы, боғауыз сөз айтатындарға айыппұл салдырту керек! Бай мемлекетке айналамыз.
Бұл аздай, оқымаған, надан әрі лузер жігіттер әйелдерге қол көтереді. Бұл да тәрбиеден. Мәселен, қазір аулаларда балаларды ойнатқанда, мынандай нәрсені жиі байқаймын. Біздің ойыншықтарымызды тартып алғысы келіп, бір бала мұшын көрсетсе, орыс әйелдер: «Нельзя бить девочку! Попроси прощение!» — дейді. Ал қазақ әйелдеріне балаңыз қол көтеріп жүр десек: «Не бопты, соншама, бала ғой» — деп, шаң жуытпайды. Бұдан нағыз тентек, бұзақы бала өседі. Ертең үйленеді, қатын, бала-шағасын ұрады. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың статистикасы да қорқынышты. Жылына бірнеше әйел қайтыс болса, мыңдаған әйел денсаулығынан айырылады. Ары қарай түрме, радикалды идеология, лаңкестік немесе педофилия…
Бар қауіп – жұмыссыз жүрген еркектен деп білем. Жұмыс жоқ емес, бар. Біздің ауламызды жасы 70-тен асқан қария сыпырады, айына 80 000 теңге жалақы алады. Қашанда күліп жүреді. Ал біздің жігіттер бұдан арланады. Жұмыссыздық нешетүрлі арам ойларға жетелейді. Қазір қандай қылмыс болмасын, көбін жасайтын – жұмыссыздар. Әлеуметтанушылар лаңкестің әлеуметтік-психологиялық портретін жасағанда, оның 28-29 жасқа дейінгі жұмыссыз жас жігіт екенін анықтаған. Ал педофилдің де басты ерекшелігі – жұмыссыздық боп тұрған жоқ па?
Қай заман болмасын, еркек – еркек болуы керек. Ата-бабаларымыздай майданда қан кешіп, соғысып жүрген жоқ. Бүгінгі қиындықтар соғыстың жанында түк те емес қой. Марқұм атам 17 жасында қан майданға аттанып, соғыстан жараланып елге оралған. Екінші топтағы мүгедек болса да, өмірбақи жұмыс істеп, бала-шағасын бағып өтті. Ал еңгезердей, 12 мүшесі сау жігіттердің қайыр сұрағаны, не сасқаны?! Аңсаған Мұстафаның (Ansa Mustafa) бір суреті мәселенің өзектілігін ашып тұр!
Кәмшат Тасболаттың фейсбуктағы жазбасынан