Еңсесі биіктеген Ертіс-Баян өңірі

Мамырдың 17 күні Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Еласымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Ертіс-Баян өңірінде қалай өрістетіліп жатқандығына тоқталған облыс басшысы, өңірде атқарылған игі істермен көпшілікті құлағдар етіп қайтты.

«Бүгінгі күн тәртібіндегі тақырып- аймағымыздағы «Рухани жаңғыру» бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге арналып отыр. Осы Бағдарламаның жобаларын жүзеге асыру мақсатында, аймақтық Жобалық офис жүйелі жұмыс жасауда. Жобалық офистің мүшелері арнайы «Жобалық менеджмент» бойынша оқудан өтіп, кәсіби мамандардың командасы жасақталды. Барлықтары IPMA (Халықаралық Жобаларды Басқару Ассоциациясы) стандарты бойынша халықаралық сертификацияға ие»,- деп бастады Болат Жұмабекұлы. Бағдарлама көлеміне енген жобаларды сапалы жүзеге асыру мақсатында, облыстың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, журналистер, Қазақстан халқы Ассамблеясының, қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелерінен құралған Сараптамалық кеңес қызмет етеді екен. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» сынды негізгі бағыттарының 183 жобасын жүзеге асыруға жалпы 11 миллиардтан астам қаражат бөлінді. Оның ішінде демеушілер есебінен бөлінген қаржы 6 млрд. 681 млн. теңгені құраған екен.

Бөгенайы бөлек-«Ұлы Дала» этнофестивалі

«Былтырғы жылы — «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асқан ауқымды шараның бірі — ұлттық мәдениетті, салт-дәстүрді насихаттап, дамытуды мақсат еткен, 70 мыңнан астам адам қатысқан «Ұлы Дала» этнофестивалі болды», деді облыс басшысы. Ауқымды шараға шетелдегі қандастарымыз да шақыртылған екен. Биылғы жылы да аталмыш фестивальге алыс-жақын шетелдерден келетін жастармен жүздесіп, өзекті деген сұрақтарды талқылауды жоспарлап жатыпты. Осы орайда атажұртқа ат басын бұрған ағайынның соңғы кездері Ертіс-Баян еліне ерекше ықылас танытып отырғандығын айта кету керек. Павлодар өңірінің дәстүрлі фестиваліне айналып келе жатқан бұл шарада аясында, облыстың ұлы тұлғаларының мерейлі даталары да айырықша аталып өтпек. Яғни, Бұхар жыраудың-350 жылдығы, Мұса Шормановтың-200 жылдығы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейдің-160 жылдығы, Естай ақынның-150 жылдығы және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың -125 жылдығы өткізілетін болады. «Әрбір мерейтойлық даталар бойынша «Айтыс», «Жыршы-термешілер» сайысы, «Фестивальдар» мен спектакльдер қою жоспарда бар. Сонымен қатар облыс орталығының төменгі жағажайында арнайы стационарлық сахна орнатылып, тұрғындардың мәдени, рухани дамуына серпін беретін «Ертіс-Променад» жобасын, биылғы жылдың 1-ші маусымынан бастап, 1-ші қазанына дейін әр аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері жүзеге асыратын боламыз»,-дейді Б.Бақауов.

Ауылда кітапханалар ашылып жатыр

«Биылғы жылы жоспарланған ірі жобалардың қатарында, «Мультимедиялық-музейлік кешен» мен 1200 орынға арналған «Концерт Холл» құрылысы және екі ауылдық мекенде Мәдениет ошақтарының құрылысы (Кенжекөл және Теңдік ауылдары) мен 5 ірі спорттық Кешендер салынатын болады (Жеңіл атлетика манежі, Мұз айдыны, Футбол манежі, 50-метрлік бассейн және Олимпиадалық резервті даярлау орталығы)»,- дейді Болат Бақауов мырза. Осы орайда ерекше атап өтерлік бір жәйіт- ауылдық кітапханаларды жаңғыртып, жаңа заман талабына сай жабдықтап, Коворкинг-Орталықтарын ашу бойынша жүйелі

жұмыстар жасалып жатыпты. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 1-ші қазанына дейін, әр қала мен ауданның 13 ауылдық кітапханасы жаңғыртылып, 20-дан астам Коворкинг-Орталықтар ашылмақ. Сондай-ақ Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы қысқаметражды фильмдерді насихаттап, елге таныту мақсатында, облыста «Ертіс Cinema» халықаралық кинофестивалін өткізу жоспарлануда. Бүгінгі күні алыс-жақын шетелдерден осы кинофестивальға қатысуға 40-тан астам өтініш түскен екен.

«Қазақстанның киелі жерлері»

Бұл жоба бойынша облыстан 78 объекті іріктеліп, оның 5-уі республикалық (Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесі (Баянауыл ауданы, Ескелді ауылы), Исабек Ишанның кесенесі (Екібастұз қаласының ауылдық аймағы), Қоңыр әулие үңгірі (Баянауыл ауданы), Ақкөл–Жайылма қалашығы, Жасыбай батырдың монументі (Баянауыл ауданы). Бұдан бөлек облыстық тізбеге 36 нысан енген. Қалған 37 объекті бойынша зерттеу жұмыстары жалғасуда.

«Тәрбие және білім»

«Бұл бағыттағы басты жобаның бірі — «Мектебіме тағзым» шарасы болып отыр. Жоба аясында облыстағы 765 мектеп түлегі — 163 млн. теңгеге көмек көрсетті. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыру мақсатында, 146 роботтехника кабинеттері жасақталды»,-деді облыс әкімі. Сонымен қатар, Павлодар мемлекеттік педегогикалық универститімен бірлесе отырып ХІХ ғасырдың тарихи тұлғасы — Сұлтанбет Сұлтанның тарихи ордасы қайта қалпына келтірілген. Бүгінгі күні — бұл кешенде археологиялық зерттеу орталығы жұмыс жасап жатыпты. Мұнымен қоса биыл Павлодардағы ЖОО-лары, облыстың жобалық офисімен бірлесе отырып, бірқатар жобаларды жүзеге асыруға кіріскен. Олардың қатарында, Павлодар облысынан шыққан 100 тарихи тұлға туралы танымдық кітаптар, өлкетану бағыты бойынша ғылыми монографияларды жарыққа шығару жоспарланған. «Павлодар облысында «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан мың жарымға жуық жастар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына белсенді қатысып, аймағымыздың өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып жатыр. Оқу орнын аяқтаған олардың көпшілігі облыста қалуға ниет білдіріуде»,-дейді Б.Бақауов.

«Атамекен» кіші бағдарламасы

Бұл бағдарлама аясында «Ертіс думаны», «IZDEU-2018» форумы, республикалық «Волнтерлер форумы» сияқты ірі жобалар өткізілген. «Ертіс думаны» шарасы барысында, Ертіс өзені бойымен кемелер шеруі, «Туризм PVL-2017» өңірлік көрмесі, жәрмеңкелер ұйымдастырылған екен. Студент жастарды бағдарламаға тарту мақсатында, республикадағы алғаш рет Волонтерлер форумы болыпты.

«Биылғы жылдың 1-ші тоқсанында Ресей Федерациясы, Украина, Эстония елдерінің өкілдері мен еліміздің әр облысынан қатысқан іздеу топтарының халықаралық «IZDEU-2018» форумы — көпшіліктің көңілінен шықты. 2018 жылы «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында, облысымыздың үкіметтік емес ұйымдары өкілдері арасында «Рухани жаңғыру» патриоттық форумы, «Жәрдем Time» (ауданның жастар ресурстық орталығының жұмысы үшін ғимаратты қайта құру) сияқты жаңа жобалар мен шаралар жоспарланды»- деді Болат Жұмабекұлы.

«Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғаннан бері, облыстың және республиканың барлық бұқаралық ақпарат құралдарында 4 886 мақала жарық көрген. Бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сапалы сүйемелдеу мақсатында, 40-тан астам республикалық және облыстық БАҚ-тар мен, интернет-ресурстармен байланыс

орнатылған. 2017 жылдан бастап «Ertis», «Ирбис» телеарналары эфирінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Аудан келбеті» жобасы облыстың қалалары мен аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдени-спорттық өмірі көрсетілетін «Апта бейнесі» жобасы жүзеге асуда. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы аясында, Павлодар облысы бойынша 5 жерлесіміз жеңімпаз атанды. Олардың қатарында хирург — Ерлан Рамазанов, педагог — Жанар Байсеитова, әлемдік математикалық сайыстардың жеңімпазы — Қуат Есенов, дәстүрлі жас әнші — Алексей Лодочников пен көптеген жобалардың авторы — Максим Чернуцкий бар.

«Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы туралы Павлодар облысы тұрғындарының қоғамдық ой-пікіріне бағалау өткізілді. Жалпы бұл бағыттағы нақты шаралар мен нәтижелі жұмыстар алдағы уақытта да, қарқынды түрде жалғасатын болады. Ең бастысы — «Рухани жаңғыру» арқылы, әрбір адам, оң өзгерістің өзінен бастау алатынын түсінді. Сондықтан да, рухани жаңғыруға бет алған тұста, санамызды сілкінтіп, облысымыз — барлық тиісті органдармен игілікті істердің басы-қасынан табылады деп сенемін»- деді Болат Бақауов мырза. Әкімнің баяндамасынан білгеніміз астарында терең мағынасы бар айтулы бағдарламаны қолдауда Ертіс-Баян өңірі де құлшына жұмыс істеп жатыпты. Ормандай орыстың іргесінде отырсада, ұлттық дәстүрімізбен, асыл қасиеттерімізді сақтай білген текті елдің, ертеңге деген талпынысы да бөлекше көрінді. Астанада жүрген біздерге облыс әкімімен жиі байланысқа шыға берудің орайы аз екені тағы бар. осы орайда көңілде жүрген бірнеше сауалды Болат Жұмабекұлына қойып көрген едік.

-Биылғы жылы Алаш партиясының әнұранын жазған отты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығын атап өтейін деп жатыр екенсіздер. Ақынның туған ауылы Торайғырда, жалпы Павлодар облысында осыған орай қандай шаралар өтеді? Ақынның туған ауылын көріктендіру бойынша қандай жұмыстар атқарылды?

-Жоғарыдағы баяндамамда атап кеткенімдей, Жасыбай мен Торайғырдың ортасына 14 шақырымдық асфальт төселді. Бұған дейін машина жүруге ыңғайлы жол болмаған еді. Қазір тіпті, осы 14 километр жолды велосипедпен де басып өтуге мүмкіндік жасап отырмыз. Ал, ауылдың өзінде атқарар шаруа шаш-етектен. Десе де, атқарылған жұмыстарды да айтпай кетуге болмас. Мысалы, ауылды жарықтандырып, спорт залдарының санын арттырдық. Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, көшелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетімен бірігіп, көптеген жобаларды жыл бойына жүзеге асыру көзделіп отыр.

-Жуырда ғана көптің көкейінде жүрген Кутузов көшесінің атауы өзгерді деп бөркімізді аспанға аттық. Кеңес Одағынан бері қалмай келе жатқан басқа көшелердің де атауын өзгерту ойда жоқ па?

-Бір қалаға қатысты болғанымен көше атауларын өзгерту Республикалық комиссияның шешімімен ғана жүзеге асатынын ескеру қажет. Біз тек ұсыныс жасай аламыз. Мәселен, ақсақалдарымыз ұзақ жылдан бері осы Кутузов және Ленин көшелеріне басқа атау беру туралы ұсыныс тастап келеді. Мінеки, «Рухани жаңғыру» жобасы аясында Кутузовты – «Тәуелсіздік» даңғылы, ал, Ленинді – «Астана» көшесі деп өзгерттік. Әрине, Ермак сияқты көшелер әлі де бар. Бірақ, оларды дәл қазір өзгертеміз деп айта алмаймын.

-Сіз алдыңғы сөздеріңіздің бірінде Павлодар облысының туристік потенциалын арттыру жөнінде, әсіресе Маралды көлінің курорттық аймаққа айналуы туралы

айтқан едіңіз. Мұзафар Әлімбаев сынды ақын топырағын басқан, Естай ақын әнге қосқан Маралды көлінің қазіргі жағдайы қандай?

— Павлодардың туристік потенциалын арттыру басты назарда тұрған жұмыстардымызыдң бірі. Қазірге дейін Жасыбай, Сабынды көлдерінің жағажайларын қалпына келтіріп, жөндеуден өткіздік. Алыстан келетін туристер үшін әуежай салып жатырмыз. Осы қатарда Маралды көлі де назарда тұр. Туристер бұл жердегі тұзды көлге негізінен ем қабылдау үшін келеді. Өткен жылы бүкіл облысқа 170000 адам демалуға келсе, соның 70000 –і Маралдыға келіпті. Жолдары мен өзгеде инфрақұрлымдары көңілдегідей болмаса да. Қазір Маралдыға баратын жолды жасап жатырмыз. 1 шілдеге дейін аяқтасақ деген жоспарымыз бар. Бұған облыстық бюджеттен 450 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Алдағы уақытта бұл жерді туристердің демалып, емделуіне барынша қолайлы аймақ етіп жасап шығарсақ деген жоспарымыз бар.

Осылайша облыс әкімімен болған баспасөз мәслихаты өз мәресіне жетті. Өнеркәсібі мен ауылшаруашылығы қатар дамып келе жатқан, қуаты мығым Павлодар облысы еліміздегі маңызды аймақтардың бірінен саналады. Еңсесі биіктеп келе жатқан Ертіс-баян өңірінің алатын асулары мен бағындырар биіктері көп болсын деп тіледік!

Ерқазы Сейтқали