ЕҢСЕСІ ТІК, РУХЫ БИІК ӨР ТОРҒАЙ

«Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaqstan zamany» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының «Қазақстан — 2050: Ауыл – рухани жаңғырудың қайнар көзі» бірлескен экспедициясы Қостанай облысында

dav

Биыл Қостанай облысы 5,2 млн тонна астық жинады. 358 мың тонна сүт, 74 мың тонна ет, 500 миллионға жуық жұмыртқа өндіріп отыр. Осындай жетістіктермен аймақ республикада көш түзеп тұр. Бұдан бөлек, қайта өңдеу өнеркәсібі саласында
6 инвестициялық жоба жүзеге асты және азық-түлік өнім көлемі 1,5 есеге артқан. Қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысатын 1294 агрофирма тіркеліп отыр. Осы мақсатта 7 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Ауыл шаруашылығында жоғары нәтижелі жұмыстар еңбек өнімділігінің артуына септігін тигізуде. 2018 жылы бұл көрсеткіш 44%-ға өсті. Сонымен қатар сыртқы нарыққа шығарылған өнім көлемі 275 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл былтырғы жылдағыдан 24%-ға көп. Мұндай жетістік бұрын-соңды болмаған.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 290,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Жыл аяғына дейін тағы
63,3 мың шаршы метр баспана тапсырылмақ. Қазіргі таңда облыста автокөлік құрастыру жұмысы қарқынды дамып келеді. Жыл басынан көлік құрастыру 15,7 пайызға дейін өсті. 2019 жылы өндіріс алаңдары 25 мың автокөлік құрастыруды көздеп отыр. Ал 2023 жылға дейін жыл сайын шығарылатын автокөліктердің санын 60 мыңға жеткізу жоспарланған.
Өңірде рухани салада да ілгерілеу бар. Қарабалық ауданының орталығында батыр бабаның құрметіне ескерткіш бой көтерді. Ресейге шыға берісте орнатылған асқақ та айбарлы баһадүр мүсіні өңірдің тамырлы тарихын әспеттеп, тағылым мен рух беріп тұрғандай. Бұдан бөлек, айта-айта жауыр болған тақырыптың тамырына қан жүгірді, облыстың Таран ауданы қазақтың біртуар жазушысы, баспагер, қоғам қайраткері Биағаң – Бейімбет Майлин есімін алатын болды! Сондай-ақ, аймақ орталығындағы «Ақмешіт» аталып кеткен Марал Ишан ғибадат үйі келер жылы қайта жөндеуден өткізіліп, мұсылман қауымының игілігіне берілгелі отыр.
Міне, осындай басты игі жаңалықтарды арқалап, экспедиция мүшелері Торғай төсінде түйістік. Бағытымыз – Амангелді, Жангелдин аудандары мен айналып келіп Арқалыққа бет бұру. Сапаршыларды бастап келе жатқан газетіміздің бас директорының орынбасары Жанбақыт Борантаевты Арқалықтан қарсы алған қаладағы «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Хамзин мен қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Сәрсекеев былтыр ғана бас сүйегі жерленген атақты қолбасшы батыр Кейкі мерген Көкембайұылы кесенесінің басына алып келді. Бұл киелі орында партияның Амангелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нағашыбай Әбдіғали қарсы алып, даңқты бабаға дұға бағыштадық. Әрі қарай жол Батпаққара өңіріне алып барды.

 

dav
Амангелді ауданы
Отызында орда бұзған
Амангелді ауданының орталығына барардан бұрын Қарасу ауылдық округіне қарасты Сәт Есенбаев ауылында Мэлс Бөжентаев жетекшілік ететін «Қуаныш» шаруа қожалығына ат басын тіредік. Осыдан екі жыл бұрын құрылған шаруашылық негізінде ірі қара мал басын өсіріп отыр.
—  2016 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1,1 млн теңге несие алып, Зеңгі баба тұқымын көбейтуді қолға алдық. Қазіргі таңда иелігімізде 60 бас сиыр, 80 қой-ешкі мен 15 жылқы бар. Мал қора салып алдық, жайылым, шабындық жеткілікті, екі адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Биыл абердин-ангустың екі бұқасын алып, төл басын асылдандыруды көздемек ойымыз бар, — дейді М.Бөжентаев.
Расымен, табыстың көзін тауып, жерде қалмаймын десең, қалада тұрудың қажеті жоқ екен. Оны облыс орталығынан шалғайдағы кішкентай ғана ауылда отырған отыздағы Мэлстің ісі дәлелдеп береді. Мұндай адал күнкөріс кәсіптің саңылауын таппай жүрген жастарға үлгі болса игі.
Ауылына қарап — азаматын таны
Биыл Қарасу ауылдық округінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шағын футбол алаңының ашылып отыр. Құны 10 млн теңге болатын ойын алаңы күллі қарасулық азаматтардың қаражатымен салынып отыр. Мұның сыртында ауыл жастарына спорттық киімдер, доптар, волейбол сеткасы алынған.
Ал «Көркейе бер, Қостанай» акциясы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығы, Амангелді ауданының 90 жылдығына орай Есір елді мекенінде ауылдық клуб ашылды. Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына «Алюминстрой» ЖШС директоры Абай Мұқанов, «Нұрай-Н» ШҚ басшысы Бақытжан Тілеубаев, «Жеңісбек» ЖШС директоры Мүбарак Шаяхметов бастаған кәсіпкерлер 14 млн теңге қаржылай көмек көрсетті. Сонымен қатар клубқа орындықтар және керекті құрал-жабдықтар алу мақсатында жергілікті бюджеттен 1,7 млн теңге бөлініп отыр. 60 орындық клубта кітапхана жұмыс істейді.
Біртуар тұлғаға құрмет
Қазақ кино және театр өнерінің саңлағы Әнуар Боранбаев – Батпаққара елінің тумасы. Биыл өмірден ерте озған қайраткердің 70 жылдығына орай өңірде түрлі шаралар өтуде. Ал аудан орталығында Халық әртісі атындағы орта мектептің бастан-аяқ жаңа кейіпке енуі – көпшіліктің қуанышы мен келген мейманның мейманасын тасытарлық іс екен. Мектепте екі жүзге тарта бала білім алады. Мектеп жанында интернат та жұмыс істеп тұр. Келер жылы оны да жөндеу ойда бар дейді мектеп директоры Ержан Сейдахметов. Білім ордасына кіреберісте мектеп пен оның айналасындағы ғимараттардың макеті мен қабырғадағы өнер қайраткерінің өмір дерегі, еңбек жолынан хабардар боласыз. Ал оқу орнының ішінен белгілі актерге арнап музей ашылған.
dav
Кәсіптің басын тоғыстырған орын
Тігінші, фотостудия, тұрмыстық-техникалық заттарды жөндеу, аяқ киім жөндеу, шаштараз, сұлулық салоны. Мұның барлығы Амангелдідегі ауқымы 200 шаршы метрлік жаңадан ашылған «НұрАй» тұрмыстық қызмет көрсету орталығында орналасқан. Орталықта жеке шағын кәсіпкерлер орын теуіп, жергілікті халыққа тиімді төмен бағамен қызмет көрсетеді. Тиісінше, кәсіпкерлерге де оңтайлылық қарастырылған – мекеменің коммуналдық шығынын өтеу ғана мойындарында.
dav
Әлеуеті артқан аудан
Биыл Батпаққара өңірінің кіріс көлемі 4,3 млрд теңгеден асып жығылған. Инвестициялық тартымдылығы да жыл сайын еселеніп келеді. Экономиканың негізгі капиталына құйылған инвестиция сомасы 1,9 млрд теңгеге жуық. Оның жартысына жуығы кәсіпорындар мен азаматтардың қаражаттық үлесіне тиесілі. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырсақ, инвестиция көлемі 498 млн теңгеге артық түсіпті.
Әмірхан Асанов, Амангелді ауданының әкімі:
— Тоғыз ай ішінде 563 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Аудан табысын арттыруға шағын және орта бизнеске көрсетілген қолдаудың нәтижелілігі де себепші. Қазіргі кезде Амангелдіде мұндай 840 субъект бар. Олардың арқасында 938 млн теңгенің өнімі тұтынысқа жарап, жергілікті қазынаға 104 млн теңге салық түсіп отыр. Ал басты сала – ауыл шаруашылығы да табысты, жылма-жыл ұлғайтып келеді. Жыл басынан бергі тоғыз айда 11 млрд 184 млн теңгенің өнімі өндірілді. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламасына қатысқан жергілікті шаруалар осы уақытқа дейін барлық түлікті қоса есептегенде 3 мыңнан астам мал басын өріске қосты. 131 гектарға жуық алқапқа тұқым сіңірілді, ол өткен жылғыдан 12 мыңға артық. 95 мың тонна бидай қамбаға түсті. 820 тонна көкөніс, 157 тонна бақша дақылдары жиналып отыр. Биыл аудандағы құрылыс жұмыстарына 1 млрд 742 млн теңге қаржы жұмсалды. Жаңадан 5 үй пайдалануға берілді. Ал өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 3 күрделі жоба жүзеге асып жатыр. Сәтімен аяқталса, 6 елді мекеннің 11,8 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмек. Мұндай игілікке қыркүйекте-ақ қолдары жеткен амантоғайлықтарды есептемегенде, Үрпек, Ағаштыкөл, Есір сынды ауылдардың сусындар күні алыс емес. Бүгінде Амангелді-Үрпек автокөлік жолының 16 шақырымы қалыпқа келтірілуде. Жалпы құны 336 млн теңгелік жөндеу жұмысы келер жылы аяқталмақ.
Жангелдин ауданы
Торғай – игі жақсылар шыққан рухани мекен
Батпаққарадан шү етіп шыққан біз соның алдында ғана Амангелді мұражайынан алған әсермен Торғайға қалай жеткенімізді де сезбей қалыппыз. Айтпақшы, Арқалықтан Жангелдин ауданының орталығына дейінгі тас-талқаны шыққан үш жүз шақырым тас жол қырық жылдай жөндеу көрмеген. Оның тегістеле басталғанына біраз жыл болса да, құрылыс жұмысы жарты жолға жетпей қаңтарылып тұрып еді. Былтырдан бері бұл науқанның тамырына қайтадан қан жүгірді – Амангелдіден Торғайға, керісінше, Торғайдан бері қарай асфальт төсеу қыза түскен. Қазір жаңа тас жол төселетін әрі кетсе алпыс шақырым жер қалып тұр. Бұл келер жылдың еншісіндегі шаруа.
Бізді көне Торғайдың кіреберісінен «Нұр Отан» партиясы Жангелдин аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Сүндетбаев қарсы алды. «Театр – киім ілгіштен» демекші, расымен де биылғы Торғайдың 90 жылдық мерейтойына елдің азаматтары асарлатып тұрғызып берген қақпадан бастап, ауыл ішінің көрінісі айтарлықтай өзгерген екен.
sdr
Тарханы тұғырда, Ыбырай шырағы сөнбеген, Ахаң-Жахаң тірілген өлке
Былай деуімізге негіз жоқ емес. Бір Торғайдың орталығында төрт музей бар. Мұның өзі бұл өлкенің тарихының тереңдігі мен елден қаншама даңқты тұлғалардың шыққанын аңғартқандай. Атақты Шақшақ Жәнібек, Ыбырай, Ахмет-Міржақып, Әліби бабалардың құрметіне ашылған Торғай мұражайлар кешенін Қазақстанның өзге өңірлерінен таппайсыз. Әрбіреуінің тарихы жеке, жәдігері баға жетпес құнды.
Сапаршылардың Жангелдин ауданына кешқұрым бара сала алдымен аралаған нысаны да – осы мұражайлар кешені. Есімі Торғай дуанына танымал Гүлбану Сәрсекей басшылық ететін мәдениет ошақтарын аралап, одан алған әсерді сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Кезінде бұл ғимараттардың бой көтеріп, олардың әрқайсысының ішін алтынға бергісіз дүниелермен толтыру науқанында осы елді басқарған қайраткер Жақан Қосабаев, Ғазиз қажы Әмірханов бастаған азаматтардың айрықша қолтаңбасы бар. Және бұл шаруаға Торғайдың ел ішіндегі, сырттағы жерлестердің барлығы дерлік жеке-жеке үлес қосқанын баса айта кеткен жөн.
Сонау 1864 жылы 8 қаңтарда Қазақ даласында жағылған алғашқы білім шырағы – Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептің тарихынан бастап, ол жерден сауат ашқан ұрпақтар сабақтастығы келер ұрпаққа жалғаса беретін үрдіс екені хақ. Сол мектепті салу үшін Ыбырай бабамызға жәрдем етіп, берідегі Аманқарағай орманынан атпен, түйемен ақ қар-көк мұзда құрылысқа қажет ағаш тасыған жанашыр жандардың еңбегі зая кетпеді – Алаш көсемдері Ахмет пен Міржақыптай, одан кейінгі зиялы келешекті біліммен сусатты. Қазіргі күні сол ұлы ағартушы мектебінің өзі мұражайға айналып отыр.
1845 жылы іргетасы қаланған Торғай бекінісі 1868 жылы ресми түрде қала мәртебесін алды. Осы ескі шаһардың тарихынан сыр шертетін Әліби Жангелдин, Ахаң-Жахаң атындағы музейлердің де әсері тіптен шексіз. Тұнған шежіре, толған тарих. Олардың әрқайсысының өзіндік орны бар, бірін-бірі қайталамайды. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының алақаны тиген құнды бұйымның әрқайсысы ел арасынан, туыстардың қолынан жиналған.
Бұл қайталанбас дүние, баға жетпес заттың барлығын бір мақалаға тізіп жазу мүмкін емес, жер шалғай болса да, бір рет барып көзбен көргенге не жетсін! Кірген адам шыққысыз деп осыны айтқан болар. Айтпақшы, кешен директоры Гүлбану апамыз да кезінде «осы музейге уақытша қызмет етуге келіп, қалай тұрақтап қалып қойғанымды да білмеймін» дейді әзіл-шыны аралас.
Торғайға бұрыл, көш басы!
2018 жылғы ауданның жылдық бюджетіндегі кіріс 3,3 млрд теңгеден асқан. Ауыл шаруашылық өндірісінде он айда  9,5 млрд  астам теңгенің өнімі өндіріліпті. Жангелдин өңірі бойынша 4 мыңнан аса тонна ет, 32,2 мың тонна сүт, 8,3 млн дана жұмыртқа алынған. Инвестиция тарту экономиканың бәсекеге қабілетін арттырудың ең маңызды факторлардың бірі болып қала бермек. Ал жыл ішінде 311 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп,  құрылыс жұмыстарының көлемі 11 есеге артқан екен. Ауданда республикалық және облыстық бюджет қаражаттары есебінен «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында ауыз-сумен қамтамасыз ету бағытында жалпы жобалық құны 944 млн теңге болатын 2 күрделі жоба жүзеге асырылуда.
Дегенмен өңірде жоғары білімді дәрігерлер жетіспейді. Әсіресе, акушер-гинеколог, офтальмолог, невропатолог, инфексионист, фтизиатор қатарлы білікті мамандар тапшы. Шалғай елде бұл мәселе өзге облыстардан көшіп келушілер мен аудан әкімінің гранты арқылы оқып жатқан жас мамандармен толықтыру арқылы шешімін таппақ. Қазір ауданда бір орталық аурухана, екі ФАП, он жеті дәрігерлік пункт тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оларда барлығы 14 дәрігер, 114 орта буынды медицина мамандары еңбек етеді. Мамандардың қамтылу көрсеткіші 76% құрап отыр.
Шота Оспанов, Жангелдин ауданының әкімі:
— Үстіміздегі жылы екі тәжірибелі дәрігер жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, аудан әкімінің гранты арқылы үш студент жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Биыл Торғайға Алматы облысының Қарасай ауданынан, Қызылорда облысының Іңкәрдария ауылынан және Түркістан облысының Бәйдібек ауданынан отбасылар (барлығы 17 адам) көшіп келді. Олардың ішінде жоғары білімді, еңбекке жарамдылары тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрғын үйлер берілді. Бұл науқан алдағы жылдары да қолға алынатын болады. Өйткені, еліміздің оңтүстік облыстарында Торғайға қоныс аударуға ниет білдіріп отырған отбасылар бар. Ал аудандағы «Сыма-К» шаруа қожалығы келер жылы Түркістан облысынан екі отбасыны көшіріп әкелуді жоспарлап отыр. Мәселен, бір ғана, бау-бақша өсіруге ниет білдіретіндер үшін аудан көлемінде егістікке қажет жер, өзен-су жеткілікті. Сауда-саттық жасауға да еш кедергі жоқ. Өйткені, алдағы жылдары Арқалық-Торғай арасындағы тас жол тегіс төселсе, көлік қатынасына өте қолайлы болғалы тұр. Сол себепті, еліміздің халқы тығыз орналасқан аймақтарынан біздің өңірімізге көшіп келіп, еңбек етіп, кәсіп бастаймын деушілерге есігіміз ашық.
Елеуітовтердің елеулі еңбегі
Жангелдин өңірінде 440 шағын және орта бизнес субъектілерінде 644 адам жұмыспен қамтылған. Он айда олар 548 млн теңгенің өнімін өндіріпті. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының «Бастауыш кәсіпкерлерді гранттық  қаржыландыру бөлігін жүзеге асыру да ойдағыдай жүзеге асырылуда екен.
Бүгінде ерлі-зайыпты Талап және Кәмпит Елеуітовтер сан салалы кәсіп иелері атанып отыр. Олай дейтініміз, отағасы Талап – «Елеуітов» шаруа қожалығын басқарса, Кәмпит Мұхамбетзәкірқызы «Барыс» сауда орталығының жетекшісі. Торғайдағы қабырғасы ғана қалған 320 шаршы метрлік қараусыз ғимаратты 2012 жылы алған олар төбесін жауып, қосымша қойма бөлмелерін салып алған. Сауда орны жеке қазандықпен жылытылады. Тұрмыстық заттар, жиһаздар, күнделікті тұтынатын тауарлар халық сұранысына жарап тұр қазір. Бастапқыда бір жағынан Талап қолындағы бес-алты қара малы мен он шақты қойының басын арттырса, жеке кәсіп бастауды ұйғарған бұрынғы мұғалім Кәмпит базарда ұсақ-түйек сатып жүріп, әжептәуір қор жинап алған. Қазір мұнда төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Отбасының тағы бір қолға алғалы отырған кәсібі – елді мекендегі бос жатқан екі қабаттық ғимаратта халал дәмхана ашу. Ал қыздары Арайлымның да өз тігін шеберханасы жұмыс істейді. Ұлы Заманбек Қостанайда оқып жүр. Кәсіпкер ата-ана баласының дипломын алып ауылға келсе, елдің тұрмысын көтеруге қолғабысын тигізетініне сенімді.
Ауданда жыл сайын мал басының өсіп, саланың қарқынды дамуына «Сыбаға», «Алтын Асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламаларының оң септігі зор. Осындай игі қолдауға ие болғандардың бірі – «Елеуітов» шаруа қожалығы. Талап Елеуітов басшылық ететін шаруашылық алғашқы жұмысын 2014 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 50 бас Зеңгі тұқымынан бастаған. Қазір мұндағы ірі қараның саны 150-ге жетті. Оған қоса, 300-дей қой  мен аз ғана жылқы бар. Торғайдан шығаберістегі Шұбалаң ауылының сыртынан мал қора салып, шабындық пен жайылым жер алған. Шаруашылық ашылғаннан кейін 4 миллион теңгеге жаңа трактор сатып алыпты. Оның тең жарты бағасын үкімет субсидия арқылы қайтарып берген. Алдағы уақытта шөп жинап-орайтын техника сатып алатын ойы бар.
Талап Елеуітов, «Елеуітов» шаруа қожалығының басшысы:
— Қазір малдың басында екі адам бар. Қыстауға келгенде, Шұбалаңнан тағы екі-үш адам жалдап жұмысқа тартамыз. Көп шаруашылықтың басындағы түйткіл – осындай мал бағуға көбінің жұмысқа келмейтіні. Егер шынайы жұмыс істеймін деп келетін адам болса, оған қосымша табыс табуға көп мүмкіндік бар. Жалақы алғаны бір бөлек, өзі де мал көбейтіп, ет, сүтімен-ақ шайлығын айырып отыруға болады. Биыл 60 тіркеме шөп түсірмекпіз. Кебекті Қостанайдан әкелеміз. Осы орайда мал шаруашылығы саласында шешілмей келе жатқан түйткілді газет арқылы жеткізгім келеді. Әдетте астық өсірушілер үшін көктемгі-күзгі егістік науқандарында дизель отынына жеңілдік қарастырылған. Ал мал ұстайтындардың шөп шабу науқанына жұмсалатын жанармайға да ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдік қарастырса деген өтініш бар.
Еңбектеген баладан  еңкейген қарияға дейін
Торғайдың биылғы 90 жылдық мерейтойы елден ерекше өтті. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, қазақ күресі, ән байқауы, айтыс, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, басқа да мәдени-бұқаралық шараға айтарлықтай толы болды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегеннен гөрі, тоқсан жылдықтың бүкіл шаралары қыркүйекте өтіп кетсе де, оның айрықша әсерлі болғаны көрініп тұр, әлі күнге аузынан тастамайды жұртшылық. Олай деуге де себеп бар. Өйтетіні, елде тұрып жатқан, сыртта жүрген жерлестер тайлы-тұяғы қалмай, аудан орталығы мен туған ауылдарына бір-бір нысаннан салып немесе жаңалап берген, болмаса қаржылай, заттай, жүлделей көмек көрсеткен. Жоғарыда айтқан шаһардың қақпасын 1991 жылғы азаматтар 3 миллионнан астам қаражатқа жаңадан кірпіштен өріп, «ТОРҒАЙ»  жазуы күндіз сәнімен, түнде жарығымен есте қалатындай, алдына қорғаушы-пір бейнесінде екі арыстан орнатып, ерекше етіп жасап шығарды.
«Атамекен» бағдарламасымен Аралбай ауылындағы футбол алаңы ашылса, М.Дулатұлы мұражайы мен мазарына күрделі жөндеу, Қаратүбектегі ойын алаңы мен орта мектепке жиһаз сатып алу, Оспан қожа Әулие мешітіне жүргізілген күрделі жөндеу мен абаттандыру, қақпасын жаңалау, төбесіне жөндеу жүргізу, Ы.Алтынсарин орта мектебіндегі робот-техника кабинеті мен Қ.Топаев орта мектебіндегі IT-технология кабинетінің жабдықталуы, орталық алаңды жарықтандыру, орталық сахнаның қайта жөнделуі, орталық көшедегі Торғайдың ақын-жазушыларының түнде диодты жарық беріп тұрған портреттері, қоғам қайраткері Қайнекей Жармағанбетовтің 100 жылдығына орай ақын мүсіні, ипподромды жабдықтау, орталық алаңға қойылған мінбер орындықтар, орталық саябақты қоршау, «Жасыл ел» саябақ қоршауын жаңалап орнату, көшелер мен алаңдарды абаттандыру, «Торғай» стелласын өзгерту, мешіт асханасы мен А.Байтұрсынов пен М.Дулатов мұражайына пластикалық терезелер салу, мешіт наиб имамына қажылық сапарға жолдама алып беру, алаңға спорттық құрылғыларды орнату, «Боздақтар» монументін қалыпқа келтіру, Ы.Алтынсарин көшесіне жаяу жүргіншілер екі жақты жолы төсеу, Жаркөл ауылында қорымды қоршау, ашаршылық, қуғын-сүргін ескерткішін жаңалау, тағысын тағы толып жатқан науқанның барлығын азаматтар өз бастамаларымен қолға алған.
Ауданның мерейтойын атап өту қарсаңында елге белгілі қоғам қайраткерлерінің, іскер азаматтардың, кәсіпкерлердің белсене атсалысуының нәтижесінде 50 миллион теңге қаражат жиналды. Бір сөзбен айтқанда, Торғайды жаңа кейіпке келтіруге ес білетін баладан таяқ ұстаған кәріге дейін атсалысып отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», ел-жұрт өздігінен үлкен іске бір кісідей ұйымшылдығын көрсетті. Содан болар, тойдың әсері жұртшылықтың аузынан әлі тарқаған жоқ. Есесіне, елдің еңсесі көтеріліп, айбары тасып, аруағы асып тұр қазір!
sdr
Тарихтың куәсіндей «Татыр» белгісі
Бұл нысан 1916 жылғы Татыр көлі жағасында қара халықтың зеңбірекке сойыл-шоқпармен қарсы шығып, патша үкіметінің әскеріне тойтарыс берген алғашқы ірі шайқас өткен орнына қойылған ескерткіш. Нысан алғаш 1977 жылы салынды. Енді араға 41 жыл салып қайта жаңғыртылып отыр. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Халықаралық туризмді дамыту, әлеуметтік жобаларды іске асыру, тарихи-мәдени мұраларды қорғау және сақтау жөніндегі бағдарлама аясында қолға алынған науқанның бірі. Кезінде патша жендеттеріне қарсы Карбоз Қабақұлы, Бек Сарманұлы, Қияқбай Үркімбайұлы, Омар Тынымұлы бастаған жергілікті азаматтары ауыл жастарынан жасақ құрған екен. Татыр шайқасы – ұлт намысын ту еткен батыр бабаларымыздың әскер саны көп, қару-жарағы мықты, күшті жаумен бетпе-бет келген алғашқы ірі шайқасы. Ерлік іс ешқашан ұмытылмайды.
«Татыр шайқасы» ескерткішінің маңын  қалыпқа келтіру, абаттандыру жұмыстары ел жастарының демеушілігімен 3 миллион тенгеге іске асырылды.
Тәуіштегі тәуір жаңалықтар
Біздің Жангелдин ауданындағы сапарымыз Жаркөл ауылдық округінің орталығы – Тәуіш ауылымен аяқталды. Оқырманымыздың есінде болса, 2011 жылғы үлгілі ауыл болып танылған Сужарғанды басқарған Әмір Қонысбаев – қазіргі Жаркөл ауылдық округінің әкімі қызметінде. Әбекең келгелі, бұл елде де бірқатар тың шаруалар қолға алыныпты. Былтыр бой көтерген ауыл мешіті мен жаңа кейіпке енген мәдениет үйі – көзіміз көрген игі істердің бір парасы ғана. Бұл жұмыстардың барлығына елдің азаматтары бір кісідей жұмылып, қаржылай, материалдық қажетті көмектерін көрсетіпті.
Ал мақала әзірленіп жатқанда, Жангелдин ауданы Жаркөл ауылдық округінің әкімі Әмір Қонысбаев тағы бір жақсы жаңалығын жеткізді. Округ орталығы Тәуіштің сыртындағы ұзындығы 30, ені 8-10, биіктігі 14 метр болатын су бөгетін көктемгі тасқын шайып әкеткен еді. Оны қалпына келтіру жұмыстарына Жаркөл тұрмақ, аудан көлемінде техниканың күші жетпейді. Сол себепті, елдің басшылары Арқалықтағы «Алюминстрой» ЖШС басшысы, белгілі кәсіпкер Абай Мұқановтан көмек сұраған екен. Ауыл жанашыры бұл өтінішке бей-жай қарамай, алыстағы елді мекенге қажетті техникалар жөнелтіпті. Ақылбек Шынбергенов бастаған бригада аз күннің ішінде өзен бойындағы бөгетті қайта қалпына келтіріп, ауылдықтардың шынайы ақ алғысын алып отыр.
Арқалық қаласы
Арқа төсіндегі бір ордам
Қостанай облысының Торғай атырабы аймақтың ең шалғай, тұйықтағы өңірі. Кезінде орталығы боксит өндірісінен атағы дүркіреп тұрған Арқалық қаласы тоқсаныншы жылдардағы ауыртпалықты басынан өткергені белгілі. Бірақ қазіргі уақытта 62 жылдық тарихы бар шаһардың әлеуеті айтарлықтай алға басқан. Аз жылдарда Торғай боксит қоры түгесіледі деп дабыл қағатындар бар. Дегенмен, қала экономикасын құлдыратып алмау мақсатында жүзеге асып жатқан әрі жоспарда тұрған тың шаруа баршылық. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Шұбаркөлмен арадағы темір жолдың салынуы мен шаһардағы әлеуметтік нысандардың бой көтеруі, бизнестегі нәтижелі көрсеткіштер, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, рухани-мәдени, білім, спорттағы көрсеткіштер елдің еңсе тіктеуіне зор септігін тигізуде. Экспедицияның Жангелдиннен Арқалық өңіріне барған сапарында көз жеткізгені де – осы.
Қала өндірісінің жалпы көлемінде өнеркәсіптің үлесі 5,7 млрд теңгені құрайтын 50 пайыздан астам. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 5 млрд теңгеге жуықтайды. Қала экономикасына 1,5 млрд теңге инвестицияланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 1,5 есеге артық. Мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр. Өңір дамуының басты көрсеткіштердің бірі – құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау көрсеткіш 1 млрд. 17 млн теңгеге орындалып, өткен жылғы деңгейден 18 пайызға өсіпті.
Эльдар Күзенбаев, Арқалық қаласының әкімі:
— Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында 2018-2022 жылдарға арналған көшіп келушілерді қоныстандыру Картасына сәйкес, оңтүстік өңірлерден Арқалық қаласына тұрақты тұру үшін жалпы саны 48 адамнан тұратын 12 отбасы көшіп келіп отыр. Олардың барлығының ер азаматтары жұмысқа орналастырылды. Көшіп келуге, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтері үшін шығындарын өтеуге жалпы сомасы 5 миллион теңге субсидия бөлінді. Бұдан бөлек, облыс басшылығынан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қаладағы жалпы алаңы 7,2 мың шаршы метр болатын 120 пәтерлі тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша жұмыстарды іске асыруға қолдау көрсетуін сұрап отырмыз. Бұл науқан жүзеге асса, тұрғын үй алуға кезекке тұрғандар, соның ішінде халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобының кезектегі көрсеткішін азайтуға мүмкіндік бермек.
«Торғай Ет» – толағай табыстың тоғысы
Біз Арқалықтағы құрылысы жүріп жатқан ет комбинатының барысын шет қалдырған жоқпыз. Бұған дейін қалада мұндай кәсіпорын болған да еді. Нарықтық қиын жылдардың «құрбаны» болған өндіріс ошағы жиырма жыл бұрын жұмысын тоқтатты. Дегенмен, жаңа ет өңдеу кешенінің іске қосылуы тек Арқалықтың өзін ғана емес, тұтас Торғай өңірі – көршілес Амангелді, Жангелдин, Науырзым аудандары мен Ақмола, Қарағанды облыстарының аудандары үшін аса қолайлы болғалы тұр. Аталған инвестициялық жоба Қостанай облысының кәсіпкерлігін қолдау Картасына енгізілген. Жылына мың тоннаға дейін ет өңдеуге мүмкіндік беру аймақтың оңтүстік өңірі үшін айтарлықтай тың серпін әкелмек. Бұдан былай шалғайдағы аудандардың шаруа қожалықтары мал етін бұрынғыдай облыс орталығы мен басқа да жүздеген шақырымдағы ет қабылдау тіректеріне апарып шығындалмайды.
Құрылыс мердігері – «Алюминстрой» ЖШС. Ал жобаның жалпы құны – 2 млрд теңге. Кешен жылу, су және кәріз жүйесі тартылған жұмысшылар бөлмелері, жуынатын орындардан бастап, малды сойып, оны сұрыптап, жіліктеп, етін сылып, шұжық дайындауға, консерві жасауға арналған шетелдік қондырғылармен және тоңазытқыш құрылғыларымен түгел қамтылып отыр. Мал сою цехының іші түгел автоматтандырылып, әрі санитарлық тазалық жүйесі қатаң сақталған. Ал қасапшылар малды пышаққа жығар алдында мешіттен жазылып берілген арнайы дұғаны оқып барып, адалынан бауыздайды екен.
Жобаның қуаттылығы жылына 16 мың ірі қара мен 30 мыңға дейін ұсақ мал етін өңдеуге лайықталған. Ет өңдеу кешені толықтай іске қосылған уақытта жылына 500 тонна шұжық өнімдерін, 350 тонна консерві және 150 тоннаға дейін жартылай дайын өнімдерді шығаратын болады. Комбинатта 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған. Ал 2019 жылдың күз айларында 3 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланып отыр.
Экспедиция барған кезде ет комбинатының соңғы әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатқан еді. Қараша айының соңғы онкүндігінде кешеннің ашылу салтанаты өтіп, оның тұсаукесеріне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып келді.
Сан өнер тоғысқан орталық
Арқалықтағы Елена Цвентух басшылық ететін «Жас-Ұлан» балалар мен жасөспірімдер орталығы небір дарындарды оқытып келе жатқан өнер ордасы. Жүзу бассейні, спорттық жаттығу және фитнес залдарымен қатар, балғындардың ой-өрісін ұштауға бағытталған бейнелеу өнері, үй шаруашылығы, өсімдіктану шаруашылығы, туризм, өлкетану бөлімдері, керамика, тігін, шеберханалары, фото-бейне, дыбыс жазу, театр, телевизия студиялары, домбыра, би сыныптары, жануартану бұрышының бәрі – бір жерде топтасқан. Бізге қызық көрінгені – заманауи ІТ-сыныбы мен жас саз балшықтан құмыра иіріп, оны күйдіру техникаларын үйрететін қыш бұйымдар жасау үйірмесі. Әсіресе, Елбасы Жолдауына ерекше үлес қосып келе жатқан робот техникаларының сыныбы оқушыдан босамайды. Қаладағы мектептерде оқытылатын информатика сабақтарының тәжірибе сағаттары осы ІТ-сыныпта жалғасады. Біз кішкентай шәкіртттердің өздері жасап, смартфон арқылы арнайы бағдарлама арқылы басқарылатын «ақылды» машинаның аяқ алысына куә болып қайттық.
Әз-аға салған сара жол
Біз Торғай өңірімен Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы  облыстық мұражайын аралап барып қош айтыстық. 1972 жылы негізі қаланған көне мұралар үйінің ашылу салтанатты жиынына сол кездегі Республика басшысы Д. Қонаевтың  қатысуы көп нәрсені аңғартқандай. Заманында облыс басшыларының қолдауымен, қазақ  халқының біртуар ұлтжанды азаматы, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің ыстық ықыласы, бар ынта-жігерімен кіріскен тынымсыз еңбегінің арқасында келер ұрпаққа кешегі күннен сыр шертер тарихи- археологиялық мәдени асыл қазына ордасы өз шаңырағын тіктеді. Торғай облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарған Өз-ағаның мұражай экспонаттарын жинау барысындағы қарапайым да қызықты еңбегі өзгелерге үлгі болардай. Тіпті, ел аралап жүргенде, біреудің үйіндегі иттің алдында жатқан жуынды құйылған ағаш табаққа дейін көріп қалып, соны мұражай төріне оздырған қайраткерге қалайша бас имейсің!
Бізді музей қызметкері, ақын, жас зерттеуші, Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиевтің шәкірті Батырлан Сағынтаев жәдігерлер қорымен таныстырып шықты. Қырық жылдан артық халыққа қызмет етіп келе жатқан облыстық Дала өлкесі тарихы мұражайында сонау ерте дәуірдегі зіл өмір сүрген заманнан бергі 75 мыңнан астам жәдігер сақталып отыр. Жалпы, мәдени ошақта 11 экспозициялық зал жасақталған. Бұл орын тың деректермен, құнды дүниелермен толығу үстінде.
Экспедиция түйіні: Міне, осындай ел ішіндегі жаңалықтарды оқырман қауыммен бөлісіп отырмыз. Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисембаевқа, Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарының әкімдері мен осы өңірлердегі «Нұр Отан» партиясы филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарларына, партияның облыстық филиалының маманы Инеш Әбелдиноваға аймақтағы экспедицияның аяқ алысына қолдау білдіріп, демеу жасағаны үшін зор алғысымызды білдіреміз!
Қыдырбек Қиысханұлы