Эпидемиологиялық ахуал – бақылауда

Осы аптада Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен коронавирусқа қарсы облыстық жедел штабтың отырысында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал тағы бір мәрте зерделеніп, нақты тапсырмалар белгіленді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен онлайн режимінде ұйымдастырылған жиында аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз екені айтылды. Соңғы аптада аурудың өсу бағыты байқалған. БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы М.Арыспаевтың мәліметінше, клиникалық белгілері бар аурулардың өсу бағыты 23 пайызға артқан. Симптомы байқалмайтын аурулардың өсуі 42 пайызға дейін көтерілген. Оған ауа райының күрт салқындауы да әсерін тигізуі мүмкін. Екіншіден, адамдардың бетперде кимеуі, арақашықтықты сақтамауы, көпшілік орындарға баруы әлі де тыйылмай тұр.

– Соңғы 26 қазаннан 1 қарашаға дейінгі бір апта ішінде 71 оқиға тіркелді. Оның 34-і облыс азаматтары ауруханаға жоспарлы емге барғанда, 17-сі қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде табылды. Ал 12 оқиға профилактикалық шаралар кезінде, яғни вахтаға баратын, шекарадан өткен адамдарды тексеру кезінде анықталды. Күнделікті сараптамаға сүйенсек, бір апта ішінде аурудың өсу бағыты байқалды. 2 қарашадағы оқиға бойынша 13 жағдай тіркелді. Ауырған жандардың 40 пайызы – зейнеттегі адамдар, – деді облыстың бас санитариялық дәрігері.

Адамдардың ауруы ПТР-тестілеу жүргізілетін лабораториялық диагностика арқылы анықталады. Бір аптада облыстық ауруханадағы лабораторияда 1337, департаменттің лабораториясында 2000-ға жуық ПТР-тестілеу жасалған. Тестілеу құны 8-9 мың теңге аралығында. – Күніне жасалатын 1200 тестілеудің 70 пайызы қарым-қатынаста болған адамдарға тегін жасалды. 30 пайыз вахтаға баратындар өздері үшін ақылы сараптама жасатады. Профилактикалық алдын алу жұмыстары барысында кей зертханаларда жасалатын тестілік зерттеулер тегін. «Медорталық», «Олимп» секілді зертханаларда ақылы жүргізіледі, – деді Мұхамғали Қайыржанұлы.

Ресейдегі эпидахуалға байланысты шекарадағы бақылау күшейтілгенін айтқан департамент басшысы эпидемиолог мамандар шекарадағы төрт автоөткелде күні-түні жұмыс жасап жатқанын айтты. Шекарадан бір аптада өткен 1158 жаяу жүргіншінің 1044-інің ПТР-тестілеу анықтамасы болған. Анықтамасыз өткен 114-і карантинге жатқызылып, үш Түркістан облысы азаматының ПТР-тестілеу талдамасы оң нәтиже көрсеткен. 19 Ресей азаматына құжаттары болмауына байланысты шекарадан өтуге рұқсат етілмеген. Бір аптада 1482 транзиттік жүргізушінің 593-інде ғана ПТР-тестілеу анықтамасы болған. Анықтамасыз келген жүргізушінің сегізінің ПТР-тестілік зерттеуі оң нәтиже көрсеткен.

Осындай статистикалық мәліметтерді баяндаған М.Арыспаев эпидемиологиялық ахуалға байланысты түсінік жұмыстарын әлі де күшейту қажеттігін жасырмады.

Жиында облыс аумағынан өтетін транзиттік көліктерді облыс орталығына кіргізбей өз бағыттарына шығарып салу мәселесі де қозғалды. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 19 қазаннан бастап төрт экипаж күндіз, төртеуі түнгі мезгілде төрт бағыт бойынша қызметтерін жүргізіп жатқанын мәлім етті. Тек қала ішіндегі кемпингтарға аялдайтын транзиттік көліктердің барлығын бірдей бақылауға алу мүмкін еместігін алға тартып, осы кедергіні арнайы қаулы шеңберінде қарастыруды ұсынды.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғ.Лямов соңғы аптада облыста ковидтық пневмониямен ауыру көрсеткіші көбейгенін айтты.

– Бүгінде 148 науқас емделуде. Оның 99-ы стационарлық, 39 науқас амбулаторлық ем алуда. Сондай-ақ бүгінде жұқпалы аурулар стационарында 7 науқас ауыр халде жатыр. Біреуі кешегі күнге дейін жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Қазіргі уақытта жағдайы жақсарып келеді. Алты науқас пневмониямен жансақтау бөлімінде жатыр. Емханалар тұрғындармен CALL-орталықтар арқылы байланысқа шығады. Дегенмен шағымдар көбейіп тұр, – деді басқарма өкілі. Жұмысын бастағаннан бері CALL-орталықтарға 115 мың қоңырау түссе, оның 82 мыңы медициналық бағытта болған. Соңғы

аптада ковидтық пневмония бойынша 124 қоңырау түссе, соңғы тәуліктегі 121 қоңыраудың жетеуі – ковид-пневмонияға байланысты.

Жиын барысында БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер мәселелері басқармасының басшысы Сәкен Нұртазаев жуырда коронавирустық жұқпаның таралуын бақылау мақсатын көздейтін мобильдік қосымшалар іске қосылатынын баяндады. Бұл туралы тұрғындармен түсінік жұмыстары алдын ала жүргізіледі.

Өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы барлық кәсіпорындар, мемлекеттік органдар резервтер қарастырып, жұмыста алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін медициналық қорапша жасақтау керегін ескертті. Сондай-ақ тұрғындарды карантин талаптарына бағынуға шақырып, бірқатар мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы