Ер адамның міндеттері
Адам қоғамы үйден, әулеттен басталады. Үй тірегі, екі босағасы — ерлі-зайыпты жұбайлар. «Жұмысың өнімді, өмірің көңілді болсын десең, досың көп болсын және сол достықты ең әуелі жұбайыңнан баста», — дейді дана хылқымыз.
«Әйеліңмен дос бол — берекең кіреді,
Азаматпен дос бол — қадіріңді біледі,
Білімдімен дос бол — ақыл-кеңес береді», — деген бабаларымыз.
Берекеңнің ынтымақта, достықта екенін әркім біледі, бірақ достық, татулық өзінен-өзі келмесе керек. Ол үшін өзара сыйыса, өзара сыйласа білу керек. Кекшіл емес, көпшіл, кешірімді, ырымшыл болу қажет.
Ер адам отбасы мен әйелі алдында абыройлы, қажырлы болғаны абзал. Өйткені, оған жүктелген міндеттер орасан. Сол міндеттерді өз дәрежесінде атқара алған адам тек отбасының ғана емес, ел-жұрттың алдында сыйлы, құрметті бола алады. Аты мұсылман әлеміне әйгілі имам Шәмілді бүкіл Кавказ халқы құрмет тұтқан. Мұның сырын сұрағандарға имам Шәміл: «Мені ең алдымен үйде әйелім сыйлады, содан соң бала-шағам сыйлады, одан кейін көрші-қолаң сыйлады, содан соң ауыл аймақ сыйлады. Осылайша бүкіл Кавказ халқы құрметтейтін дәрежеге жеттім», — деп жауап берген екен. Өзіне деген құрметтің әйелінен басталғанын имам текке мысал етпесе керек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Барлығың бақташысыңдар және барлығың да қарамағыңдағылар үшін жауаптысыңдар. Ер адам бақташы және қос астындағыларға жауапты» дегені оның әйелі мен бала-шағасын меңзейді. Солар үшін қияметте де сұралатын болады. Ер азамат отбасы мүшелерінің ар-намысын қорғап, олардың һәм рухани, һәм материалдық жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
Ер адамның басты міндеті — отбасы мүшелеріне дұрыс тәрбие беріп, пайдалы ілім үйрету. Тәрбиелеуде діни қағидаларға сүйенсе құба-құп. Ал білім беруде ең бірінші діни құндылықтарды үйретуі парыз саналады. Ер адамның әйелі алдындағы міндеттеріне қысқаша тоқталып өтейік:
1. Ер кісі ізгі мінезбен әйелін қадірлеп, жарасымды өмір кешуі тиіс. Ешуақытта әйеліне жаманшылық жасауына болмайды. Сүйікті пайғамбарымыз: «Сіздердің ең жақсыларыңыз — әйелдеріңізге жайлы болғандарыңыз» деген.
2. Мұсылман еркектің зайыбына, үй шаруасына көмектесуі — сүннет.
3. Әйеліне мейірімді болу.
4. Еркек әйелінің намысын аяқасты етпей, қадірін сақтауға міндетті және соңы келеңсіздікке апаратын істен сақтандырған жөн.
5. Әйелді асырау, киіндіру және тапқан нәпақаны ысарып етпей ретімен жарату ер адамның мойнындағы іс.
6. Егер әйелі діни міндеттерді білмейтін болса, күйеуі үйретуі тиіс.
7. Мұсылман еркекке сөзімен де, ісімен де әйелінің жартылысын, яки мінезін келемеждеуге немесе туған-туыстарын балағаттап, кемсітіп қорлауға рұқсат етілмейді.
Кәмшат Әбдіқадырқызы