Ер балаға еркіндік бер!

Ер адамның өміріндегі ең алғашқы әйел, ол — анасы. Ер адам оған балалық шағынан бастап, балиғатқа жеткенше байланған. Яғни, ұл бала сәби шағында анасының құшағын, жылуын қалай қажет етсе, бұл он екі жасқа дейін жалғасуы тиіс. Ал он екі жастан асқанда ана мен ұлдың арасындағы байланыс әлсіреуі керек және ұл бала есейгенше біртіндеп үзілуі тиіс. Бірақ барлық жағдайда бұл мүмкін емес.

Егер анасы ақыл-парасаты, түсінігі жағынан жетілген болса, ол еш қиналмастан ер баласын әкесінің қолына тапсырады. Осылайша, есейген ұл балаға енді әкесі жауапты болады. Ермінезділік, азаматтық балаға әкеден өтеді. Бірақ қазір мұндай жағдай көп емес. Әкесіз өсіп жатқан ұл балаларға ағалары қамқорлық етіп, оларға ер-азаматқа тән қасиеттерді бойында дарыта білуі керек.

Кейбір аналар ұлын ешкімге сеніп тапсыра алмайды. Күйеуіне де, ұлына көңілі бар қызға да. Қазір мұндай жағдайларды көптеп кездестіруге болады. «Анасының ұлдары»  атанғандар көбейіп кетті. Мұның себебі де  жоқ емес.

Анасы ұлына еркіндік бермейді. Барлық мәселелерді ұлының орнына өзі шешеді. Осылай ете отырып, ол өзін дұрыс жасап жатырмын деп ойлайды. Ол ұлын нағыз еркектік мінезден айырып отырғанын түсіне бермейді. Мұны білгісі келмейді. Өйткені ол — ана. Бұл дүниедегі барлық жаратылыстан ол  «өзінің қаны, жаны» болған перзентін  жақсы көреді. Мұндай анада рухани және психологиялық кемшіліктер бар. Оны өзі білмегендіктен, ол өзінің қалауын емес, баланың қалауын орындайды. Өйткені өзін баладан төмен адам деп санайды. Сондықтан ол өзіне ұқсаған «төмен» адамды тәрбиелеп шығарады.

Өзін-өзі ақтауға да себеп табады. «Мен анамын, перзентімді қорғау — менің борышым» деп есептейтін аналар есейген ұлын өз бетімен шешім қабылдай алмайтын жасқаншақ етіп алады.

Аналар, ойланыңыздар! Қоғамға ер-азаматтар керек, ер-азамат болып қалыптасуы үшін мүмкіндік беріңіздер!

                                                                                Мәриямның хатынан, Түркістан қаласы