«Ер Едіге» байқауының жамбылдық жеңімпаздары анықталды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Nur Otan» партиясының қолдауымен облыс әкімдігі білім басқармасы ұйымдастырған «Тұлпар мініп, ту алған» Едіге батыр туралы жырды жатқа айтудан байқау Жамбыл облысы бойынша өз мәресіне жетті.
Байқаудың мақсаты – оқушылардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, шығармашылық қабілетін дамытып, патриотизмге баулу, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру. Оған жалпы 279 мектептен 700-ге жуық оқушы қатысып, олардың арасынан іріктеліп облыстық кезеңге 40 оқушы қатысты.
Тараз қаласындағы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта өткен байқаудың облыстық кезеңінде 40 оқушы «Ер Едіге» жырын жатқа айтып, қосымша сұрақтарға жауап беріп өзара сайысты. Оқушылардың қабілеттерін қазылар алқасының мүшелері бағалап отырды.

 

Байқауға «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов, облыстық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, облыстық маслихаттың депутаты Уалихан Болатбек, «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі, айтыскер ақын Есет Досалы, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Ринат Нұрақбаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Тарих және география» кафедрасының аға оқытушысы Назгүл Мырзаханова қазылық етті.
Қазылар алқасының қорытындысы бойынша І орынды Т.Рысқұлов ауданының №2 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Досхан Айтқұлов, ІІ орындарды Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Еділ Сансызбай мен Тараз қаласы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Сая Сыдықбек, ІІІ орындарды Тараз қаласы «БІЛІМ ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының 7-сынып оқушысы Мұқан Жанарыс пен Тараз қаласы Б.Момышұлы атындағы №45 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Медина Кеңесханова жеңіп алды.

 

Жеңімпаздар мен олардың ұстаздары арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.

Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Жамбыл облысы