Ер мен әйел құлшылығындағы айырмашылықтар

 Алланың бар екендігі мен даралығын біліп растау – ең үлкен парыз. Осыдан кейінгі парыздардың ең үлкені және ең маңыздысы – намаз. Намаз – жүректің нұры, рухтың күші, мұсылманның кереметі. Шариғатта намаз – тәкбірмен басталып, сәлеммен аяқталатын, ерекше әрекеттер мен сөздерден тұратын ғажайып құлшылық (ғибадат). Бүкіл әлемді жаратқан сұбхан Алла Тағала жанды-жансыз нәрселерді жұп қылып жаратты. Соның ішінде адамзатты да еркек, әйел қылып жаратты. Адамзаттың еркегіне де, әйеліне де бір ғана Өзіне құшылық қылуға бұйырды. Ол туралы Құранда:«Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (безуден) сақтаныңдар. Шексіз Алла (Т) сендерді бақылаушы», – дейді («Ниса» сүресі,1-аят).

Құлшылық (ғибадат) – Ұлы Шебердің мына ғаламдағы жаратылыс туындысына қарап, ондағы нақышталған құдіретінің, шеберлігінің, білімінің алдында таң қалып, бас шайқап, қайран қалудың нәтижесі.
Құлшылық (ғибадат) – адамның жүгі зіл батпан мына дүниедегі барлық мұқтаждығы мен керегін Ұлы Жаратушысына білдіруі, Оның алдында мінәжат етуі.

Құлшылық (ғибадат) – адамның кемелденуіне, еш нәрсеге қана-ғаттанбаған рухы мен жүрегінің жай тауып, шексіз рахатқа қауышуына, денінің саулығына, сан алуан сезімдердің жетілуіне, мінез-құлқының толысып көркеюіне ықпал етеді. Ол туралы Құранда былай деген: «Сөз жоқ, мұсылман ерлер және мұсылман әйелдер, мүмін ерлер мен мүмін әйелдер, бой ұсынушы ерлер мен бой ұсынушы әйелдер, шыншыл ерлер және шыншыл әйелдер, сабырлы ерлер және сабырлы әйелдер, ықыласты ерлер және ықыласты әйелдер, садақа беруші ерлер және садақа беруші әйелдер, ораза ұстаушы ерлер және ораза ұстаушы әйелдер, ұятты жерлерін қорғаушы ерлер және әйелдер, Алланы көп зікір етуші ерлер және әйелдер; Алла (Т) бұлар үшін жарылқау және ірі сыйлық әзірледі» («Ахзаб» сүресі, 35-аят); «Ер мен әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тірлікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз»(«Нахіл» сүресі, 97-аят).

Адамды жоқтан жаратып, һәм оған өзге жаратылыстардан үстем етіп ақыл-ой, сана-сезім сыйлаған, сан алуан жақсылығы мен ризық несібесін толассыз төгіп, айналасындағы күллі жаратылысты қызметіне жүгірткен Алла тағалаға ер мен әйелдің бұл өмірдегі құлшылығынан да, ақыреттегі сауабынан да кеміткен жоқ, қайта керісінше екеуіне тең дәрежеде жүктеліп, тең дәрежеде сыйлық беруде.

Алла Тағалаға деген шынайы құлшылықтың басты талабы – тазалық. Ислам діні тазалыққа үлкен мән берген. Жаратқанның алдына шығу үшін дене, киім және намаз оқитын жердің, жүректің тазалығы өте маңызды. Құран Кәрімде: «Әй мүміндер! Қашан намазға тұрсаңдар (тұрарда) жүздеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар (сипаңдар). Және екі тобықтарға дейін аяқтарыңды жуыңдар. Егер де жүніп болсаңдар (бой дәретсіз болсаңдар), толық тазаланыңдар (шомылыңдар). Егер науқас не сапарда болсаңдар немесе сендерден біреу түзге отырып келсе не әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар, таза жерге тәяммүм соғыңдар, онымен беті-қолдарыңды си-паңдар. Өйткені Алла сендерге ауыршылық қаламайды. Бірақ, сендерді тазартуды, сондай-ақ, шүкірлік етулерің үшін сендерге нығметтерін тәмамдауды қалайды» («Мәида» сүресі, 6-аят), – деген. Алла Тағалаға деген құлшылықтың барлығы бірдей болғаны-мен, әйел кісінің жаратылысындағы өзгешіліктерді ескере отырып, әурет (ұятты) жерлерін жабуда, тазалықта (бой дәретте), намаздағы кейбір амалдарда ерекшеліктер болады.

Ғұсылдағы (бой дәрет) ерекшеліктер: ер адамда ғұсыл үш жағдайда уәжіп болады;

1) жұбайымен қосылғанда мәни бойдан шықса;

2) жыныстық қатынаста болып, бірақ мәни бойдан шықпаса да;

3) ихтиламда (ұйқыда жатып) мәни бойдан шықса.

Ал әйел адамға тағы екеуі қосылады: олар:

1) хайыз (етеккір келгенде);

2) нифас (әйел босанғаннан кейін жатырдан келетін қан).

Әурет (ұятты) жерлерін жабудағы ерекшеліктер. Ханафи мәзһабы бойынша, ер адамның әурет жері – кіндік пен тізеге дейінгі аралық, ал әйелдерде беті мен екі қолынан басқа жері әурет (ұятты) болып есептелінеді.
Ол туралы Құран Кәрімде: «(Мұхаммет Ғ.С) Мүміндерге айт: (бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла, олардың не істегендерінен хабар алушы» («Нұр» сүресі, 30-аят), – дейді.

«Мүмін әйелдерге де айт: (бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күң-деріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдер-дің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетуіне болады. Және де көмескі зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй мүміндер, түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар» («Нұр» сүресі, 31-аят).

Міне, осы ерекшеліктердің себе-бінен әйелдің оқитын намазында да ерекшелік болады. Ол, әлбетте, Құран Кәрімде айтылғандай әурет жерін, зейнетін сақтау мақса-тында ахли сунна уәл жамаа ғалымдарының келіскен мәселесі. Енді осы әйел намазының ерекше-лігі туралы пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінен, сахабалары-мыз бен ғалымдарымыздың жаз-ған ғылыми еңбектерінен айқын дәлелдер келтіре отырып айтып өтсек. Осы тектес Құран аяттарын назарға ала отырып ахли сунна уәл жамаа ғалымдары төмендегідей тұжырымдама жасайды.
Сунан әл-Кубро әл-Байхақи кітабында имам Байхақи былай дейді: «Ер адам мен әйел адамның намазындағы негізгі айырмашылық – ол әйелдің намазының жасырын болуы (2 -222 бет). Әйел адамдарға мешітке барып жамағатпен намаз оқуға болады, бірақ үйде оқығандары абзал. Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)бұл жайлы: «Әйелдердің мешітке баруына бөгет болмаңдар. Бірақ үйлері олар үшін мешітке баруларынан да абзал», – деген. Әйел адамның тәкбірде қол көтеруі. Хафиз Нуриддин Хайтамидің баяндауында Уайл ибн Хужра айқындап айтты: «Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ей, Уайл ибн Хужра! Сен намаз оқығанда екі қолыңды құлақтарыңның тұсына көтер, ал әйелдер болса қолдарын көкірек тұсына ғана көтерсін», – деді» (Мажжамаһ аз-Зайд 2-103-бет, Ила ас-Сунан 2-156-бет ). Имам Әбу Бәкір ибн Аби Шайбаһ риуаят етеді: «Абду Роббиһ ибн Заитун Умму Дарданың намаз үстінде қолын йық тұсына дейін көтергенін көрдім», – деді (әл-Мусаннаф ли ибн Аби Шайбаһ 1-239-бет).

Тағы бір риуаятта ибн Аби Шайбаһ айтады: «Атаъадан әйел адам намаз үстінде қолын қалай көтеру керек деп сұралды. Ол – «көкірек тұсына дейін көтеру керек», – деп жауап берді» (әл-Мусаннаф ли ибн Аби Шайбаһ).
Меккеде тұрған кезінде Атаъа (ұлы табиғин және имам) мынадай пәтуа берді: «Хаммад ибн Салама әл-Басри әйел адам намаз үстінде қолдарын көкірек тұсына көтеру керек деп жиі айтатын» (әл-Мусаннаф ли ибн Аби Шайбаһ).

Әйел адамның намазда қол байлауы. Алламаһ Абдул-Хай Лұқнауи былай деп жазған: «Әйелдерге қатысты Ислам фақихтары әйел адам қолын көкірегіне байлау сүннет екеніне бір ауыздан келісті» (Ас-Сия 2-152-бет). Бұл мәселе жайында ижмаъ ғұламалары келіскен. Әйел адамның намазда сәжде қылуы. Маросил кітабында имам Абу Дауд келесі хадисті жеткізген: «Яазид ибн Аби Хабиб куәлік етеді, пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде намаз оқып жатқан екі әйелдің қасынан өтіп бара жатып оларға айтты: «Сендер сәжде қылғанда денелеріңнің жерге тиіп тұруын бақылаңдар, себебі, әйелдің сәж-десі ердің сәждесі сияқты емес» (Маросил Абу Дауд, 118-бет, сол секілді бұл жайында Сунан әл-Кубро алил-Байхақи 2-223-бетінде баян етілген).

Имам Байхақи жеткізген хадисте: «Абдулла ибн Омар риуаят етеді: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйел адам намазда отырғанда бір санын екінші санының үстіне қоюы керек, ал сәжде қылғанда ішін сандарына басу керек, себебі, бұл іс оның қимылдарын жасырын етеді. Ақиқатында оны Алла көріп тұрады және періштелеріне: «Ей, менің періштелерім! Куә болыңдар, мен оны кешірдім», – дейді», – деген» (Ас-сунан әл- Кубро алил-Байхақи 2-223-бет).

Имам Абду Роззақ «Мусаннаф» кітабында мына хадисті жеткізген: «Әли (р.а) айтты: «Әйел сәжде қылған кезде сақтануы қажет және екі санын ішіне тигізіп тұру керек» (әл-Мусаннаф ли Абду Розақ 3-138-бет).
Келесі риуаят Байхақиден жеткен, онда: «Әли (р.а) айтты: «Әйел сәжде қылғанда сандарын бір-біріне тигізу қажет» (Ас-суннан әл-Кубра алил-Байхаки 2-222-бет). Имам Абду Роззақ риуаятында Иброһим айтты: «Әйел адам сәжде қылғанда қолын және ішін екі санына басуға және қол-аяқтарын жазбау мен жамбаста-рын еркектерше көтермеуге бұйы-рылды» (әл-Мусаннаф ли Абду Розақ 3-138-бет). Осы риуаяттарға сүйене отырып, фиқһ ғалымдары төмендегі қағиданы бекітті: «Әйел сәжде қылғанда ішін сандарына басып және денесін жинақы ұстау керек, себебі бұл істер оның жасырын болуына себеп болады» (әл-Һидая, 1-53-бет).

Әйел адамның намазда отыруы. Имам Әбу Ханифаның Муснад кітабында Абдулла ибн Омардан әйелдер пайғам-барымыздың (с.ғ.с.) заманында намазды қалай оқыды деп сұралды. Ол: «Бастапқыда әйелдер тараббуһ отырысында отырды, кейін оларға денелерін жинақы ұстап, бір жағына жантайып, сол жамбасына отыру бұйырылды», – деді (Жамъул Масанид 1-400-бет). Тараббуһ сөзінің мағынасы – бір аяқты екін-ші аяқтың үстіне қойып отыру.

Әбу Бәкір ибн Аби Шайбаһ риуаят етеді, ол ибн Аббастан жетеді: «Әйелдің намазы жайлы сұралғанда ол былай деп жауап берді: «Әйел өз денесін жинақы ұстап, және бір жағына жантая сол жамбасына отыру керек» (әл-Мусаннаф ли ибн Шайбаһ 1-270-бет). Тағы да осы кітапта Ибраһим айтқан: «Әйел намаз оқығанда отырыста еркектің отырысындай отырады». Бұл сөйлемде әйелге солай отыруға рұқсат екенін білдіреді, дегенмен Насруддин Әлбәни бұл сөйлемге өз сөздерін қосып, мағынасын өзгертіп былай деді: «Әйелге намазды ер адам сияқты оқу керек» (Сифату Солатин Набий 207-бет). Сөйлемді бұлайша өзгерту, толық мағынаны өзгертіп, адамды адасуға алып барады.

Осы пәтуалар жөнінде фиқһ ғалымдарының көзқарастары қандай?
Ханафи мәзһабындағы Алламаһ Мұхаммед Амин ибн Абидин әш-Шами айтты: «Әйелге қолдарын йыққа дейін көтеру, жеңдерін қайыру дұрыс емес, ал бірақ, қолдарын бірінің үстіне бірін қойып, көкірегіне басу керек. Рүкүғ қылғанда сәл еңкейеді және қолдарын тізесіне қойғанда саусақтарын ашып, тізесін қапсырмайды, керісінше саусақтарын біріктіріп тізесінің үстіне қояды және тізелерін сәл бүгіп ұстайды. Рүкүғ пен сәждені орындағанда денесін толық жинақы ұстап, шынтақтарын жерге қояды. Ал ташаһудта отырғанда екі ая-ғын жанына шығарып, жамбастап отырады. Егер әйелдерге имам болған кісі намазда қателессе, әйел адам дыбысын шығармастан шапалақ қағады.
Әйел ер адамға имам бола алмайды, ал әйелдерге жамағатпен намаз оқу мәкрүһ. Имамдыққа өткен әйел саптың ортасында, жарты табан мөлшерінде алға шығып тұрады. Ерлер мен әйелдер намаз оқыса, әйелдер артқы жақта тұрады және әйелдерге жұма намаз уәжіп емес, ал егер де баратын болса, мойынынан бесін намазы түсіріледі. Әйел адамға ташриқ күндерінде шығу уәжіп болмайды және таң намазын таң аттыра оқу мұстахаб емес. Дауыстап оқылатын намаздарды дауыстап оқымайды» (Род әл-Мұхтар 1-504 бет және Әл-Бахр ар-Ройық 1-320-бет).

Мұхаммед ибн Мұқатил ханафилер осы пікірде екенін жеткізген. Бурханиддин әл-Марғинани «әл-Һидайа» кітабында осы риуаяттар шыншыл әрі дұрыс деген. Имам Абу Жағфар әт-Тахауи айтты: «Әйелдерге қатысты біздің Ханафи ғалымдары айтады: «Олар үшін ең жақсы отырыстары – олардың ұяттарын сақтайтын отырыс» (Мұхтасар Ихтиләфул Ғуләмә 1-212-бет). Алламаһ Абдулхай әл-Лұқнауи: «Намаздағы әйел адамның қимыл-дарының көбісі ер адамның қимылдарынан өзгеше келеді…», – деген (әс-Сия 2-205-бет).
Сансызбай Құрбанұлы,
ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі