ЕРАСЫЛ ҚАЖЫБАЕВ: «КҮМІС БЕЛБЕУДІҢ» ӨЗІ — МЕН ҮШІН ЖЕҢІС!
Қазақ күресінің дәрежесін биіктетіп, түйе балуандардың мерейін өсіріп жүрген турнирдің бірі әрі бірегейі — «Қазақстан Барысы». Биыл сегізінші рет ұйымдастырылған дүбірлі дода Астана қаласының 20 жылдығына орай 1 шілде — «Ұлттық домбыра күнімен» тұспа-түс өтті. Қазақстанның әр аймағынан және шұғыл түрде жаңадан құрылған Түркістан облысынан да қос-қостан барлығы 37 балуан бозкілемге жиналғанда айтыскер ақын Шымберген Сүлейменовше:
«Жігітке сай боп әр ісі,
Жарасқан айла-әдісі.
Жауырыны жерге тимеген,
Ардақты Алаш арысы!
Бойында қаны қайнаған,
Қазақтың, сендер, Барысы!» — деп өлеңдеткіміз келгені шындық.
Биылғы жарысқа әуелден «Қазақстан Барысы» атағы бар Ұлан Рысқұл, Мұхит Тұрсынов, осы турнирге үзбей қатысып келе жатқан жалғыз балуан Айбек Нұғымаров, былтырғы чемпион Еламан Ерғалиев, сондай-ақ, тәжірибелі күрес шеберлері Руслан Әбдіразақов, Айбат Сейтендермен бірге жаңа әрі «Жас Барыстар» да қатысты. Тіпті, жартылай финалға дейін кімнің топ жаруы мүмкін екенін ешкім болжай алмады. Өйткені кемінде жартылай финалға жетуі тиіс фавориттердің көбі жарыс жолынан шығып кеткен-ді. Сонымен бірге, биыл алғаш рет қатысып отырса да әрі салмағының жеңіл болғанына қарамастан бел кеткенше күрескен жас батырлардың жігеріне «Барыс Аренаға» жиналған көпшілік тәнті болды. Мәселен, 90 келі салмақтағы ақтөбелік Еламан Қойшыбаев 1/8 финалда былтырғы «Қазақстан Барысы» Еламан Ерғалиевпен күресіп, финалға бергісіз жекпе-жек өткізді. Өзінен 55 келіге ауыр Е.Ерғалиев батыстан келген аттасын оңай жеңеді деп ойлағанбыз. Десе де, қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп, жекпе-жектерін көбінесе таза жеңіспен аяқтауға үйреніп қалған Е.Ерғалиев Е.Қойшыбаевтан ұпай саны жөнінен басым түсті. Ол ширек финалда жарыстың салмағы ең ауыр қатысушысы шығысқазақстандық Ерасыл Қажыбаевпен кездесіп, аталмыш турнирдегі ұзаққа созылған жекпе-жекке куә болдық. Бес минутта бірін-бірі ала алмаған «Қабанбай» мен «Қаратамыр» жеңімпазды қоян-қолтық белдесуде анықтады. Онда да бір-бірін аңдып тұрған қос апайтөс бірер минут шабуылдамады. Сөйтіп, шеңберден шығарып жіберуге әрекет жасаған екеуінен Еламанның бабы келіссе де, бағы жанбады.
Ал жартылай финалда Е.Қажыбаев салмағы өзінен 61 келіге жеңіл Түркістан облысының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаровпен белдесіп, ширек финалдағы жарақаты салдарынан қайта-қайта дәрігерлердің көмегіне жүгінген-ді. Дегенмен, жылдам қозғалып, әдіс жасауға кіріскен Ерсұлтанды сан мәрте тізерлеткен Е.Қажыбаев ұпай санымен финалға жолдама алды. Сонымен қатар, өте тәжірибелі балуандар Айбек Нұғымаров пен Ержан Шынкеевтің жартылай финалдағы белдесулері өте тартысты өтті. Әйтсе де, осы турнирдегі бірінші жекпе-жегінен бастап қарсыластарын бірден алып ұрған қарағандылық Е.Шынкеев соңғы минутта Айбекті өз әдісіне түсіріп, жеңіске жетті. Үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте де Е.Мұзаппаров барын салды. Дегенмен, рухы мықты балуанға салмақ жетпеді. 140 келі салмағы бар Айбекті қалай тартса да шамасы жетпеген Ерсұлтан қола белбеуден де құр қалды. Ерекше айта кететіні, жеңіске деген жігерін көрсеткен Е.Мұзаппаров атымтай жомарттардың сыйлаған автокөлігін мініп қайтты.
Екінші жекпе-жегіне жарақатпен шыққан Е.Қажыбаевтың финалда Ержан Шынкеевті жеңетініне өзге тұрмақ өзі де сенбеген болуы керек. «Қазақстан Барысы» атанып, «Алтын белбеу», алтын жалатылған Тайтұяқ және 25 миллион теңгені иеленген қарағандылық Е.Шынкеевке финалда ғана жол берген Ерасыл Қажыбаевпен қысқаша сұхбаттасқан едік.
— Ерасыл, финалда жеңілсеңіз де өкінген кейіп танытпадыңыз. Бұл қанағатшылдық па, әлде…
— Кез келген балуан жарысқа тек жеңу үшін келеді. Еламанмен өткен жекпе-жекте иықтан жарақат алуыма байланысты финалда өзімді 100% көрсете алмадым. Биыл алғаш рет қатысып отырған турнир болғандықтан «Күміс белбеудің» өзі зор жетістік деп ойлаймын.
— Еламанмен өткен жекпе-жектің тартысты өткеніне бәріміз куәміз. Жеңем деген ой болды ма?
— Еламан Ерғалиевтің осал қарсылас еместігін жақсы білемін. Екеуміз де «Әскер Барысы» болғандықтан онымен бұған дейін де бірнеше рет жолымыз түйіскен. Жас та болса «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алған Еламанмен жекпе-жектің оңайға соқпайтынын түсіндік. Десе де, алға қойған мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Өйткені, есіңізде болса сол жекпе-жекте Еламан екі рет алға шығып, мен екі рет ұпайымызды теңестірдім. Ал қоян-қолтық белдесуде менің жолым болды.
— Жарақатыңыздың ауыр екені айтпаса да түсінікті. Бір айдан кейін Азия ойындары өтпек. Оған дейін емделіп әрі дайындалып үлгересіз бе?
— Алла қаласа әлі уақыт бар. Оған дейін емделіп, дайындық жаттығуларын жасап үлгеремін деп ойлаймын.
— «Қазақстан Барысы-2018» турниріндегі салмағы ең ауыр балуансыз. 151 келіні «көтеріп» жүру қаншалықты қиын?
— Қалай айтсам екен… Бұл салмаққа да үйрендім. Осы салмақты ұстай жүріп, жаттығу жасап дайындалып жүрмін. Бастысы, салмағым өзіме ыңғайлы, күресуге қолайлы. Оның үстіне ҚР Қарулы Күштерінің спорт ротасында жауынгер болғандықтан физикалық дайындығымыз өте жақсы.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Дайындаған — Ермұрат НАЗАРҰЛЫ
Суреттерді түсірген — Жеңіс ЫСҚАБАЙ kazakhstanbarysy.kz