Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар нысандардың жай-күйімен танысты

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс кестесінен тыс, таңертеңгі уақытта Тараз қаласы №1 аумақтық округіндегі бірқатар нысандарды жаяу аралап, жай-күйімен танысты.

Аймақ басшысы алдымен Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйіне ат басын бұрды.

1997 жылы пайдалануға берілген үш қабатты нысанның биыл сыртқы бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Ғимараттың бірінші қабатында Қазақстанның Халық әртісі А.Әшімовтың шығармашылық орталығы, 300 орындық көрермен залы, фойе, дыбыс жазу студиясы, үйірме бөлмелері, екінші қабатында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық мәдениет үйінің әкімшілік кабинеттері және би залы, үшінші қабатта бөлімге қарасты орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №6 электрондық кітапхана және Оңтүстік өңірлік әскери округінің үрмелі аспапты оркестрінің ұжымы орналасқан. Жалпы 57 адам қызмет ететін мекемеде шығармашылық мамандардың саны – 38.

Облыс әкімі Мәдениет үйінің ішкі бөлігін де ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша жауаптыларға тапсырма берді.

Бұдан соң Ербол Қарашөкеев №7 мектеп гимназиясын, «Konaev smart school» интеллектуалды бастауыш мектебін, тұрғын үйлердің аулаларын аралап, тексерді. Аулаларда балалар ойын алаңшасын арттыруға қатысты мәселе көтерілді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Ниетқалиев көшесі, №116, 116 «А» мекенжайындағы бос жатқан жер телімдерін, Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы көпірді көріп, жағдайымен танысты.

Жер телімінің бей-берекетсіз қоқыс орнына айналғанын көрген облыс әкімі тиісті тұлғаларға оны реттеу, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, айналасын қоршау бойынша міндеттер жүктеді.

Ал, Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы апатты жағдайдағы көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстарын тезірек бастау керектігін баса айтты.

Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы – облыстың орталығы, аймақтың айнасы екендігіне назар аудартып, шаһардың шырайын арттырумен қатар, қордаланған өзекті мәселелерін де шешуге айрықша көңіл бөлінетіндігін атап өтті.

Осы тұрғыда, аймақ басшысының жұмыс уақытынан тыс таңғы сағат 7:30 бен 9:00-ге дейінгі уақыт аралығында Тараз қаласын аралаулары, мәселелермен жіті танысуы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.

 

Жамбыл облысы әкімдігі